05 Ақпан, 2010

КИОТО КОНВЕНЦИЯСЫНА НЕГІЗДЕЛГЕН КОДЕКС

1323 рет
көрсетілді
37 мин
оқу үшін
Оқшауланғанды опық жегізе­тін мынау жаппай жаһандану заманында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев экономикалық интег­ра­цияға балама жоқ екендігін өзінің өміршең бастамаларымен барлық биік-биік халықаралық мінберлерден барынша дәлелдеп келеді. Тұңғыш Президентіміз таң­дауынан таймайтын табанды­лығын тағы да төрткүл дүниеге паш етіп, Қазақстан халқына арнаған “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақ­стан­­­ның жаңа мүмкіндіктері” ат­ты биылғы Жолдауында инте­гра­­ция­лық үдерістерге ерекше маңыз беріп өтті. “Қазақстан ТМД-дағы интеграциялық үдерістердің белсенді қатысушысы болып та­былады. 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген Ресеймен және Беларусьпен Кеден одағы­ның құрылуы – бұл қазақстандық барлық интеграциялық бастама­лардың серіппелілігі.”,–деп атап көрсетілген Жолдауда. Иә, 2006 жылдың 16 тамызын­д­а өткен ЕурАзЭҚ-тың мемлекет басшыларының ресми емес басқо­суында Қазақстан Республика­сының Президенті Нұрсұлтан На­зарбаевтың ұсынысымен Еур­АзЭҚ шеңберінде кедендік одақ құру туралы шешім қабылданды. Ал 2009 жылдың 27 қарашасында Минск қаласында Беларусь, Қа­зақ­стан және Ресей мемлекетте­рінің басшылары Кедендік одақ­тың Кеден кодексі туралы келісімге қол қойды. Бұрын-соңды экономикалық интеграция құрылымдарында баламасы бол­ма­ған бұл тарихи құжат Қазақстан Республикасының жетекшілігімен жүзеге асырылды. Бұдан бұрын газетімізде жарық көрген мақала­ларда біз 2010 жылдың 1 қаңтары­нан бастап жұмыс істеп жатқан Кедендік одақтың Бірыңғай ке­ден­­дік тарифі, Кедендік одақ ко­мис­­сиясы және кедендік тарифтік және тарифтік емес реттеулер ха­қын­да тілге тиек еткен едік. Енді үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енетін Кеден кодексінің кейбір ерекшеліктеріне жан-жақты тоқталмақпыз. Біздің еліміздің жетекшілігімен жүзеге асырылған Кеден кодексі­нің негізіне халықаралық кедендік қатынастарды реттейтін және үй­лес­тіретін Киото конвенция­сы­ның ережелері алынған. Ескерте кететін бір жай, Кедендік одақ құрамына кірген үш мемлекеттің ішінде бүгінгі күнге дейін Киото конвенциясына кірген жалғыз Қазақстан ғана. Сонымен құры­лымы 8 бөлімнен, 50 тараудан және 372 баптан тұратын жаңа кодекстің басты мақсаты – Ке­ден­дік одақ шеңберінде бірыңғай кедендік кеңістік қалыптастыру, одақ аумағында транзит үшін ортақ ахуал жасап, кедендік тір­кеулер мен кедендік бақылаулар­дың күшін жою. Сөз жоқ, өте игілікті іс. Ал енді оны нақты іс жүзіне асыру оңай шаруа емес. Осы уақыт­қа дейін тәуелсіз үш мелекет өздерінің сыртқы әлеммен кедендік қатынастарын жеке-жеке жүргізіп келді. Соған байланысты үш мемлекеттің кедендік заңдары да әралуан. Міне, 1 шілдеде күші­не енетін жаңа кодекстің негізгі мақсаты да Киото конвенциясы ережелеріне сүйене отырып, Беларусь, Қазақстан және Ресей мемлекеттерінің кедендік заңда­рына ортақ кедендік қатынастар ережелерін енгізу болып табылады. Сонымен бірге кедендік рет­теулер саласында жаңа кодекстің реттейтін негізгі мақсаттары мыналар: – Кедендік одақтың Бірыңғай кедендік аумағы ұғымын енгізу; – Кедендік одақтың бүкіл аумағында бірыңғай транзиттік ахуал қалыптастыру; – Кедендік одаққа мүше-мемлекеттер аумағында шығарыл­ған және Кедендік одаққа мүше-мемлекеттердің бірыңғай кедендік аумағында еркін тұтыну үшін шығарылған шетелдік тауарларға кедендік тіркеулерді және кедендік бақылауларды жою; – арнайы жеңілдіктерді енгізе алатын операторлар институты өкілеттігін, сонымен бірге декла­ранттар мүддесі шеңберінде кейбір кедендік операцияларды енгізу құқығы берілген кедендік өкіл ұғымын енгізу; – кедендік бақылаулар жүр­гіз­ген кезде әкімшілік және қыл­мыстық тәртіп бұзушылық болып санал­­май­тын кейбір тауарлар мен құ­жат­тарды тәркілеу туралы Қа­зақстан мен Ресей үшін жаңалық болып табылатын ережелерді енгізу; – лицензиялауды жою және кедендік іс саласында қызмет атқаратын тұлғаларды реестрлерге тіркеу туралы Беларусь пен Қазақстан үшін жаңалық болып саналатын ережелерді енгізу. Кедендік одақтың кедендік аумағын малдарға жұқпалы ауру тарататын індеттерден қорғау, оның ішінде адамдарға да, малға да қауіп­ті малдәрігерлік-санитарлық та­лаптарға сай келмейтін тауарлар мен өнімдерге тосқауыл қою, соны­мен бірге карантиндік нысан­дарды енгізу мен таратудан қорғау және олардың салдарынан болған шығындарды шектеу мақсатында Кедендік одақтың малдәрігерлік-санитарлық келісімі және Кедендік одақтың өсімдіктер карантині туралы келісімі қабылданды. 2010 жылдың бірінші жарты­жылдығында тараптар Кедендік одақтың малдәрігерлік және фито­санитарлық қауіпсіздігін қамтама­сыз ететін бірыңғай жүйе қалыптас­тыруға және малдәрігерлік-сани­тарлық, карантиндік фитосани­тарлық талаптар мен шараларды қолдану саласында келісілген саясат жүргізуге мүмкіндік беретін бірқатар қосымша нормативтік- құқықтық актілер қабылдауы қажет. Санитарлық және фитоса­ни­тарлық шаралар жүргізудің бірыңғай жүйесін жасау: – Кедендік одақ аумағына үшінші бір мемлекет тарапынан карантиндік нысандардың және малға жұғатын әртүрлі індеттердің кіріп кетпеуі үшін малдәрігерлік және фитосанитарлық салада бір­лескен тиімді шаралар қолдануға; – кеден аумағына әкелінетін тауарларға бірыңғай малдәрігерлік-санитарлық, фитосанитарлық шаралар мен тәртіп қолдануға қолайлы мүмкіндіктер туғызады. Сондай-ақ, Кедендік одақ аума­ғына өсімдік карантині саласында­ғы заңдылықтарға сәйкес келмейтін карантинді өнімдердің кіруіне шектеу қою жөніндегі ақпараттар мен фитосанитарлық құжаттардың дәл қай уақытта берілгендігі жөніндегі ақпараттармен алмасып отыратын бірыңғай ақпараттық жүйе қалыптастырылады және іс жүзіне асырылады. Кедендік одаққа мүше мемле­кет­тер үшін алдағы уақытта өзара және сырт елдермен сауда қатынас­тарын бүгінгі халықаралық озық дәстүрлер деңгейінде реттеудің маңызы зор. Бұл ретте анық та айқын ақпараттық жүйенің болуы ауадай қажет. “Ақпаратты меңгер­ген әлемді билейді” деген қанатты тұжырымды қаперге алатын болсақ, Кедендік одақ шеңберінде әлемдік сауда саласында болып жатқан жаңалықтар мен өзгерістерден дер кезінде хабардар етіп отыратын толыққанды ақпараттық жүйе қа­лыптасуы керек. Осыған байла­нысты Кедендік одақ шеңберінде сыртқы және өзара сауда қатынас­тарының интеграцияланған ақпа­раттық жүйесін құру жоспарланып отыр. Әлемдік сауда жүйесіне кі­рігудің маңыздылығын Президен­тіміз биылғы Жолдауында да атап көрсетті. “ТМД-дағы өңірлік эко­но­микалық бірлестіктерге қолдау білдіре отырып, Үкімет Қазақстан­ның экономикалық даму баспал­дақтарына сай келетін жағдайларда Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіру үдерісін жандандыруы тиіс.”, деп атап көрсетілген Жолдауда. Интеграцияланған ақпараттық жүйені құрудың басты мақсаты, Кедендік одақтың кедендік аума­ғында сыртқы және өзара сауда қатынастарын тиімді реттеу және жүйелі түрде мониторинг жасап отыру болып табылады. Осы жүйені қалыптастыру үшін арнайы экспорттық топ құрылып, арнайы тұжырымдама дайындау міндеті қолға алынды. Бұл топтың басшы­лығымен мынандай келісімдер жасалуда: 1.Кедендік одақтың сыртқы және өзара сауда қатынастарының интеграцияланған ақпараттық жүйесін құру жұмысын қалыптас­тыру және дамыту туралы келісім. 2. Еуразиялық экономикалық қауымдастық шеңберінде Кедендік одақтың кедендік аумағындағы сыртқы және өзара сауда қатынас­та­ры жөніндегі электронды құжат­тармен алмасқан кезде ақпараттық технологияларды пайдалану туралы келісім. Қазіргі кезде бұл келісімдер Кедендік одаққа мүше-мемлекет­тер­дің тиісті органдарында талқылаудан өткізілуде. Міне, биылғы жылдан бастап Беларусь, Қазақстан және Ресей мемлекеттері экономикалық интеграцияланудың жаңа үлгісі – Кедендік одақ құрамында өмір сүре бастады. Жаңа экономикалық құрылымның басты артықшылығы үш мемлекеттің тауар өндірушілері Кедендік одақтың кедендік аума­ғындағы өзара сауда қатынастары арқылы бәсекелестіктерін шың­дап, бүгінгі жаһандану дәуіріндегі әлемдік қатал бәсекелестікке қарсы тұру болмақ. Әрине, бұл оңай шағылатын жаңғақ емес екендігі бел­гілі. Сондықтан Кедендік одаққа мүше мемлекеттердің тауар өндірушілеріне кедендік аумақтағы ортақ рынокта бәсекелестіктерін шыңдауға жол ашылды. Осы ортақ рынокта жүзден жүйрік шыққандар әлемдік сауда рыногының қатпа­рына түрен салмақ. Нақ осы мақ­саттарда оларға Қазақстан Респуб­ликасының басшылығымен өмірге келген Киото конвенциясының негізіндегі Кедендік одақтың жаңа Кеден кодексі көмекке келеді. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ. ОТАНДЫҚ ӨНІМДЕРГЕ ТАПСЫРЫСТАР КӨБЕЮДЕ Жергілікті жерде өндірілетін өнімдердегі қазақстандық үлесті арттыру Елбасы тарапы­нан  қойылып отырған нақты міндеттердің бірі. Қазақстандық үлеске назар аударып, осы бағытқа сай жұмыс жасау бұрын шетелдік импорттарға ғана таңдау жасап келген ірі холдингтер мен ұлттық компаниялардың бет­терін бері қаратып, дәл қастарындағы отандық тауар өндірушілерді де таныта бастады. Өткен жылы  қараша айында облысқа жұмыс сапарымен келген Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің қатысуымен “Қазақстандық мазмұн: инновация арқылы өсу” тақырыбында отандық тауар өндірушілердің аймақтық форумы өтті. Форум барысында 2010 жылы еліміздегі ұлттық компаниялар мен ірі кәсіпорындар басшылары 97,4 млрд теңгенің өнімдері мен қызметтерін сатып алу жөнінде екі  жақты  бірнеше меморандумдарға қол қойды. Бұдан бұрын да Ел­басының қа­тысуымен Шы­ғыс Қа­зақ­стан облы­сының орта­лығы Өске­мен қаласын­да инвести­ция­лық фо­рум  өткізілді. Осы форум­ның аясында қазақстандық үлесті дамыту жолына  ден қойған бірқатар кәсіпорындар өзара ынтымақтастық жөніндегі екі  жақты келісімдерге қол жеткізген болатын. Облыс­тағы “KSP SteІІ” кәсіпорны мен “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясы арасында темір жол бойына керекті балкалар мен рельстер шығару үшін келісімдерге қол қойылды. Ал, қазір осы меморандум бекіткен құжат барысында бұл жұмыстардың тех­никалық-өндірістік дайындық жобалары пысықталып, қаржылық реттілік мәселелері жалғасуда. Енді екі жылдан кейін облыстағы жаңа зауыттан алғашқы қазақстандық  шойын жол рельстерін жасайтын жаңа өндіріс іске қосылады. Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев жоғарыда аталған форумда сөйлеген сөзінде  қазақстандық үлесті арттыру жолында облыста алдағы уақытта бірқатар шаралар жолға қойылатынын айтып өткен еді. Өткен аптада облыс әкімінің орынбасары А. Вер­бняк­тың төрағалық етуімен арнайы кеңес болып өтті. Яғни, жергілікті тауарлар мен қызметтерді сатып алу барысы қандай дәрежеде жүріп жатқандығын анықтау мақсатын көздейтін отырыстың болатыны жөнінде алдын-ала бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарланды. Есік ашық. Яғни, ірі компаниялар мен  өндіріс орында­рына өздері шығарған тауарлары  мен қызметтерін ұсынғысы келетін кәсіпкерлердің келіп қатыса берулеріне болады. Отандық үлестің өркендеуіне үлкенді-кішілі  өндіріс орындарының бәрі де мүдделі. Жиында  негізінен  “Екібастұз ГРЭС-1” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, “Екі­бастұз ГРЭС-2 стансасы” акционерлік қоғамы, “Майкөбен-Вест” серіктестігінің басшылары келіп, биылғы жылғы қазақ­стандық үлесте сатып алынатын өнімдері мен қызметтері туралы мәліметтер берді. Бұған дейін, яғни, Еуразиялық табиғи ресурстар корпорациясына – ENRC тобына қарайтын “Қазақстан алюминийі”, “Қазақстан электролиз зауыты”, “Еуразиялық энергетика­лық корпорациясы” акционерлік қоғамдары, сонымен қатар, Екібастұздағы “Богатырь Көмір” жауап­кершілігі шектеулі серіктестігі, “Павлодар мұнай-химия зауыты” “Казэнер­гокабель”, “Павлодарэнерго” акционерлік қоғамдарының басшылары  қатысып, өздері басқарып отырған ірі өндіріс орындарының биылғы жылы сатып алатын өнімдері мен қызметтерінің тізбесін жариялаған болатын. Дағдарыстан  дағдарып қалған компаниялар­дың қарқындары былтырғыға қарағанда биыл ширақ, қабылдаған инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға кірісіп кетіпті. Бұл қазақ­стандық үлеске де әсерін тигізіп, биыл сатып алынатын тауарлар мен қызметтердің көлемін көбейтеді деген сөз. Бәрімізге белгілі, “Екібастұз ГРЭС-1” стансасының  қожайыны бұрын америкалық инвестор болса, бұл күндері станса “Қазақмыс” корпорациясы құрамына енді. Стансаның атқарушы дирек­торы  Дулат Дүйсенғалиевтің айтқанындай,  кәсіпорын өткен жылы 10 млрд, 671 миллион теңгеге жергілікті жердің өнімдері мен қызмет­терін сатып алыпты. Жөндеу жұмыстарының да ауқымы үлкен болған екен. Стансаның алдында қазір екі бірдей инвестициялық жобаны іске асыру мақсаты тұр. Ал, қазақстандық үлеске бағаланған биылғы жылғы меже –12 млрд. 800 миллион теңгені құрап отыр. Мұның ішінде 9,5 млрд. теңгеге көмір сатып алынады. Жанар-жағармай өнімдері 500 миллион теңгеге алынады. Ал, Екібастұздағы екінші бір алып станса – ГРЭС-2 болса, акционерлік қоғамның басқарма төрағасы А. Герасименконың баяндағанындай, өңірдегі өндіріс орындарымен бірлесе отырып қазақстандық үлеске қатыса алатындарын жеткізді. Биылдан бастап айтыла-айтыла жауыр болған стансадағы  №3  энергоблоктың құрылысы басталып, қарқынды жүргізіледі деген үміт бар. Жан-жақтан қаптап  үлкенді-кішілі өндіріс орындары ашылған сайын, электр энергиясына деген сұраныстың артатыны айтпаса да түсінікті. Бұл тіпті бүкіл еліміз үшін де маңызды жоба болғанымен, өндірісі саналуан Екібастұздың бір өзі үшін де қаншалықты маңызы бар жоба екені белгілі. Бұл мәселе  күні кеше ғана Елбасы Жолдауын­да аталып өтті. №3 энергоблоктың жобасының жалпы құны 800 миллион АҚШ доллары тұрады. Маңызды жобаның құрылысын бастауға Еуразиялық банк пен ресейлік “Меж­экономбанктің”  коммерциялық қаржысы  яғни, 100 миллион АҚШ доллары осы жылы іске асырылып, игеріледі. Келесі бір көмір кеніне бай өндіріс орны – “Майкөбен Вест” деп аталады. Өткен жылы  бұл компания қа­зақ­стандық үлес бағытында жергілікті кәсіп­орындарға 1,5 млрд теңгенің көлемінде тапсы­рыс жасапты. Компанияның өндіріс көлемінің ұлғаюына орай, биылғы меже де биік көрінеді. Фарида БЫҚАЙ, Павлодар облысы. “КОНДЕНСАТТЫҢ” ӨРІСТІ ЖОЛЫ Ақ Жайық өңіріндегі “Кон­денсат” компаниялар тобының атақ-даңқы Батыс Қазақстан облысында ғана емес, елімізде және одан тысқары жерлерде де кеңінен мәлім. Орал өңіріндегі ша­руасы өрге басқан, орнықты дамып отырған осынау компания бизнесті жаңа технологиямен шебер қиюластырып, өркениетті жүргізудің өзіндік жолын тапқан табысты кәсіпорындардың ара­сында құрметпен аталады. Талай сүрлеу-соқпақтан өтіп, кедергілерді еңсеріп, дамудың даңғыл жолына түскен, бүгінде аймақтағы мұнай-газ кластерінің алғашқы қарлығашы болған  оның қалыптасуы оңайға түскен жоқ. Сонау 1992 жылы консор­циум өз тарихының бастауында тұрған кезінде бәрі басқаша болған еді. Бір ғана адамның – қазіргі компаниялар тобының басшысы  Валерий Кенжеғалиұлы Жүнісовтің таудай талабы мен табандылығынан басқа қолында қарманар ештеңесі болған жоқ. Барлығы кішкентай ғана ша­ғын тоннажды МТУ-400 зауытын құрудан басталды. Алғашқы кезде ойға алған ондаған модульдерді құ­бырларға қосып, өндіріс құру­дың машақаты шындап келгенде алынбас қамалға айналды. Ең алдымен инвесторлар іздестіруге қаншама уақыт кетті. Бүгінде ғой, Қарашығанақ кеніші деп аталатын отандық мұнай күлшесінен үлес алып қалмаққа ұмтылғандарда есеп жоқ. Ал ол кезде оған жана­судың өзіне тұтастай екі жыл кет­ті. Басқа біреу болса, әлдеқашан қолын сілтеп, жайына кетер еді. Бірақ Ленинград су көлігі инсти­ту­тының түлегі, теңізшілер әу­летінен шыққан Жүнісов қиын­шы­лыққа оңай шағыла қоймай­тын өршіл де қайсар жігіт бола­тын.  Бұған дейін Орал өзен кеме­сі кәсіпорнында, облыстық партия комитетінде, Қазақ КСР Мұнай өнімдері комитетінің облыстық басқармасында  басшылық қыз­мет­тің мол тәжірибесінен өткен Валерий Кенжеғалиұлының туған қаласында да беделі жоғары болатын. КОКП тарқар алдында өткен қалалық партия конферен­циясы естен кетпейді. Демократия самалы есіп, жариялылықпен желденген делегаттар 1990 жылғы сәуірде конференцияны қиқуға айналдырып, екі күнге ұластыр­ған. Онда қалалық партия комите­тінің бірінші хатшылығы лауазы­мына облыстық партия комитеті­нің шенеуніктері ұсынған канди­датура өтпей қалып, В.Жүнісов ба­ла­малы негізде сайланып, партияның 27-інші съезіне делегат болғаны бар. Бұл өз алдына бөлек әңгіме. – 1994 жылы біздің инвес­торлар іздестірген екі жылдық ең­бегімізді Ә.Қажыгелдин үкіметінің бұрынғы министрлер кабинетінің міндеттемелерін мойныма ала алмаймын деген мәлімдемесі одан сайын қиындата түсті, – деп еске алады Валерий Кежеғалиұлы. – Шетелдік несие берушілердің қазақстандық жобаларға сенімі шатқаяқтады. Дегенмен, Үкімет мүшелерінің ол сенімді қалпына келтіруге ұмтылысын атап өту қажет. Үкімет біздің жобамызға және командамызға сенім білдірді және алашақ несиемізге мемлекет кепілдігін беруге келісті. Бұл нағыз шешуші фактор болды. Екі жылдың ішінде 150-ден астам келіссөздер мен кездесулер өткізілді, ал Жүнісовтің өзі осы кезеңде 500 күндей уақыт іссапарларда жүрді. 1998 жылы шағын тоннажды зауыт пайдалануға берілгеннен кейін экологиялық көрсеткіштерді жақсарта түсетін және өнім сапа­сын арттыратын жобалардың тұтас сериясын іске асырудың сәті түсті. Олардың арасында таза фрак­цияны меркаптан қосылыс­тарынан тазарту, Ақсай қаласын­дағы мұнай базасында мұнай өнімдері буының ауаға таралуын болдырмау және тазарту жобалары жүзеге асырылды. Консорциум­ның 15 жылдық мерейтойы жы­лында босқа жанып тұрған газ алауын пайдаға асыру және зауыттың қуатын жылына 600 мың тоннаға дейін шикізат өңдеу­ге ұлғайту жобалары аяқталды. Бүгінде мұнай өнімдерін тереңдете өңдеу және оның сапасын еуропа­лық стандарттарға жеткізу мәсе­лелері қолға алынуда. 1997 жылғы 8 қыркүйек ұжым өміріндегі елеулі күн болды. “Конденсат” АҚ шағын тоннажды зауытының құрылысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев болды. Н.Ә.Назарбаев технологиялық жабдықтың іске қосу түймесін басып зауытта іске қосу-реттеу жұмыстарының басталғанын паш етті. Мемлекет басшысы сонда жұмыс сапасына және жергілікті кәсіпкерлік бастамаларына жоғары баға берген болатын. Қарашығанақтың даму келешегі жайлы  журналистерге түсініктеме бере келіп, ол: “Біздің жігіттер ешкімнің көмегінсіз зауыт сала білді. Шетелдіктер бұдан үлгі алуы тиіс”, деген еді. Зауыт іске қосылғаннан кейін оның құрамында тұрақсыз газ конденсатын жылына 400 мың тон­наға дейін айдайтын қондыр­ғы, химиялық талдау зертханасы, технологиялық бу және су жылы­ту қазандықтары, айдалатын мұ­най қалдығын құятын сыйым­дылығы 4000 текше метрлік автоцистерна мен сорғы стансасы аралық резервуар паркі болды. Диаметрі 159 мм. және ұзындығы 32 киломтерлік қос түтікті Қара­шығанақ-Ақсай мұнай құбыры Ақсай қаласындағы мұнай база­сын ашық және қоңыр түсті мұ­най өнімдерін құятын сыйым­дылығы 12 мың шаршы метрлік резервуармен жалғастырады. Оның қуаты тәулігіне 2000 тоннаға дейін өнімдер жөнелтуге мүмкіндік береді. Мұнай база­сында өнімдерді қабылдау, құю, сақтау және жіберу темір жол арқылы да, автомобиль көлігімен де жүзеге асырылады. 2009 жылы ұжым өз қызметі­нің 17 жылдығын атап өтті. Бұл жыл­дың басты міндеті газды жел­дету және тұрақтандыру жобасын жүзеге асыру болды. 2008 жылы мұнымен қатар кәсіпорын маман­дары зауыттың қуатын жылына 600 мың тоннаға дейін шикізат өңдеуге ұлғайту шараларын ойдағыдай атқарып шықты. Бұдан басқа осы жылы мұнай өнімдерін сақтаудың аралық паркінде мұнай өнімдері шығарындыларының ауаға таралуына жол бермейтін тұтқыш-қондырғы жобасы іске қосылды. 2009 жылы “Конденсат” АҚ су қорларын тиімді пайдалану және қорғау мақсатында өндіріс­тік-жаңбыр ағынды суларын та­зарту жүйесін жаңартып, тазар­тыл­ған суды шаруашылық мақсат­тарына пайдаланудың оңтайлы жолдарын таба білді. Ағынды суларды жоғары дәрежеде тазарту биологиялық және мембранды тарту технологиясын пайдалану арқылы жүзеге асырылады. “Natіonal Busness” журналы­ның жыл сайынғы рейтингінің қорытындысы бойынша “Кон­ден­сат” АҚ соңғы алты жыл бойы өткізілген өнім көлемі бойынша Қазақстанның жүздеген ірі ком­паниялары тізімінің бел орта­сында келеді. Соңғы үш жылда тауарлы өнімдерді өткізудің орта­ша жылдық көлемі 22,9 миллиард теңгеге жетті, ал осы кезеңде 6,1 миллиард теңге көлемінде салық түсімдері бюджет қоржынына құйылды. “Конденсат” АҚ-тың алдағы жоспарлары мен жобалары кәсіп­орынды техникалық және қайта жарақтандыру және жаңғырту, өнім сапасын одан әрі жақсарту, сондай-ақ Ақсай қаласындағы экологиялық жағдайды жақсарту шараларымен байланысты болмақ. Таяу уақыттарда акционерлік қо­ғам зауыттың екінші кезегін іске қосуды көздеп отыр. Ол екі кезеңнен тұрады. Компания оның алғашқы кезеңін қазірдің өзінде орындап үлгерді. Екінші кезең де аяқталу қарсаңында. Бұл жобаны жүзеге асыру кәсіпорынның Қазақстанда алғашқылардың бірі болып алдымен Еуро-2, ал кейіннен Еуро-4 стандарттарына сәйкес бензин мен дизель отынын өндіруіне мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда жобаның алдын ала бас жоспары жасалды және оны орындап шығудың оңтайлы технологиялық шешімдері және оны жүзеге асыратын әріптестер іздестірілуде. Жоба 2011 жылы аяқталмақ.  “Конден­сат” АҚ жүр­­гізіп отырған әлеуметтік саясат та құрметке лайық. Бизнестің әлеу­меттік жауапкершілігі – “Кон­ден­сат” компаниялар тобы кеңесінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты В.Жүнісовтің әрқашанда баса назар аударып отырған өзекті шаруасы. Консорциумда қызмет­керлерді ынталандыру үшін үш дәрежелі ескерткіш төсбелгі та­ғайындалған, онымен компанияда 5, 10, 15 жыл еңбек еткен адамдар марапатталады. Ардагерлерге қо­сым­ша демалыстар беріледі және еңбекақыларына жыл сайынғы үстемеақы қосылады. Қызметкер­лердің балаларын оқытуды қаржы­ландыруға дейін басқа да бірқатар жеңілдіктер көзделген. Компания жетім балаларға, соғыс және еңбек ардагерлеріне, балалар үйіне, орта мектептерге және басқаларына үнемі қол ұшын беріп отырады. Кәсіпорында 1999 жылдан бері Орал еңбек акаде­миясы және әлеуметтік қатынас­тар академиясының үш таңдаулы студентіне атаулы стипендия тағайындалған, сондай-ақ Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің үш таңдаулы студентінің оқу ақысын төлеп отырады. “Конденсат” компания­лар тобы Орал қаласы мен Бөрлі ауданының 13 мектебін шепке алып, жыл сайын “Таңдаулы мұғалім” және “Таңдаулы оқушы” сыйлығын белгілеп отыр. Осы мек­тептерге жыл сайын материал­дық-техникалық базаларын да­мытуға қаржылық қолдау көрсе­тілуде. Оның үстіне “Конденсат” компаниялар тобы көп жылдардан бері ҚР Ұлттық лигасында өнер көрсетіп жүрген өзі аттас облыс­тық волейбол командасының бас демеушісі болып келеді. Тұтастай алғанда “Конденсат” 2008-2009 жылдарда әлеуметтік инфрақұры­лымды дамытуға, халыққа және қо­ғамдық бірлестіктерге қайы­рым­дылық және демеушілік көмегін беру шараларына 286 миллион теңгеден астам қаржы жұмсады. Міне, осынау жа­сампаз істердің бас­тауында кеңінен толғайтын сараб­дал азамат, білік­ті басшы Валерий Жүнісов тұр. Марат ЖАНДОСОВ. ЖҮН ӨҢДЕУ ФАБРИКАСЫ ЖАНДАНБАҚ “ПОШ Тараз фабрикасы” ЖШС жылына 2,5 мың тонна  жуылмаған жүн өңдеп, одан мың тонна топс шығарып отыр. “Топс” деп жіпке дайындалған шикізатты айтады. “ҚазАгро”-дан 1 миллиард теңге несие алған кәсіпорын бүгінгі күні Франциядан 450 миллион теңгеге жаңа, 550 миллион теңгеге қосымша жабдықтар алыпты. Облыстағы жеке шаруалардан 300 тонаға дейін жүн сатып алуға қаржылық әлеуеттері жетеді екен. Қазір жүннің бағасы - 170 теңге. Оған 130 теңге дотацияны қосқанда шығатын баға - 332 теңге. Жақында фабрикада жаңа цех іске қосылмақ. Бұл үшін “Агрокор­по­рациядан” қомақты қаржы бө­лін­ген. Бірақ кәсіпорын ол қар­жыға қарап қол қусырып отырған жоқ. Өз қаржысына 6 жүн өңдейтін қондырғы қоймақшы. Сонда топс, яғни жіпке дайын­далған шикізат өндіру жұмысы тоқтамайтын болады. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы. ЕЛБАСЫ НАЗАРЫНДАҒЫ “АРАЛВАГОН” ЗАУЫТЫ ЖОЛДАУ “ПЕРЗЕНТІ” Ұзақбай АЙТЖАНОВ, “Атамекен Холдинг”  қаржы-өндірістік тобы” АҚ президенті. Жолдауда көтерілген мәселе­лер­дің көкейкестілігін ел эконо­микасының алға қарай қарыш­тауына шама-шарқыларынша септесе отырып, өз бизнестерін дамытып жатқан жеке кәсіпкер­лер, отандық инвесторлар жақсы біледі. Кезекті Жолдау – бұл да нақ­ты бағдарлама, нақты тапсырма­лар мен ескертпелер. Мемлекет басшысы тарихи Жолдауға сәйкес жаңа міндеттерді айқындау мақсатында  іле-шала өткен “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясының бюро отырысына қатысты. Бұл басқосуда  Елбасы назарына біздің холдингтің Арал өңірінде салынған “Аралвагон” ЖШС ілікті. Президентіміз осы зауыттың төңірегіндегі мәселе­лерге мән берді. “Арал­вагон”  зауыты Елбасының өткен жылғы Жолдауындағы жаңа индус­трия­ландыру бағдарламасына сәйкес  “Атамекен” қаржы-өндірістік тобының жүзеге асырған ірі жобаларының бірі. Мемлекет  басшысының сыни тұрғыда болса да аталмыш зауыттың қызметіне назар аударуы біз үшін аса маңызды. “Арал­вогон” зауыты­ның айналасында қордаланған мәселелер де жоқ емес. Өйткені, әу баста Үкіметтің қаражатынсыз, отандық инвес­тордың жеке қаражатына са­лынған зауыт әлі де еңсесін тіктеп  үлгерген жоқ. Мәселен, осы отырыста Елба­сы Жолдаудың басты мақсаты да мәні де – елімізді индустрия­ландыру екендігін еске салды. Мұның салмағы бірінші кезекте өңірлерге түсетіндігі басы ашық түрде айтылды. Екі бағыттан тұратын Жолдаудың бір міндеті – еліміздің 2020 жылға дейінгі да­муы болса, екіншісі  – ау­мақтық да­му мәсе­лесі. Біздің отандық темір жол са­рапшыларын айтпағанда,  Ре­сейден келген арнайы маман­дандырылған комиссия алдымен кәсіби жұмыс­шы­ларды аттес­тациялап, содан кейін шыға­рылған өнімдерді де сынақтан өткізді. Ал­ғашқы экс­пе­ри­мен­тальды 8 в­а­гон-плат­форма біраз сынақтан өтіп, сер­ти­фикат­тан­дырылып, осы­дан кейін барып біздің зауыт 72 тон­­­налық платфор­ма шығаруға рұқсат алып, Темір­жолшылардың федералдық кеңе­сінің сертификаттау реестріне ен­гізілген. Бұл ТМД аумағындағы барлық мемлекеттерге қойылатын міндетті шарт. Бүгінде зауыт ауыр тонналы, яғни үш контейнерлі платформа шығарып отыр. Осыған қоса 1159 санды өзіндік таңбаға да (клеймо) қол жеткіздік. Іске кіріскеніне жыл толмаған зауыттың өнімінде 25 пайыз қазақстандық үлес бар деген CT KZ сертификаты да алынған. Бүгінгі таңда платфор­­масының арбасы және доңғалақ жұптары біздің серіктесіміз – темір жол вагондарын құрастыратын Ресейдің ірі кәсіпорны “ЗМК” зауытынан алынады. Келешекте, жобаның үшінші кезеңінде  өнім­дегі қазақ­стандық үлес салмақты 70-80 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз. Бұл біздің көкейкесті арманымыз ғана емес. Осы мақсат жолында нақты еңбектеніп жатырмыз. Зауыт толық өндірістік қуатында  іске қосылған кезде онда 2 мыңнан астам адам жұмыс істейтін болады. Бұл дегеніңіз, осынша отбасының бере­кесі мен несібесі деп білу қажет. Қазірдің өзінде зауытта 300 адам жұмыс істеп, кәсі­би біліктіліктерін жетілдіріп келеді. Алайда, жоғарыда айтылған 8 вагонның өзін әке-көкелеп жүріп, әрең өткіздік. Кейбір шенеуніктер үшін Қазақстанда шығарылған өнімнен гөрі, шетелден сатып алған тиімді сияқты... Үстіміздегі жылы қаншама тыр­мыссақ та әлі мемлекеттік тапсы­рыс алған жоқпыз. Әйтпесе, зауыт­тың басқа да жүк және астық та­ситын вагондар немесе цистерна­лар, түрлі платформалар шығаруға әлеуеті жетеді, құрал-жаб­дықтары да бар. Арал қала­сындағы зауыттың әртүрлі модифи­ка­­циядағы 2500 темір жол жүк вагон­дарын шығара алатын өн­дірістік қуаты бар. Президентіміз өткен жылғы Жолдауында отандық инвесторлар­дың әлеуетін барынша пайдалану туралы нақты тапсырма берген болатын. Қашанда отандық кәсіп­керлерді қолдап келе жатқан Нұр­сұлтан Әбішұлының: “...Аталған бар­­лық жобаларды іске асыру үшін біз жергілікті өндірісшілердің әлеу­е­тін барынша пайдалануға тиіспіз. Егер қажетті өндірістер бүгінде жоқ бол­са, оларды құру керек және мұ­ның өзі бизнес үшін жаңа мүм­кін­діктер ашады” деген сөзінен қуат­та­нып, өзіміздің стратегиялық таң­да­уымызға орай “Аралвагон” за­уыты дүниеге келді. Қазір ішкі ры­ноктан өз үлесімізді алуға үмітті бол­сақ, келешекте сапа кепіл­ді­гімен сыртқы рынокқа шығуға қауқарымыз бар. Қысқартып айтқанда, “Арал­вагон” – жаңа заманауи зауыт. Және ол қазақстандық-ресейлік бір­лескен жоба. Яғни, Кедендік одақ­тан Бірыңғай экономикалық ке­ңістікке қадам басқан Қазақстан, Ре­сей, Беларусь мемлекеттерінің ор­тақ мақсаттарына да сәйкес әрекет ете алады. Қысқарта айтқанда, пайдала­нуға берілгеніне жыл толмаған жаңа зауытқа сәйкес міндеттемелер артылып, үлкен жауапкершілікке жетелеу үшін әлі де жылдар керек. Енді тәй-тәйлап басқан сәбиге: “Неге жүгіріп кетпейсің?” деп талап етілмейтінін әркім біледі. Өңірде енді тұсауын кескен өндіріс орнына Елбасының назар аударуы жақсылықтың нышаны. Елімізде жұмыс орны ашылсын деген ниетпен, маңдай терді көл етіп, бір тиын мемлекет қаржысын жұмсамай, жеңілдетілген мемлекет­тік қаржы институттарынан көк тиын да несие алмай, дағдарыс ке­зе­ңінде Үкіметке салмақ салмай са­лынған зауыт – бә­рібір мемлекет игі­­­лі­гіне, мемлекет мүдде­сіне жұмыс істейді. Елбасының жол­дау­ларында ел аза­мат­­та­рының да, жер­гілікті кәсіп­кер­лер­дің де, отандық инвес­тор­лар­дың да талайлы тағ­дыры жатыр. “Арал­вагон” зауы­тының айнала­сында қорда­ланған мәселе болса, оны ортақ мұқ­таж­дыққа  қыз­мет еткізе оты­рып шешуге біз де мүд­деліміз. Алматы.