16 Қараша, 2011

Ас атасын пісірудің шебері

337 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Бұл күндері жері көмірге толы өндірісті Екібастұз өңірі өркендеп, өсіп келеді. Қалада 137 мыңнан аса халық тұрады. Бұ­ған қала­ның әкімшілік-аумақтық құрылы­мы­на енетін 30-ға жуық ауылдармен бірге, онда тұратын 9 мың­дай халықты қосыңыз. Яғни, өндірісі ауқым­ды өңірдің тұрғын­дарын азық-түлікпен қам­та­ма­сыз ету қала мен ауылдардың бірлесіп ат­қа­ратын жауапты міндетіне айналды. Сон­дық­тан, өндірісті қаланың қысы-жазы азық-түлік белдеуінің тұрақтылығын қам­тама­сыз ету маңызды. Қалаға келген сапа­рымызда біз был­тыр ашылып іске қосылған «Энергия-Капи­тал-1» серіктестігіне қарасты нан-тоқаш ком­би­натының бүгінгі тынысы қандай екен деген ойда едік. Өйткені, 1 млрд. 842 мың теңге инвестиция тартылған бұл жоба еліміздің үдемелі индустриялық-инно­вациялық бағдар­ла­ма­сы аясында іске асып, өңірлік индус­трия­ландыру карта­сына енгізілген болатын. Ал, 600 миллион теңгесін “ҚазАгроҚаржы” акционерлік қоғамы несие түрінде бөлгені белгілі. Алдымен, бұрынғы ескі нан комбинаты германиялық және австриялық жаңа құрал-жаб­дық­тармен жа­ңар­тылып, жаңа заман үлгісінде қайта жаңғыртылды. Сапалы өнім – техникаға бай­ланысты. Жалпы, кешеннің тәулігіне 30 тонна нан өнімдерін пісіруге қуаты жетеді. Яғни, бұл – 24 мың бөлке нан мен 96 мың дана тоқаш деген сөз. Өндірістік технологиясы түгелдей компьютер жүйесіне қо­сыл­ған, барлық жұ­мыстар опера­тор­лардың бақылауымен іске асуда. Қа­былданатын ұнның құрамы, нан мен тоқаштар жасалатын қамырдың сапасы түгел­дей зерттеліп, арнайы тексеру зертхана­лары­нан өткі­зі­ле­ді. Комбинатта тұрғындар тара­пынан жоғары сұранысқа ие бірінші, екінші сортты нандар, сонымен қатар, қара бидай, кебектен жасалған нан өнімдері де шығарылады. Ал, қала бойын­ша, мысалы, атақты «Богатырь-Көмір» серіктестігі, балабақшалар осы комбинат пісіретін нан-тоқаштарды тұтынады екен. Әрине,  жаңа кәсіпорын үшін рыноктағы, әсіресе, жергілікті жердегі бәсекелестеріне де төтеп беру оңай емес көрінеді. Мысалы,  комбинатта пісірілген  50 теңгелік нанның  қала дүкендерінде 70 теңгеге сатылып жүргені де кездеседі. Яғни, арзан өнімің басқа  біреу­лер­дің  баға қосулары арқылы халыққа қымбатқа сатылатыны да рас. Жаңа жобаның өмірге келуімен 100-ге жуық жұмыс орны ашылды. Болашақта комбинат өнімдерін Астана, Қара­ғанды жақтарға да жет­кізбекші. Бұл күндері  нан-тоқаштар Шідерті, Майқайың, Баянауыл, Ерейментау өңір­ле­ріне де жеткізілуде. Бұл  – Екібастұз  көмірге ғана емес, нан-тоқаштарға да бай деген сөз. Айтпақшы,  осы комбинат шығарып жатқан “Екі­бастұз” деп аталатын нан, “Жұлдыз”, “Сарыарқа” деп аталатын тоқаш-қалаштарды сауда орындарынан қазір жиі көресіз. Қала басшылығының шешімі бойынша зейнеткерлерге нан өнімдері арзан бағамен беріледі. Жаңа жобаның өңір экономикасының өркендеуіне қосар үлесі де, әрине, мол. Фарида БЫҚАЙ, Павлодар облысы.