Отырыс барысында кеңес мүшелері «бұл Борис Немцовтің құрметіне арналып отыр» деп мәлімдеді. Олар сондай-ақ, бұл шешімдерін «қаланың демократияға бейімділігінің бірден бір дәлелі» деп атап өтті. Қалалық кеңесте оппозиционердің аты-жөні жазылған тақтайшалар оның қайтыс болған күніне, яғни 28 ақпанға дейін ілінеді деп үміттеніп отыр.
Вашингтондағы көшелердің біріне Немцовтің атын беру туралы ойды алғаш рет 2016 жылы Флорида штатының республикалық сенаторы Марко Рубио ұсынған болатын. Егер бұл ұсыныс қалалық кеңес тарапынан қолдау табар болса, Ресейдің АҚШ-тағы елшілігі «Борис Немцов Плаза, 1-үй» деген мекенжайға ие болатыны сол кезде хабарланған.
2017 жылдың желтоқсан айында қалалық кеңесте Немцовтің атын беру туралы мәселе қозғалған. Сол кезде Вашингтон үкіметі профильді басқармасының мүшесі бұл жұмысқа бас-аяғы екі мың доллар қаржы жұмсалатынын айтты. Оның айтуынша бұл сома көше атауы жазылған тақтайшаларды әзірлеуге кетеді.
«Америкалық басшылар көшені, алаңды кімнің атына беретінін өздері шешеді. Біз Құрама Штаттардың кез келген шешімін қабылдаймыз», деді Ресейдің АҚШ-тағы елшісі Анатолий Антонов.
Ал өз кезегінде Ресей Федерациясының бұрынғы вице-премьері Альфред Кох facebook парақшасында былайша ой бөлісті: «Борис кезінде Владимир Путиннің қарсыласы болатын. Енді, Мәскеудегі алаңды Дональд Трамптың дұшпанының атына беру мәселесі қаралар ма екен? Хиллари Клинтон ба? Ақымақтық секілді. Болмаса өлтіріп кеткен саясаткердің атына беру ме? Бәлкім Джон Кеннеди болар? Америкалықтар бұл іске қайта қуанатын болады. Мүмкін Лютер Кинг? Ол да сол секілді америкалықтарды қуантады», деп жазды.
Айта кетейік, Борис Немцовті 2015 жылдың 28 қаңтарға қараған түні Мәскеу орталығында атып кеткен.