Рухани жаңғыруға тікелей себепші фактор прагматизм арқылы ата-бабамыздың қасиетті аманаты – Жер-анамыздың қазынасын ысырапшылдық пен астамшылыққа айналдырмай, табиғи байлығымызды дұрыс жоспарлап, сауатты пайдалана білу деген сөз. Даңғойлыққа, көзсіз жомарттыққа салынбай, әр нәрсенің шегін білген дұрыс. Ұлан-байтақ жерімізді, оның асты-үстіндегі байлықты ақылмен салмақтап, тиімді пайдалана білу керек.
Ұлттық жаңғыру – ұлттық бірегейлікті сақтаудан басталады. Ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен дініміз, мәдениетіміз бен өркениетіміз, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгілікке сақталу керек, бірақ өркендеуге, өсіп-өнуге тосқауыл болатын ескілік құрсауынан және жаһандық дамумен қабыспайтын кереғар әдеттер мен дағдылардан толықтай арылу керек.
Табысқа жетудің негізгі бір жолы – білімнің салтанат құруы. Адамды да, қоғамды да алға жетелейтін құдіретті күш – білім. Ахмет Игүнекидің «Бақыт жолы – білімде» деген қанатты сөзі күн сайын емес, сәт сайын дәлелін тауып келеді. Білімді бірінші орынға қоятын ұлт қана көштің басынан көріне алады.
Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуының әлдеқайда тиімдірек екенін айтты. Еліміз небір қиын-қыстау заманды басынан өткерді. Соғысты да, аштықты да, түрлі төңкерістерді де көрді. Төңкерістер дәуірі біткен жоқ, тек қана оның формасы мен мазмұны түбегейлі өзгерді. «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік» деп ата-бабамыз айтқандай, ақпараттандыру заманында білік пен білімді қару қылып, ел игілігі үшін жұмсай білейік.
Сананың ашықтығы – рухани жаңғырудың негізгі бағыттарының бірі. «Ұлттың тілі – ұлттың ділі» демекші, қандай ұлт пен ұлыс болсын, еліміздің ең басты байлығы – мемлекеттік тілі. Тілін жоғалтқан халықтың жеке мемлекет болып басқа елдермен терезесі тең дәрежеде тұра алмайтынына көзіміз анық жетеді. Мемлекеттік тіл мәртебесі қашанда бірінші орында болары анық, бірақ кәсіби байланыс құралы ретінде ағылшын тілін меңгеру артықтық етпейді. Шет тілін меңгеру көптеген мүмкіндіктерге жол ашады. Біріншіден, жаһандық жаңалықтардан хабардар боласың. Екіншіден, жаңа технологиялардың екпінімен келетін түбегейлі өзгерістерге дайын боласың. Қатардан қалмай өмір сүру үшін заман ағымына бейім боласың. Үшіншіден, өзгелердің озық тәжірибесімен алмасып, жеке басың мен қалың бұқараның қажеттілігіне қолдануға мол мүмкіндік аласың.
Қазақстандық патриоттық тәрбие бүгінгі өмірден оқшауланбайды, қайта жаңа өмірмен қауышып, ұлттық тәрбиеге жаңаша мән береді. Ұлттық тәрбие дегеніміз ол оқшаулану емес, керісінше ұлттық тәрбие үлгілерімен әлемдік идеяларды қабылдап, ненің тозық, ненің озық екенін тани білу, өрісі, дүниетанымы кең азаматтарды тәрбиелеуге мүмкіндік болады деп түсіну қажет.
Заманға сай жаңғыру үшін осы бағыттарды жетік түсініп, ең алдымен санамызды өзгертуден бастауымыз керек. Үйреншікті жаман әдеттерден арылып, уақыттың талабына сай бейімделуіміз керек.
Асқар СМАЙЛОВ,
Жоғарғы соттың судьясы