Аяулым пойыздан түсе салысымен әкесі Серікті құшақтай алды. Төрт жасынан спорттың аса бір күрделі түрі – фристайлдың могуль түріне баулыған әкесі Серік пен анасы Гауһария дегенде қыздарының шығарда жаны бөлек. Олар ерінбей-жалықпастан қаланың сырт жағындағы тауға апарып, бірнеше сағаттан кейін кері алып қайтып жүрді. Ойын баласы емес пе, әбден шаршаған кезде спортты тастап кетпекші болған кезде ата-анасы жігерін жанып, намысты қайрай түсетін. Қазақ қыздары бара бермейтін аса қауіпті де күрделі спортпен шұғылданған 12 жылда Аяулым талай асудан өтті.
2011 жылдың наурызы. Өскеменнің іргесіндегі «Алтай альпісі» шаңғы базасында ересектер мен жасөспірімдер арасында фристайлдан ел чемпионаты өтті. Ерлер арасындағы сайыста Дмитрий Рейхерд, Дмитрий Бармашов, ал қыздар арасындағы жарыста Юлия Галышева, Юлия Родионова алдарына жан салмады. Қазақстан Республикасының І жастар ойынында Аяулым могульдан жұптасуда алтыннан алқа тақса, фристайл-могульда екінші, ал фристайл-акробатикадан үшінші орынды иеленді. Қаршадай қыз биіктен төмен қарай зулаған кезде бойындағы қорқынышты ысырып қойып, әуеде бірнеше сальто жасады, жоғары балға ие болды. Жарысты тамашалап тұрған ата-анасы Серік пен Гаухария, туыстары Марат пен Гүлмира Орманбетовтер Аяулымды жеңісімен құттықтап, бетінен сүйді.
– Қызымыз аяғына шаңғы байлаған кезде небәрі үш, ал фристайл секциясына жазылған кезде төрт жаста болатын, – дейді әкесі Серік Әміренов. – Фристайлдың могуль түрін таңдаған кезде қобалжығанымыз рас. Бірақ Аяулым қайсар, алған бетінен қайтпайтын өжет болып өсті. Алғашқы бапкері Сергей Павлович Аксенов білгенін үйретті. Секцияға жазылған кезде 80 бала болған, оның төртеуі өзіміздің қаракөздер. Ақыры сол 80 баланың төрттен бірі ғана қалды. Қазір өзімен бірге 12-13 жастағы Орынхан Мұқатаев, Әмина Сатенова, 17 жастағы Олжас Бейсембаев фристайлмен шұғылданып, жақсы нәтижелерге жетуде. Қазақ қыздарының спорттың күрделі түрін таңдауы – құптарлық іс. Бұған дейін қызымыз бірнеше рет Еуропа кубогы кезеңіне қатысып, 6-шы орынды иеленген. Тіпті 8, 10-шы орындарға табан тіреген кезде күйзелгені рас. Оған жігер беріп, әлі жассың, жеңісті күндерің алда, – деп жігер беретінбіз. Енді, міне, алғашқы жеңісіне жетті.
– Аяулымды әкесі екеуіміз бірнеше жыл жаттығуларға бірге апарып жүрдік, Серіктің Зайсанда шаруа қожалығы бар, ол жоқ кезде мен қамқор болдым. Қызымның бойындағы фристайлға деген сүйіспеншілік мені тәнті етті. Одан үміт күтемін, – дейді анасы Гаухария.
Алматыда студент-жастардың Универсиада ойындары өтіп жатқан кезде Серік хабарласып, «аға, сүйінші, Аяулым Еуропадан оралған соң Жапонияның Саппоро қаласында жалауын көтеретін Азия ойындарына қатысатын болды, мен де барып, қызыма жанкүйер боламын», деген еді. Алайда спорт басшылары Аяулымның орнына Юлия Галышеваны жіберуді жөн санаған. Соған қарағанда, не жасы толмады немесе мамандар Қазақстан қоржынына медаль түсіруді көздеген сыңайлы. Алайда небәрі 16 жастағы, Өскемендегі дарынды балаларға арналған спорт мектебінің 11-сынып оқушысы Аяулымның алар асуы әлі алда.
– 2017 жыл мен үшін табысты болды. 25 қаңтарда бізді Францияның Альбиез қаласындағы Еуропа кубогының кезекті кезеңіне еліміздің жастар құрамасының аға бапкері Виктор Рейхерд бастап апарды. Жартылай финалда Алманияның ең танымал фристайлшысы Софи Вазамен жолымыз түйісіп, оны еңсердім. Ал ақтық сында британиялық Гарген Шофиль Макая менен сәл ғана озып кетті. Оның алдында жеке сайыста қолаға ие болғанмын. Жұптасып өнер көрсетуде күміс медаль қолға тиді. 11-12 ақпанда Аустрияның Кришпел қаласында да Еуропа кубогы жарысы өтіп, оған 15 елдің атақты саңлақтары қатысты. Жеке және жұптасуда 2 алтынға ие болған кезде қуанышымды бірден ата-анама жеткіздім. Швейцарияның Прато-Левентино қаласында жалауын көтерген Еуропа кубогының кезекті кезеңінде де намысты қолдан бермей, 1 алтын алқаны олжаладым, – дейді Аяулым Әміренова.
– Былтыр тағы қандай жарыстарға қатыстың?
– Өткен жылдың 8-9 наурызында Испанияның Сиера-Невада қаласында жалауын көтерген фристайлдан ересектер арасындағы әлем чемпионатына қатыстым. Швеция мен Финляндиядағы Еуропа кубогының кезекті кезеңдеріне қатысып, шеберлікті шыңдай түстім. Санаулы күннен кейін Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласындағы Ақ Олимпия ойындарына өскемендік талантты фристайлшы Юлия Галышева екеуіміз қатысатын болдық. Әдетте әр мемлекеттен Ақ Олимпиадаға лицензияны иеленген 4 саңлақ қатыса алады, қазірдің өзінде Д.Рейхерд, П.Колмаков және Ю.Галышеваның жолдамалары қалтада. Тек оны қорғаулары тиіс. Мен квота бойынша қатысамын, бірақ лицензияны қорғауым керек. Алда 6 қаңтарда Канадада, сосын АҚШ-та, бұдан кейін тағы да Канада мен Америкада өтетін әлем кубогының кезекті кезеңіне қатысамыз. Қазақ елінің жанкүйерлеріне қуаныш сыйлау мақсатым, – дейді 16 жастағы чемпион қыз.
– Аяулымның бойындағы жеңіске деген ынта-жігер, күш-қуаты бізді қуантады. Оның бойында фристайлшыға қажет өжеттілік пен тез шешім қабылдау, күрделі қимыл жасау кезіндегі тапқырлық қасиеттері үйлесім тауып тұр. Кореяда Аяулым мол тәжірибе жинайды, келешекте қазақ елінің намысын қорғайды деген ойдамыз, – дейді еліміздің жастар командасының аға бапкері Виктор Александрович Рейхерд.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
журналист
Өскемен