Қысқы спорт • 11 Қаңтар, 2018

Аяулым ӘМІРЕНОВА, фристайлшы: Бұл – менің тұңғыш Олимпиадам

151 реткөрсетілді

...2017 жылдың 21 ақпаны. Өскемен теміржол вокзалына бүгін жанкүйерлер көп жиналыпты. Соңғы екі-үш күннен бері Алтайдың ақ бораны тыным таппай құтырып-ақ тұр, бүгін де таңертең басталған қар аралас ақтүтек қала тұрғындарының мазасын алған сыңайлы. Алайда вокзалға жиналған бір топ жанкүйер оны елейтін емес, «Алматы-Защита» бағытымен келіп тоқтаған пойызға қарай лап қойды. Оның жөні де бар. Фристайлдың могуль түрінен сонау айшылық алыстағы Аустрия, Франция, Швейцариядағы Альпі тауларының аспанмен тілдескен сілемдерінде өткен кезекті Еуропа кубогы жолындағы жарыста 3 алтын, 1 күміс, 1 қола алып, айды аспанға шығарған, 7 кезеңнен тұратын Еуропа кубогында бас жүлде мен хрусталь кубогын қанжығасына байлаған қазақтың қаршадай қызы Аяулым Әміреноваға қандай сый-құрмет көрсетсек те артық емес. 

Аяулым пойыздан түсе са­лы­сымен әкесі Серікті құ­шақ­тай алды. Төрт жасынан спорт­­тың аса бір күрделі түрі – фрис­тайлдың могуль түріне бау­лыған әкесі Серік пен анасы Гау­һария дегенде қыздарының шы­ғарда жаны бөлек. Олар ерін­бей-жалықпастан қаланың сырт жағындағы тауға апарып, бірне­ше сағаттан кейін кері алып қай­тып жүрді. Ойын баласы емес пе, әбден шаршаған кезде спорт­ты тастап кетпекші болған кезде ата-анасы жігерін жанып, намыс­ты қайрай түсетін. Қазақ қыз­дары бара бермейтін аса қауіп­ті де күрделі спортпен шұ­ғыл­данған 12 жылда Аяулым талай асудан өтті.

2011 жылдың наурызы. Өс­ке­меннің іргесіндегі «Алтай аль­пісі» шаңғы базасында ересектер мен жасөспірімдер арасында фристайлдан ел чемпионаты өтті. Ерлер арасындағы сайыста Дмит­рий Рейхерд, Дмитрий Бар­машов, ал қыздар арасындағы жа­рыста Юлия Галышева, Юлия Родионова алдарына жан сал­мады. Қазақстан Республи­касының І жастар ойынында Аяулым могульдан жұптасуда алтыннан алқа тақса, фристайл-могульда екінші, ал фристайл-акробатикадан үшінші орынды иеленді. Қаршадай қыз биіктен төмен қарай зулаған кезде бойын­дағы қорқынышты ысырып қо­йып, әуеде бірнеше сальто жаса­ды, жоғары балға ие болды. Жа­рысты тамашалап тұрған ата-ана­сы Серік пен Гаухария, туыс­тары Марат пен Гүлмира Ор­манбетовтер Аяулымды жеңі­сімен құттықтап, бетінен сүйді.

– Қызымыз аяғына шаңғы байлаған кезде небәрі үш, ал фристайл секциясына жазылған кезде төрт жаста болатын, – дейді әкесі Серік Әміренов. – Фрис­тайлдың могуль түрін таң­даған кезде қобалжығанымыз рас. Бірақ Аяулым қайсар, алған бетінен қайтпайтын өжет болып өсті. Алғашқы бапкері Сергей Павлович Аксенов білгенін үй­ретті. Секцияға жазылған кез­де 80 бала болған, оның төр­теуі өзіміздің қаракөздер. Ақы­ры сол 80 баланың төрттен бірі ғана қалды. Қазір өзімен бірге 12-13 жастағы Орынхан Мұқа­таев, Әмина Сатенова, 17 жас­тағы Олжас Бейсембаев фрис­тайлмен шұғылданып, жақсы нәтижелерге жетуде. Қазақ қыздарының спорттың күрделі түрін таңдауы – құптарлық іс. Бұған дейін қызымыз бірнеше рет Еуропа кубогы кезеңіне қатысып, 6-шы орынды иеленген. Тіпті 8, 10-шы орындарға табан тіреген кезде күйзелгені рас. Оған жігер беріп, әлі жассың, жеңісті күндерің алда, – деп жігер беретінбіз. Енді, міне, алғашқы жеңісіне жетті.

– Аяулымды әкесі екеуіміз бір­неше жыл жаттығуларға бір­ге апарып жүрдік, Серіктің Зай­санда шаруа қожалығы бар, ол жоқ кезде мен қамқор бол­дым. Қызымның бойындағы фрис­тайлға деген сүйіспеншілік мені тәнті етті. Одан үміт күтемін, – дейді анасы Гаухария.

Алматыда студент-жас­тар­дың Универсиада ойындары өтіп жатқан кезде Серік хабар­ласып, «аға, сүйінші, Аяу­лым Еуропадан оралған соң Жапонияның Саппоро қаласында жалауын көтеретін Азия ойындарына қатысатын болды, мен де барып, қызыма жанкүйер боламын», деген еді. Алайда спорт басшылары Аяулымның орнына Юлия Галышеваны жі­беруді жөн санаған. Соған қарағанда, не жасы толмады немесе мамандар Қазақстан қор­жынына медаль түсіруді көз­деген сыңайлы. Алайда небәрі 16 жастағы, Өскемендегі дарынды балаларға арналған спорт мектебінің 11-сынып оқушысы Аяулымның алар асуы әлі алда.

– 2017 жыл мен үшін табыс­ты болды. 25 қаңтарда бізді Францияның Альбиез қала­сындағы Еуропа кубогының ке­зекті кезеңіне еліміздің жастар құрамасының аға бапкері Вик­тор Рейхерд бастап апарды. Жартылай финалда Алманияның ең танымал фристайлшысы Софи Вазамен жолымыз түйісіп, оны еңсердім. Ал ақтық сында британиялық Гарген Шофиль Макая менен сәл ғана озып кетті. Оның алдында жеке са­йыста қолаға ие болғанмын. Жұп­тасып өнер көрсетуде күміс медаль қолға тиді. 11-12 ақпан­да Аустрияның Кришпел қала­сында да Еуропа кубогы жарысы өтіп, оған 15 елдің атақты саңлақтары қатысты. Жеке және жұптасуда 2 алтынға ие болған кезде қуанышымды бірден ата-анама жеткіздім. Швейцарияның Прато-Левентино қаласында жалауын көтерген Еуропа кубогының кезекті кезеңінде де намысты қолдан бермей, 1 алтын алқаны олжаладым, – дейді Аяулым Әміренова.

– Былтыр тағы қандай жа­рыстарға қатыстың?

– Өткен жылдың 8-9 нау­рызында Испанияның Сиера-Не­вада қаласында жалауын кө­терген фристайлдан ересектер арасындағы әлем чемпионатына қатыстым. Швеция мен Фин­ляндиядағы Еуропа кубогының кезекті кезеңдеріне қатысып, ше­берлікті шыңдай түстім. Санаулы күннен кейін Оңтүс­тік Кореяның Пхенчхан қала­сын­дағы Ақ Олимпия ойын­дарына өскемендік талантты фристайлшы Юлия Галышева екеуіміз қатысатын болдық. Әдетте әр мемлекеттен Ақ Олим­пиадаға лицензияны иеленген 4 саңлақ қатыса алады, қазірдің өзінде Д.Рейхерд, П.Колмаков және Ю.Галышеваның жол­да­малары қалтада. Тек оны қор­ғаулары тиіс. Мен квота бойынша қатысамын, бірақ ли­цензияны қорғауым керек. Алда 6 қаңтарда Канадада, со­сын АҚШ-та, бұдан кейін тағы да Канада мен Америкада өте­тін әлем кубогының кезекті ке­зең­іне қатысамыз. Қазақ елінің жанкүйерлеріне қуаныш сыйлау мақсатым, – дейді 16 жастағы чемпион қыз.

– Аяулымның бойындағы жеңіске деген ынта-жігер, күш-қуаты бізді қуантады. Оның бойында фристайлшыға қа­жет өжеттілік пен тез шешім қабылдау, күрделі қимыл жасау кезіндегі тапқырлық қасиеттері үйлесім тауып тұр. Кореяда Аяу­лым мол тәжірибе жинайды, келе­шекте қазақ елінің намысын қор­ғайды деген ойдамыз, – дейді еліміздің жастар коман­да­сының аға бапкері Виктор Александрович Рейхерд.

Оңдасын ЕЛУБАЙ,
журналист

Өскемен

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Келесі кезеңге шықты

Спорт • Бүгін, 11:41

Полицейдің бір күні

Қоғам • Бүгін, 11:32

Өтімді сөз өлеңмен өрнектеледі

Руханият • Бүгін, 11:22

Көмекей әулие туралы кітап

Руханият • Бүгін, 11:17

Күйшілердің саябағы

Руханият • Бүгін, 11:17

Тіл табиғатын бұзбайды

Қоғам • Бүгін, 11:13

I Гендерлік форум өтті

Қоғам • Бүгін, 11:06

Абыройы асқақ азамат

Руханият • Бүгін, 11:06

Мақсат – жол сапасын жақсарту

Аймақтар • Бүгін, 10:52

Мақсатымыз айқын

Саясат • Бүгін, 10:37

Ердің еңсесі қашанда биік

Саясат • Бүгін, 10:34

Әке деген ұлы есім

Қоғам • Бүгін, 08:25

ҰБТ-2019: қандай өзгеріс бар?

Қазақстан • Бүгін, 08:17

Ұқсас жаңалықтар