Аймақтар • 11 Қаңтар, 2018

Кәспидің беті неге қызарды?

574 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Көк айдынды Каспий жер­гілікті тұрғындарды бір шошытып алды. Бұған дейін итба­лықтардың жаппай өлуімен дүйім елді дүрліктірген теңіз енді қызыл түске еніп шыға келді.  

Кәспидің беті неге қызарды?

Теңіз суының қызаруын оншақты күн бұрын байқаған тұрғындар 6 қаң­тар күні оның нақты қызыл түс­ке ай­нал­ғанына алаңдады. Уақыт өте келе Ақтау қаласының «Шағала» қонақ үйі мен «Нұр плаза» жағажайына дейінгі ай­мақта судың қызаруы күшейе түскен. Теңіз жағасында серуендегендер бұл жағдайды экологиялық ахуалмен бай­ланыстырып, жағада қыдырудың, теңіз ауасымен демалудың зиянды­лығы туралы ойлана бастады, тіпті теңіз жа­­ғасына келушілер қатары сирей бас­та­ды. 

Алайда, мамандар теңіз суының қызаруының экологиялық жағдаймен байланысы жоқ екендігін айтуда. 

Қыстың жылы болуы салдарынан су асты өсімдіктері жаппай көбейіп, өсіп-өніп, теңіздегі жел, дауыл кезінде жағаға қатты ұрылуынан қызарған, сондай-ақ ол маңда  өндіріс орындары жоқ, оның үстіне құстар емін-еркін жүзіп жүр, олар сол балдырлармен қоректенеді, деп түсіндіреді. Мамандар жағдайды одан әрі зерттей түсу үшін  суы қызарған аймақтан су, ауа және жер сынамаларын алды. 

Тұрғындар теңіз суының қызаруын тегіннен-тегін емес деп отыр. 

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы