Бизнес • 12 Қаңтар, 2018

Ауыл шаруашылығы жанданады

1043 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасы Жолдауында ауқымды мә­се­лелерді, ел дамуына керекті маңызды ба­ғыт­тардың атап көрсетті. Онда индустрия­ландырудың жаңа технология енгізудің көшбасшысына айналуы керек екені айтылған. 

Ауыл шаруашылығы жанданады

Елбасының инновациялық технологияны бірінші орынға қоюының өз себебі бар. Дамыған жаңа технологияны қолдануға үндеп отыр. Елімізде бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындарын цифрландыруды қанатқақты жоба ретінде іске асырып, бұл тәжірибені кеңінен тарату керек екеніне тоқталды. 
Жолдаудың тағы бір маңызды тұсы ретінде нақты сектордың жаңа тех­но­логияларға деген сұранысын ынталандыруды және венчурлық қаржыландырудың жеке нарығының қызметі жөніндегі нақты тапсырмаларды айтуға болады. Ғалымдар, мамандар түрлі жаңалық ұсы­нып, ал оларға бизнестен сұраныс болмаса, онда жаңалықтардың пайдасы шамалы. Сондықтан мемлекет тарапынан түр­лі қолдауды енгізсек бизнес саласы да соған мүд­делілік танытады. Яғни осы ар­қылы кәсіп­керлікті жаңа технологияға итер­мелейміз. 

Елбасы Жолдауда жасыл технологияға да тоқталды. Осы салаға инвестиция салу үшін бизнесті ынталандыру жөнінде тапсырма берді. Меніңше, бұл ең әуелі ауыл шаруашылығына тікелей көмектеседі. Бір мысал келтірейін. Көрші мемлекеттерге барғанда ондағы тұрғындардың Қазақстаннан шыққан ауылшаруашылық өнімдерін сапалы санайтынын байқадым. Осы орайда, өнімдердің тазалығын ұлттық бренд ретінде ұтымды пайдаланып, жасыл технологияны мұқият түрде ауыл шаруашылығымен интеграциялағанымыз жөн. 

Қазіргі таңда әлемді толғандырып отырған мәселе – қоқысты тиімді пайдалану. Мұндай мәселе біздің елде де бар. Өңірлерде полиэтилен пакеттердің шашылып жатқанына куә болып жүрміз. Таяуда Энергетика министрі Қанат Бо­зымбаев кезең-кезеңімен ондай пакеттерден бас тартатынымызды мәлімдеді. Жалпы, мәселе полиэтилен пакетіне ғана қатысты емес. Елімізде түрлі салалардан қалатын қоқыстар жетерлік. Соларды тиімді жұмсау маңызды мәселе. Осы тұрғыдан алғанда, Жолдаудың жасыл технологияға қатысты тармағының маңызы ерекше. 
Жолдаудан ауыл шаруашылығына ақылды технологияларды пайдалану қа­жеттігі жөнінде оқып қатты қуандым. Біз әлі күнге Кеңес Одағынан қалған технология­ларды пайдалана отырып жұмыс істейміз. Алайда дамыған елдердегі агротехнология саласы әлдеқайда озып кеткен. Сондықтан Елбасы айтқандай, жаңа технологияларды трансферттеу арқылы ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтереміз.

Азат ПЕРУАШЕВ, 
Парламент Мәжілісінің депутаты