Қазақстан • 12 Қаңтар, 2018

Төрағалық онлайн конференцияда талқыланды

289 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде Сыртқы істер министрлігінің ұйымдастыруымен БҰҰ Бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі Мирослав Енчамен онлайн конференция өтті. 

Төрағалық онлайн конференцияда талқыланды

Нью-Йорктен тікелей эфирде ұйымдастырылған жиынға еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері жиналды. Онлайн конференция Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуіне байланысты ұйымдастырылды. Вебинарда сөз сөйлеген М.Енча Қазақстанның Кеңестегі жұмысының маңыздылығына тоқталды.

«Қаңтарда Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесі төрағасы қызметіне кірісіп кетті. Мұның маңызы жоғары. Қазақстан күн тәртібін ұйымдастырып, ұйым атынан сөз сөйле, оның отырысын шақырады. Келесі аптада маңызды бірқатар іс-шара өтпек. Соның бірі – Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтетін «Жаппай қырып-жоятын қаруларды таратпау: сенім шаралары» атты жиын. Бұдан бөлек, Орталық Азия мен Ауғанстан мәселелеріне арналған жарыссөз ұйымдастырылады», деді спикер.

М.Енча Сириядағы дау-жанжалды шешуде Қазақстанның маңызды қадамдарға барып, Астанада келіссөздер ұйымдастырғанын атап өтті. Оның пікірінше, ондағы ахуалды жақсартуда Астана процесінің маңызы зор.

«Астана келіссөздерінің Сирия мәселесін шешуге айтарлықтай үлес қосты. Соның арқасында шиеленісті азайту, деэскалация аймағын құру секілді мәмілелерге қол жеткізілді. Сонымен қатар БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі Стеффан де Мистураның басшылығымен өтетін Женева келіссөздеріне қолдау көрсетті», деді М.Енча.

Бат хатшы көмекшісінің айтуынша, Қазақстан Орталық Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту мақсатында аянбай тер төгіп келеді.

«Қазақстан әлемде, Орталық Азияда қауіпсіздік пен бейбітшілікті нығайтуға елеулі үлес қосып, өз мүмкіндігін тиімді пайдаланып отыр. Мысал ретінде ядролық қарусыздануға үндеуін, Семейдегі сынақ алаңының жабылуын, Орталық Азияда ядролық қарусыз әлем құру бастамаларын атап өтуге болады. Қазақстан бастамасымен Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні белгіленді. Елдеріңіз өз қызметін одан әрі тиімді жалғастыра беретініне сенімдімін», деді М.Енча.

Еліміз Орталық Азия мен Ауғанстандағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту мақсатында даму мен қауіпсіздік мәселелерін бірге талқылайды. Спикердің пікірінше, бұл аймақтағы ахуалды жақсартуға үлес қосады.

«Ауғанстандағы жағдайды әскери жолмен шешу мүмкін емес. Керісінше, өңірлік әріптестікті нығайтып, инфрақұрылымдық жобаларды қолдаудың маңызы зор. БҰҰ-да Ауғанстан мәселесін шешудегі Қазақстан тарапы атқарып жатқан жұмыстарымен жақсы таныс. Мәселен, Алматыда ауған жастары білім алып жатыр. Меніңше, мұндай қолдау өңірдегі тұрақтылық пен дамуды нығайтады. Әлемде бейбітшілікті қамтамасыз етудегі Қазақстанның рөлін атап өткім келеді», деді М.Енча.

Бұдан кейін еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі құрамында басымдық беретін бағыттарына тоқталды. Спикердің айтуынша, Қазақстан тарапы көтеріп отырған мәселелер жер-жаһанда бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту үшін өте қажет.

«Келесі аптада өтетін ядролық қаруды таратпау жөніндегі іс-шараның осы тақырыпты кеңінен тарқатуға қосар үлесі зор. Қазақстан өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан мемлекет ретінде әлемнің бірқатар еліне үлгі болады. Осы орайда, жаппай қырып-жою қаруларын таратпау мәселесінде Қазақстан халықаралық қоғамдастық алдында беделге ие. Әсіресе, ядролық қаруды қолдану ықтималдығы жоғары қазіргі жағдайда елдің рөлі ерекше», деді М.Енча.

БҰҰ Бас хатшысы кеңесшісі қазіргі таңда халықаралық қоғамдастық Қазақстаннан Қауіпсіздік Кеңесі төрағалығы мерзімінде үлкен үміт күтіп отырғанын мәлімдеді. Оның пайымдауынша, еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі аясында өткізетін жиындары әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өлшеусіз үлес қоспақ. Бұдан кейін, М.Енча қазақстандық дипломаттардың еңбегіне оң баға берді.

«Қазақстандық дипломаттар кәсібиліктің жоғарғы деңгейін көрсетті. Қауіпсіздік Кеңесіне мүше мемлекеттер де, БҰҰ құрамындағы елдер де қазақстандық дипломаттардың еңбегін бағалайды. Сіздердің елдеріңіз ҚК және БҰҰ арасындағы өзара іс-қимылы конструктивті түрде жүргізіп отыр. Осы орайда, Қазақстан мен оның БҰҰ-дағы Тұрақты өкілдігіне алдағы жұмыста тек сәттілік тілеймін», деп сөзін түйіндеді спикер.

Жиын соңында еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне БҰҰ сайты таныстырылып, онымен жұмыс істеу тәсілдері көрсетілді. Спикерлердің айтуынша, Ұйымның заманауи сайты шартараптың түкпір-түкпіріндегі журналистер БҰҰ-ның штаб-пәтерінде өтетін кез келген жиынды тікелей эфирде тамашалауға мүмкіндік береді. Бұдан кейін, БАҚ өкілдеріне сайттың басқа да артықшылықтары таныстырылды. Онлайн конференция соңында спикерлер журналистер қойған сұрақтарға жауап берді.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»