Маңызды міндеттер талқыланды
Бұған дейін жұмыс сапарымен Ақтоғай, Шет аудандарында болған Парламент Сенатының депутаты Рысқали Әбдікеров облыс орталығындағы екі мекемеде кездесу өткізді. Олардың бірі – облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы болса, екіншісі Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернатында ұстаздар қауымымен жүздесті.
Сенатор ауыл шаруашылығы саласының мамандарына Елбасының Жолдауынан туындайтын негізгі мәселелерді түсіндірді. Ауыл шаруашылығы басқармасындағы кездесуде депутат Шет ауданындағы Ақадыр кентінен әрі орналасқан бір шаруа қожалығында электр жарығын тұтына алмай отырғанын айта келіп, электр желісін жүргізу мүмкіндіктеріне назар аударды. Сенатордың пікірінше, мұндай жерлерде тек балама энергияны қолдану керек. Халық қалаулысы ауыл шаруашылығы саласының мамандарына бүгінгі таңда шаруа қожалықтарына әлі де көп нәрсе жетіспей отырғанын айта келіп, өзекті мәселелерді шешу қажеттігін атап өтті.
Депутат Р.Әбдікеров ауыл шаруашылығы мамандарына Елбасының Жолдауында көрсетілген агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамытуда ақылды технологияларды пайдалану мәселесіне тоқталды. Әсіресе, егілген тұқымды көп қаражат жұмсамай жинау және техникалар мен тыңайтқыштарды тиімді қолдана білу қажеттігі айтылды. «Осындай жаңа технологияларды игерген сайын көптеген адамдар жұмыссыз қала бастайды. Сондықтан оларды дер кезінде заман талабына сай техника тетігін меңгеруге оқыту мен қайта даярлықтан өткізу де Жолдаудан туындайтын міндеттер», деді депутат.
Қарағанды облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Руслан Төлепбаев қоршаған ортаны ластайтын бірінші санатты кәсіпорындар екенін айта келіп, экологиялық кодекске жергілікті атқарушы биліктің құзыретіне бірінші категориядағы үлкен кәсіпорындардың қоршаған ортаны қорғау бағытында атқарып жатқан жұмыстарын қадағалауға мүмкіндік беретін ережелер енгізу туралы ұсыныс айтты.
Қарағанды қаласындағы Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернатында болған халық қалаулысы оқу бағдарламасы үш тілде қатар жүргізілетін арнайы кластарды көрді және білім ошағының жетістіктерімен танысты.
Сенатор мектеп-интернаттың ұстаздар қауымына Елбасының Жолдауынан туындайтын маңызды міндеттер жайында жан-жақты айтып берді. Пікірлесу барысында мектеп мұғалімдері жоғары білікті, сертификаты бар мұғалімдердің айлығы өсетінін айта келіп, біліктілігі жоғары, алайда қолдарында сертификаты жоқ мұғалімдердің жағдайы мен олардың еңбекақысы туралы сұрады. Депутат уақыты келгенде әр түткілді мәселенің шешімі табылатынын айтты.
Президент Жолдауы – басты назарда
Сенат депутаттары Ерболат Мұқаев пен Нариман Төреғалиев Батыс Қазақстан облысына жұмыс бабындағы сапары аясында Ақжайық ауданының тұрғындарымен кездесті.
Чапаев ауылындағы аудандық аурухана қызметкерлерімен, мұғалімдермен және жастармен әңгіменің басты тақырыбы Президент Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» халыққа Жолдауы болды.
Сенаторлар Жолдаудың мазмұнын ауыл тұрғындарына түсіндірді және қойылған сауалдарға жауап берді. Халық қалаулылары еліміздің тәуелсіздік жылдарында қол жеткен табыстары мен әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру жөніндегі атқарылған жұмыстарға, индустрияландыру және агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелеріне тоқталды.
Депутаттар одан басқа жаңа Салық кодесінің негізгі ережелері, «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң және Парламент 2017 жылы қабылдаған басқа да маңызды заңдар жайында әңгімеледі.
Кездесуге қатысушылар депутаттарға аудандағы өзекті мәселелер туралы айтты. Ауыл тұрғындары өздерін толғандыратын, атап айтқанда тұрғын үймен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің қызметі, баланы күтуге арналған жәрдемақыны төлеу мәселелері туралы сауалдар қойды. Азаматтар дәрігерлік емдеу мен коммуналдық қызметтердің бағасы өсіп бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Оқушылар мен мұғалімдер Е. Мұқаев пен Н. Төреғалиевқа ауылдық елді мекендерді кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды жалғастыру туралы өтініш айтты. Сенаторлар аудан үшін өзекті мәселелер бойынша депутаттық сауалдар әзірлеп, тиісті мемлекеттік органдарға жолдауға ниеттеніп отыр.
Парламентшілер ауылдың күнделікті өмірімен танысып, «Арулар әлемі» жаттығу залында және «Өркен» орталығында, сондай-ақ басқа да әлеуметтік инфрақұрылым нысандарында болды.
Депутат С.Еңсегенов Атырау облысында мұғалімдермен кездесті
Парламент Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов Атырау облысындағы Құрманғазы ауданында болды, сондай-ақ Фариза Оңғарсынова атындағы орта мектептің мұғалімдерімен және Атырау кентінің тұрғындарымен кездесті.
С. Еңсегенов өз сөзінде Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы еліміздің дамуына арналған Жолдауының негізгі ережелерін түсіндірді. Білім беру саласына қатысты сенатор Жолдаудағы «Адами капитал – жаңғыру негізі» туралы жетінші міндетті жүзеге асырудың маңызына тоқталды. Білім беру жүйесін реформалау қазіргі замандағы экономиканың талаптары мен еңбек нарығына сай білікті мамандарды даярлауға бағытталуы тиіс екені айтылды.
С. Еңсегенов «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында Президент білім беру жүйесін әлемдегі үздік стандарттары деңгейіне жеткізу және бәсекеге қабілеттілігін арттыру туралы тапсырма бергенін еске салды. Сенатор сондай-ақ жас ұрпақ қазіргі заманғы технологияларды толық игеру үшін барлық мектептердің интернетке қосудың маңыздылығын атап өтті.
Сенатор Д. Әділбеков Бурабай ауданында болды
Парламент Сенатының депутаты Дәурен Әділбеков Ақмола облысындағы Бурабай ауданында болды. Сенатор ауданның әлеуметтік-экономикалық қорытындыларымен танысты және жергілікті тұрғындармен кездесті.
Жергілікті өзін-өзі басқару бюджетінің төртінші деңгейге көшірілуіне байланысты маңызды мәселелер аудандық әкімдіктегі кеңесте талқыланды. Шараға аудандық әкімдік басшылары, аудандық мәслихат депутаттары, мемлекеттік кіріс, қазынашылық, әділет, статистика басқармаларының өкілдері, жергілікті полиция қызметінің бастығы, аумақтық округтердің әкімдері, бюджет бағдарламаларының әкімшілері, бұқаралық ақпарат құралдарының тілшілері қатысты.