Аймақтар • 14 Қаңтар, 2018

Аягөздегі айрықша той

492 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батырлар мен ғашықтардың елі Аягөз ауданында қасиетті жұма күні ғибраты мол өзгеше той өтті. Өзгешелігі сол, бұл той әдеттегідей мейрамханада немесе дәмханада емес, аудандық әлеуметтік көмек көрсету орталығында өтіп, қос мүмкіндігі шектеулі азамат Темірлан мен Мәдинаның ақ некесі өздерін тәрбиелеген, әлі де қамқорлық танытып келе жатқан шаңырақтың төрінде қиылды.

Аягөздегі айрықша той

Аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Саят Ибраев өмірдің қиындығына қайыспаған қайсар жандардың бас біріктіріп, жұп жарастырған қуанышына өңір жұртшылығы алғаш рет куә болып отырғанын айтады. «Кейде он екі мүшесі сау адамдар тағдырдың болмашы сынағына шыдамай бордай үгіліп, өмірден түңіліп жатады. Керісінше, туабітті кемтар немесе тағдыр тауқыметімен мүгедек болған жандар өмірге құштар келеді. Жаратқан Иеміз бұл жандардың бір мүшесін кем жаратып, мүмкіндігін шектегенімен, мұқалмас ерік-жігер, қажымас күш беріп, жан жарасын жеңілдететіндей. Темірлан мен Мәдина бір-бірін 10 жылдан бері жақсы таниды екен. АХАЖ қызметкерлері де, мешіт имамы да осында келіп, оларға неке куәлігін тапсырды. Тойы да осы жерде өтті. Қуанышқа аудан әкімінің орынбасары, мешіттің найб-имамы, мәслихат депутаттары, ішкі саясат бөлімі, аудандық көмек көрсету орталығының қызметкерлері мен тәрбиеленушілері, қариялар, екі жақтың ата-анасы мен туған-туыстары да ортақтасып, ізгі тілектерін білдіріп, сый-сияпаттарын табыстады», - дейді ол.

Ал өмірдің сынағына сыр бермей, жаңа өмірге бет түзеген жандардың некесін қиған Аягөз орталық мешітінің найб-имамы Ержан қажы Төлеубаев та мұндай жәйтке өз тәжірибесінде алғаш рет куә болғанын, өзінің аздап толқығанын да жасырмады. «Қобалжығанымыз рас. Өйткені, қазір біздің қоғамымызда қол-аяғы балғадай, тепсе, темір үзетін азаматтарымыздың отбасын құрмай, салт аттылы, сабау қамшылы болып жүргені аз ба? Немесе бүгін көңіл жарастырған жастардың жыл толмай, тіпті бір-екі ай өтпей ажырасып жатқандары ойландыра ма? Әрине, ойландырады. Осы тұрғыдан келгенде Темірлан мен Мәдинаның шаңырақ көтеруін біріншіден, батылдық, екіншіден, көптеген адамдарға үлгі-өнеге деп есептеймін. Әлеуметтік көмек көрсету орталығының қызметкерлері бұрын томаға-тұйық жүретін екеуінің соңғы кездері көңіл-күйлерінде оң өзгеріс байқалып, өмірге деген құлшыныстары арта түскенін бізге қуана жеткізді. Сондықтан осы орталық қызметкерлерінің еңбегін де естен шығармай, алғыс айтуымыз керек шығар», - дейді имам.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Аягөз ауданы