Фото: lukichev.biz
Бізді Елбасының әдеттегідей жас ұрпаққа білім беруге айрықша көңіл бөлуі ерекше қуантты. Жолдауда бізді білім берудің жаңа сапасына көтеретін жаңғырудың негізі ретіндегі адам капиталы болатынын атап көрсетеді. Осы ретте Мемлекет басшысының оқытуға техникалық тұрғыда қолдау көрсету жөніндегі тұжырымы көңілге қонады. Мұның шеңберіне цифрлы білім беру ресурстарын дамыту мен кең жолақты интернетке қосу да кіреді.
Бұл жолғы Жолдау мұның алдындағы Үшінші жаңғырудың жалғасы іспеттес. Бұдан бір жыл бұрын жарияланған сол құнды құжатта Нұрсұлтан Назарбаев экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыруына қол жеткізу, цифрлы технологияны қолдану, жаңа индустрияларды өркендету, өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, көлік пен логистика, құрылыс секторын дамыту, цифрлы индустрияны жеделдету мәселелерін алға шығарып еді. Елбасының тұжырымынша, Қазақстан осыларды жүзеге асыру арқылы бәсекеге қабілетті елге айналуға тиіс болатын.
Енді, міне, Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа белестерін атап көрсететін биылғы Жолдауда осы міндеттерді одан әрі дамытып, жалғастырудың бағдарлары мен бағыттары ұсынылады. Мемлекет басшысы мұны 10 түрлі міндетті жүзеге асыру жолымен орындағанды жөн санайды. Осы міндеттердің қатарында рухани-әлеуметтік мәселелер де бар. Жолдауда мұны сапалық жаңа деңгейге көтерудің білім беру негізінде жасалуы керек екендігі де тайға таңба басқандай айқын көрсетіліп тұр. «Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет», делінген онда. Бұдан әрі Елбасы бұл міндетті қалай шешуге болатынын тарқатып айтып береді. Мұның ең сүбелісі білім беру бағдарламаларының үнемі әртүрлі өзгерістерге бейім болып шығуы. Жаңа білімді тек осылай ғана меңгеріп тұрудың жөні келеді.
Жолдауда орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу тездетілуге тиіс екені айтылады. Мұндай өзгерістер оқу жүйесіне мүлде жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар қабылданып, кадрлар тартылатынын аңғартады. Демек сол кезге дейін педагогтерді оқытуды және олардың біліктілігін арттыруды қайта қарау қажеттігі туындайды. Бұл тұста жоғары оқу орындарында кафедралар мен факультеттерді бұрынғыдан да дамыта түсу қажеттігі алдан шығады. Сол кезде білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқытудың сапасын көтеруге зор мән беріледі.
Құнды құжатта білім берумен және ғылыммен айналысудың соны әдістері мен жаңаша тетіктерді керек ететіні де айтылады. Бұл барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажеттігін білдіреді. Сол сияқты алдағы жылы мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу мәселесі де тілге тиек етіледі. Сонымен бірге жас ұрпақты ғылыми-зерттеу саласына, өндірістік-технологиялық ортаға ұтымды кірістіруге алып бара алатын қазіргі заманғы жаңғыртуларға арқа сүйеу керектігі де ескерілген екен.
Елбасы жоғары білім беру жүйесінде ақпараттық технологиялар бойынша білім алған түлектер санын көбейту керек екеніне назар аударады. Мұның ыңғайында отандық жоғары оқу орындарының шетелдердегі жетекші университеттермен, ғылыми орталықтармен, ірі кәсіпорындармен және трансұлттық корпорациялармен бірлескен жобаларды жүзеге асыруы керектігін ескертіп өтеді. Бұл жас ғалымдардың ғылыми гранттар аясына квота бөліп, оларды қолдаудың жүйелі саясатын жүргізуге барып ұласады. Сол сияқты жас ғалымдардың білім беру саласына өзінің инвестициялық жобасы мен экспорттық әлеуетті экономиканың жеке саласы ретінде қарайтын уақыты келгені де қаперге алынады. Осының бәрі біздің қазіргі заманның талаптарына сай келетін мамандарды даярлап шығаруымызға жол ашып береді. Қолданбалы ғылыми-зерттеулерді ағылшын тіліне біртіндеп көшіруді жүзеге асыру туралы нақты тапсырмалар берілді. Жас ғалымдарымызға ғылыми гранттар аясында квота бөліп, оларды қолдаудың жүйелі саясатын жүргізу хақында жақсы ұсыныстар білдірілді. Менің ойымша, бұл – білім мен ғылым саласы мамандарына беріліп отырған зор мүмкіндік. Тағы бір қуантарлығы, бұл құжатта мұғалімдер мәртебесін көтеруге де ерекше назар аударылып отыр.
«Жоғары оқу орындарына білім беру бағдарламаларын жасауға көбірек құқық беріп, олардың академиялық еркіндігін заңнамалық тұрғыдан бекіту керек» делінген Жолдауда. Мұның қабатында оқытушылардың қайта даярлықтан өтуіне күш салып, жоғары оқу орындарына шетелдік менеджерлерді тартып, әлемдік университеттердің кампустарын ашуға мән берілуі тиіс. Бұған қоса, ұлттың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамытуымыз керектігі тағы бар. Айналып келгенде, бұл қадамдардың барлығы «Рухани жаңғыруға» қызмет ететін болады.
Білім беру саласының қызметкері ретінде бізді Жолдауда маман даярлау сапасын арттыра түсуге көңіл бөлінгені да айрықша қанаттандырады. Иә, қазір аз да болса саз маман әзірлейтін кезең келді. Бұл баяғы бір кездердегідей оқу орындарының топырлатып түлек шығаратын үрдісінің күні кетіп бара жатқанын да байқатады.
Мұның бәрі жаңаша ойлауға жатады. Ал жаңаша ойлау туралы білімді ұсыну мен өңдеу инновациялық қоғам үшін аса маңызды екені анық. Жолдаудың білімге қатысты құрмет көрсетуді үндейтін тармағынан туған ойлар бізді осындай тұжырымдарға жетелейді. Түптеп келгенде, білім біздің жоғары оқу орындары мен мамандардың бәсекеге қабілеттігін арттырып, олардың осы саладағы іс-әрекеттеріне нағыз безбен болады.
Гауһар АЛДАМБЕРГЕНОВА,
Қазақ қыздар педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор