Сонау 90-шы, одан кейінгі жылдарда да аудандық, ауылдық жерлерде ауруханалар жабылып жатты, мамандар тіпті жетіспеді. Сондай қиын кезде Қостанай облысының Федоров аудандық ауруханасы қалыпты жұмыс істеп тұрды. Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген дәрігерінің есімі «Қазақстан денсаулық сақтау саласының элитасы» кітабына енген болатын. Атақты хирург 15 мың сәтті ота жасаған екен, демек, 15 мың адамның өмірін сақтап қалды деген сөз ғой. Ол дәрігерлер династиясының негізін қалады, балаларын осы күрделі де жауапкершілігі мол мамандыққа тартты. Виктор Вильгельмович облыс денсаулық сақтау саласына сіңірген еңбегі үшін Еуропалық ғылыми-өнеркәсіптік палатасының алтын медалімен марапатталған еді, Халықаралық Бейбітшілік сыйлығының лауреаты болған. Бірақ қанша адамның өмірін ұзартқан дәрігердің өзі ажалға қарсы тұра алмады, 2014 жылы Виктор Финк дүниеден озды.
Виктор Вильгельмович білікті дәрігер ғана емес, айналасына шуақ шашып тұратын жаны таза, адам ретінде де көптің есінде қалды. Аудандық ауруханада Виктор Финкке арнап ескерткіш бұрыш ашу туралы бастаманы көтерген де өзі емдеген қарапайым адамдар, ардагерлер болатын.
– Виктор Вильгельмовичтің ерен еңбегінің арқасында аудандық аурухана қиын жылдардың өзінде қалалық аурухана дәрежесінде жұмыс істеді. Қазір оның ұлдары Евгений мен Эдуард та осы ауруханада әкесінің жолын жалғастырып отыр. Олар «Karl Storz» атты неміс фирмасының заманауи жаңа құрылғысымен өте күрделі операцияларды жасайды, – деді аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Мылтыққали Сырғабаев.
Сүйікті дәрігерге арналған ескерткіш бұрыштың ашылуында оның жерлестері, ауылдағы қарапайым жандар тебірене сөйледі.
– Виктор Вильгельмовичпен әңгімелесудің өзі бір рухани рахатқа бөлер еді. Ол кісі адам таңдамайтын, жұрттың барлығына бірдей қарайтын, – дейді Владимир Заверуха. Қарақопа селосынан келген Валентина Дробышева сүйікті дәрігеріне арнап өлең жазған екен. Дәрігердің досы Сұлтанмәжит Сәрсенбаев Виктор Вильгельмовичтің есімін есте қалдыру үшін көп жұмыс істепті. Ескерткіш бұрыштан дәрігердің өмір жолындағы елеулі белестерді көруге болады. Әр жылдарғы суреттері, құжаттары, алған марапаттарымен қатар, Виктор Вильгельмовичтің өзі ағаштан ойып жасаған түрлі мүсін-шығармалары да қойылыпты. Ол өнерді пір тұтатын.
– Табиғатты керемет жақсы көретін. Аурухананың айналасына түрлі ағаштар отырғызатын. Өзі теріп келген ағаш бұталарын кептіріп, қолы қалт еткенде жонып, мүсіндер жасап отыратын, – дейді медбике Татьяна Кутлина.
«Хирургия – нағыз ерлердің ісі» деп отырады екен дәрігер Виктор Финк көзі тірісінде. Ол осы сөзін өмірінде дәлелдеп те кеткен адам. Содан да халықтың ыстық ықыласына бөленді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай облысы,
Федоров ауданы