Фото: inform.kz
– Айдос Ыдырысұлы, Мемлекет басшысының Баспасөз хатшысы ретінде Сіз Қазақстан Президентінің жұмыс кестесінен ұдайы хабардарсыз. Жақында ғана Сіз Нұрсұлтан Назарбаевтың алдағы жоспарларымен бөліскен едіңіз. Сіздің ойыңызша, алдағы күндердегі ең маңызды оқиға не болмақ?
– Әлбетте, Мемлекет басшысының қызметіндегі негізгі оқиға АҚШ-қа ресми сапары болады. Осы сапар аясында жоғары деңгейдегі келіссөздер өтеді деп күтілуде. Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ Президенті Дональд Трамппен кездесуінің күн тәртібінде де кең ауқымдағы мәселелер белгіленген. Бұнда одан арғы екіжақты саяси даму, сауда-экономикалық өзара әрекеттестіктер, Қазақстан экономикасына америкалық инвестицияларды тарту мәселелеріне ерекше назар аударылады. Бұдан бөлек, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне еліміздің төрағалығы аясында Мемлекет басшысы аталған Кеңестің отырысына қатысып, осынау жаһандық органда сөз сөйлейтін болады. Тұтастай алғанда, бұл тарихи сапардың бағдарламасы маңызды шараларға толы. Қазақстан Президентінің америкалық жетекші саясаткерлерімен және бизнес өкілдерімен кездесуі де жоспарланған. Осыған байланысты ҚР Президентінің баспасөз қызметі тарихи сапардың барысы мен нәтижелерінен ақпараттар ұсынатынын атап өткім келеді.
– Қазақстан Президентінің АҚШ-қа ресми сапарынан қандай экономикалық тиімділік күтуге болады?
– Сапар қорытындысы бойынша екі мемлекет президенттерінің кеңейтілген стратегиялық әріптестік туралы Бірлескен мәлімдемесі қабылданады деп күтіледі, онда ХХІ ғасырдағы қазақстандық-америкалық байланыстарды одан әрі тереңдету мәселелері қамтылады. Сонымен қатар, келіссөздер аясында бірнеше миллиард долларды құрайтын бірқатар келісімге қол қою жоспарланған. Америкалық капиталдың қатысуымен жүзеге асатын бірлескен жобалар Қазақстан экономикасының әртүрлі салаларын қамтиды. Мемлекет басшысының АҚШ-қа ресми сапары екіжақты қарым-қатынастарға жаңа серпін беріп, оған ұзақмерзімді оң динамика қалыптастырады деп ойлаймын.
– Биылғы жылдың қаңтарынан басталған Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалығының мәніне тоқталып өтсеңіз?
– Бұл оқиға еліміздің халықаралық аренадағы мәртебесі мен беделін көтереді. Бұл - біздің дипломатиямыз үшін де баға жетпес тәжірибе, осы арқылы әлемдегі және өңірлердегі жағдайға әсер ететін шешімдер қабылдау процесіне еліміздің қатысу мүмкіндігі туып отыр. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі комитеттерінде басшылық жасау Қазақстанның әлемнің әртүрлі елдерімен заманауи қатерлер мен қауіптерге қарсы күресте өзара іс-қимылды одан әрі күшейтуіне жәрдемдесетіні анық. Қазақстан осы арқылы қауіпсіздік саласының ағымдағы жаһандық күн тәртібін қалыптастыруға, сондай-ақ орталықазиялық өңірдің аса маңызды проблемалары мен мүдделерін халықаралық аренада ілгерілетуге тікелей қатысудың жаңа мүмкіндігіне ие болып отыр.
– Сұхбатыңызға рақмет!