Қазақстан • 15 Қаңтар, 2018

Ричард Хогленд: Қазақстан мен АҚШ Президенттерінің арасындағы кездесудің маңызы зор

379 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі қызметін атқарған Ричард Хогленд Вашингтонда қазақстандық журналистермен кездесіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Америкаға ресми іссапарына қатысты пікірімен бөлісті. 

Ричард Хогленд: Қазақстан мен АҚШ Президенттерінің арасындағы кездесудің маңызы зор

Дипломаттың айтуынша, Елбасы Н.Назарбаев мен АҚШ Президенті Дональд Трамп арасындағы кездесуде екіжақты стратегиялық әріптестікті тереңдету және күшейту, өңірлік және экономикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланады.

«Қазақстан Президент Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Президенті Дональд Трамптың арнайы шақыртуымен Ақ үйге келетін Орталық Азиядағы тұңғыш көшбасшы. Мемлекет басшылары кездесу барысында алдағы үш жылға арналған дипломатиялық қарым-қатынастардың бағыт-бағдары айқындайды. Н.Назарбаев айтқан сөзді Ақ үйге жиналған лауазымды тұлғалардың бәрі мұқият тыңдайды, керек жерін қағазға түртіп алады. Осы тұрғыдан алғанда кездесудің екі елге де маңызы ерекше», деді Р.Хогленд.

АҚШ дипломатының пікірінше, Орталық Азия әлем назарын өзіне көбірек аударуды қажет ететін аймақ. Сонымен қатар Вашингтон да өңірмен тығыз әріптестік орнатуға мүдделі.

«Қазақстан Орталық Азиядағы көшбасшы мемлекет екенін шартараптың түкпір-түкпірі біледі. Елдеріңіз әлемдік деңгейде абыройға ие болып, халықаралық аренада саяси табыстарға қол жеткізді. Қазақстан мен АҚШ арасындағы сауда және экономикалық әріптестік тамырын әлдеқашан тереңге жіберген. Мұндай қуатты байланыстың себебі мынада. Тәуелсіздік алған тұста Президент Н.Назарбаев түбегейлі экономикалық реформалар жасау шешімі Қазақстанның әлемдік экономикада өз орнын табуға көмектесті. Қазақстан Президентінің бұл қадамы сәтті болғанын уақыт дәлелдеді», деді дипломат журналистермен кездесуінде.

Р.Хогленд Қазақстанда инвесторларға қолайлы жағдай жасалғанына тоқталды. Оның айтуынша, осы саланы жетілдіру мақсатында елімізде атқарылып жатқан шаралар халықаралық қоғамдастық тарапынан жоғары бағаланған.

«Қазақстанға инвестиция салған америкалық алпауыт компаниялар жетерлік екенін көпшілік біледі. Мысалы, Астанада General Electrics тиімді жұмыс істеп отыр. Бұдан бөлек көптеген түрлі деңгейдегі америкалық компаниялар мыңдап саналады. Қазіргі таңда Қазақстандағы инвесторларға қолайлы жағдай жасалғандықтан, алдағы уақытта олардың саны артатынына кәміл сенемін», деді бұрынғы елші.

Дипломат бизнес өкілдері әрдайым қағазбастылықтың аз және инвестиция салудың мүмкіншіліктері оңай болғанын қалайтынын атап көрсетті. Осы орайда, елімізде кезең-кезеңімен атқарылып жатқан инвесторларға қатысты оң өзгерістерді әлем елдері байқап үлгерген.

«Бизнес бастауға жасалған жағдайды анықтайтын Ease of doing Business деп аталатын халықаралық сараптама бар. Қазақстан аталған тізімдегі орнын жылдан жылға жақсартып келеді. Бұл сараптамаға бизнес өкілдері үлкен мән береді. Өйткені олар инвестиция салмастан тұрын сондағы кәсіпкерлікке жасалған жағдайға, түсетін пайда көлеміне және жергілікті тұрғындардың біліміне назар аударады. Қазақстанда мұның бәрі бар», деді дипломат.

 Журналистермен кездесуінде Р.Хогленд Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы ретіндегі бастамалары маңызды екенін атап көрсетті. Оның пікірінше, еліміздің ұстанымы БҰҰ тарапынан жоғары бағаланып отыр.

«БҰҰ-дағы Қазақстанның Тұрақты өкілі Қайрат Омаровты АҚШ-та елші қызметін атқарып жүрген кезінен жақсы танимын. Ол ‒ әлемдік деңгейдегі саясаткер. Қ.Омаров БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі күн тәртібіндегі мәселелерді анықтау үшін көптеген елдермен тығыз байланыс орнатты. Төрағалық мерзімінде Қазақстан көтерген бастамалар БҰҰ тарапынан қолдау табатынына сенімдімін», деді дипломат.

Р.Хогленд Барак Обаманың бастамасымен өткізілген «С5+1» форматындағы кездесу төңірегінде де әңгіме қозғады. Оның айтуынша, Д.Трамп онымен жақсы таныс және кездесуді қолдайды. Елші жылына бір рет ұйымдастырылатын жиынның жеткіліксіз екенін, сондықтан Орталық Азиядағы бес мемлекет ресми түрде тізе қосып жұмыс істеп, геосаяси блок құруға шешім қабылдайтынына сенім білдірді. Оның пікірінше, мұндай қадам аймақтың әлеуетін және экономикасын күшейтіп, егемендікті нығайта түседі.

Бұдан кейін, Р.Хогленд БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі Қазақстан төрағалығы кезінде талқыланатын тақырыптардың өзектілігіне тоқталды. Ол ядролық қаруды таратпау мәселесі қазіргі таңда күн тәртібінде тұрғанын айтады. Елшінің пікірінше, Қазақстан бұл мәселеде көрегендігін көрсетіп, жаппай қырып-жоятын қаруға қатысты берік ұстанымын белгіледі. Р.Хогленд еліміздің мұндай шешімі басқа елдерге үлгі болуы тиіс деп есептейді.

Ричард Хогленд 2008-2011 жылдар аралығында АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі қызметін атқарды. Сондай-ақ Азиядағы бірқатар елде дипломатиялық миссиясын орындады.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

ВАШИНГТОН