Футбол • 15 Қаңтар, 2018

Үздік менеджер – Хамитжанов

891 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

2017 жылы ел футболында көптеген елеулі оқиғалар орын алды. Соның бірі «Астана» футбол клубының Еуопа Лигасының плэй-офф сатысына өтуі. Бұл сөзсіз қазақ футболының тағы бір жетістігі. Бапкер Станимир Стойловты, одан кейін гол салған футболшыларды, жеңіске қолғабыс еткен жанкүйерлерді, қаржылай демеушілік қылған «Самұрық-Қазынаны» арлы-берлі толғап айтып жатырмыз, жазып жатырмыз. Алайда, осы жеңістердің бастауында тұрған бір кісі ұмыт қалған секілді. Ол – Саян Хамитжанов.

Үздік менеджер – Хамитжанов

Ұмыт қалды деуіміз артық болар, дегенмен көп мақтаулылардың арасында ерекшеленбей қалғаны байқалады. Себебі, көп жанкүйер біле бермес – жасыл алаңның сыртында да қаншама қыруар шаруа атқарылып жатыр. «2017 жылдың ең үздік футбол менеджері» деген марапатқа ие болған Саян Жақсыгелдіұлы туралы азды-кем айта өтсек артық болмас.

Әлемдік футбол менеджерлер мен бапкерлердің қолында екенін екінің бірі біледі. Жарғақ құлағымыз жастыққа тимей түн жарымында шырт ұйқыны бұзып көретін әлемдік футболда Жозе Моуриньо, Антонио Конте, Карло Анчелотти секілді бапкерлер бар екенін және олардың алаңдағы 11 футболшыны ғана емес күллі команданы басқарып отыратыны айдан анық. Кейде бір қолына радио басқарғыш алып алып әлемдік жұлдыздарды ойнатып отырған адамдар ма деп қаларсың. Еуропада мұндай мамандарды – менеджер дейді. Себебі, олар жай ғана жаттықтырушы деңгейінен өсіп кеткендер. Лукакудың қайда ауысатынын, Неймардың қай тұста ойнайтынын немесе Мессидің қай жерде айып добын орындайтынын солар шешеді. Олар жасыл алаңнан тыс мәселелерді де шешеді. Гол соққанға арнайы қаламақы тағайындап, жақсы ойнап көзге түскенді көтермелеп, кеудесінде наласы бар жанкүйерлердің де көңілін тауып – команда үшін бәрін жасайды. Тіпті, Сэр Алекс жайлы әлгі аңыз бар ғой. «Манчестер Юнайтед» клубында жұмыс істегісі келетін еден жуушының өзі Алекстің алдынан өтпей жұмысқа қабылданбайтын делінетін. «Астана» командасының жетістіктеріне арқау екі менеджер бар делік. Бірі жасыл алаңдағы футболға жауапты – Станимир Стойлов болса, екіншісі тура соған жетеқабыл еңбегі бар алаң сыртында жүретін – Саян Хамитжанов.

«Астана» футбол клубының президенті болғалы бері Саян Хамитжанов ел футболына еуропалық менеджментті алып келгендей. Алдымен оның елордаға алып келген футболшылары мен бапкерлерін саралайық. Бапкер мәселесін шешіп, Болгарияда жүрген Стойловты шақыртты. Ешкімге есімі таныс емес «Ботевтің» бапкерін дүйім жұртқа әйдік еткен осы кісі. Әйтпесе, туа бітті талантты бапкер болса Стойлов бірден Топ біріншіліктерде қызмет етер еді. Станимирдің өзі де сұқбат берген кезінде Хамитжанов секілді менеджермен тандем құрғанын мақтана айтып жүреді. Себебі, бапкер мен басқарушының бастары бір қазанда қайнамаса алға қойған шаруаңның берекесі қашады. Талантты аяқдопшы болғанымен, бапкердің ой дәптеріне енбесе ондайларды командаға құр масыл қылудың қажеті не?!

«Астана» бапкері ұнатқан, командаға алғысы келген көп ойыншыға клубтың қаржысы жетпеген кездер аз емес. Ал қаржы жететін ойыншыларды басшы қалағанымен, бапкер ұнатпай жатады. Осы тұста біркелкі таңдау жасау барысында Станимир мен Саян жұбы Неманья Максимович, Иван Маевский, Патрик Твумаси, Джуниор Кабананга секілді сайыпқырандарды алды. Қазақстан премьер-лигасынан Испан Ла-лигасына футболшы ауысты дегенді естуіңіз бар ма еді? Елордалық ұжымның сапында көзге түскен серб жартылай қорғаушысы қазір «Валенсия» сапында гол соғып жүр. Одан бөлек Твумасиге көз тігіп, Кабананганы сатып алғысы келетіндердің қатары көп. Қазақстанның көп клубтары секілді екінші сортты сырттандарды жинап алмай, сапаға мән беретін клуб осы күні жергілікті қазақстандық футболшылардың да өсуіне жол ашты. Осы күні Испания лигасындағы «Малага» командасы Логвиненкоға, ресейдің бірқатар ұжымдары Серікжан Мұжықов пен Дмитрий Шомкоға құда түсіп отыр. Бұл «Астанаға», жалпы Қазақстанға жарнама екені даусыз. Бұрындары Қазақстан біріншілігіне аяқ баспайтын көптеген сапалы легионерлер бұл оқиғадан соң, ағыла түсер деп отырмыз. Мысал іздеп алысқа бармаймыз, 10 жыл бұрын Ресей футболы осындай жағдайдан өткен.

Еуропа алаңдарында аброймен өнер көрсетіп, ел атағын шығарып жүрген команда сонымен қатар азды-кем қаржы да тауып жүр. Бір маусымда 17 миллион еуро табыс түсіріп, азулылармен терезесі тең шайқасты. Мұның өзі ел футболының дамуына қосқан зор үлес.

Жыл сайын жанкүйері артып келе жатқан «Астананың» жетістіктерінің қойнауында тұрған адамдар көп. Клубқа қызмет ететін автобус жүргізушісінен бастап, футбол теориясын талқылайтын бапкерлерге дейін Саян Хамитжанов секілді менеджер құрған сағаттың сыртылындай үздіксіз жүріп тұратын механизмінің бір бөлшегі. Сондықтан да, ел футболында үздік менеджер атанатын да жөні бар.

Ермұхамед МӘУЛЕН,

«Егемен Қазақстан»