Бағдарламалар • 15 Қаңтар, 2018

Сенаторлар Ақмола облысында Жолдауды түсіндірді

337 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенаторлар Рашит Әкімов пен Дәурен Әділбеков Ақмола облысындағы Шортанды ауданына жұмыс бабындағы сапары аясында «Полимер-Пласт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірістік қуатымен танысты, деп хабарлайды Мәжілістің баспасөз қызметі.

Сенаторлар Ақмола облысында Жолдауды түсіндірді

Кәсіпорын 2014 жылдан бері 400 миллион теңге болатын мыңдаған тонна полиэтилен өнімдерін өндірді. Осы заманғы жабдықтар қойылған цехтардың арқасында мұнда қалдықсыз өнім шығарылады. Қалдық шикізаттан қоқыс салынатын қаптар шығару жолға қойылған.

Р. Әкімов пен Д.Әділбеков аудан активімен болған кеңесте Президент Н.Ә. Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында алға қойылған негізгі міндеттерге тоқталды. Сенаторлар сондай-ақ, Парламенттің өткен жылғы жұмысының қорытындылары мен заңнамадағы өзгерістер туралы таныстырды.

Cенатор Д.Әділбековтің Целиноград ауданында болған кездесулерінде де Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын талқылау негізгі тақырып болды. Депутат әлеуметтік дүкен жұмысымен танысу барысында мүмкіндігі шектеулі адамдарды еңбекке орналастырудағы жұмыстарын жоғары бағалады. Парламентші сондай-ақ «Capital Projects Ltd» және «Eco Park Astana» кәсіпорындарында да болды.  

Әкімдіктің қызметкерлерімен, мәслихат депутаттарымен, кәсіпорындар мен шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесулерде сенатор салық заңнамасына енгізілген өзгерістер туралы әңгімеледі. Д. Әділбеков биылғы жылдан бастап патент негізіндегі арнайы салық тәртібін қолданатын кәсіпкерлер үшін салық мөлшері 2 пайыздан 1 пайызға дейін азайтылып, әлеуметтік салық жойылатынын атап өтті.

Ауыл шаруашылығын дамытудың келешегі егжей-тегжейлі талқыланды. «Сапалы өнім өндіру мақсатында агроөнеркәсіп саласындағы ғылымға ерекше назар аудару керек. Сондай-ақ  ең алдымен сапасымен ерекшеленетін өзіміздің ұлттық бренд жасау аса маңызды», деді Д.Әділбеков.