Ұлттық экономиканың дамуына шешуші ықпал ететін маңызды сала ауыр өнеркәсіп екені белгілі. Оның өндіруші және өңдеуші кәсіпорындардан құралатынын ескерсек, Қазақстанда ең алдымен мұнай, газ өндіретін құрылымдарды атауға болады. Елімізде ауыр өнеркәсіптің дамуына жер асты байлықтары кең мүмкіндік береді. Биыл ел Тәуелсіздігіне жиырма жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында ауыр индустрия саласы айтарлықтай жетістікке жетті. Жүзеге асырыла бастаған 2010-2014 жылдарға арналған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы келешек бағытымызды айқындайтын басты экономикалық құжат.
Геологиялық барлау саласында инвестиция мен инновацияның қайнар көзі ретінде жұмыс істеп келе жатқан «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-қа қарасты Инженерлік орталықты айтуға негіз бар. Орталық өндірістік активтер қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында бүгінде ерекше бағдарламаларды басшылыққа алған.
Қазіргі кезде «Инженерлік орталық» ұжымы «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-қа қарасты кен орындарын игеру тиімділігін арттыратын өндірістік міндеттердің сапалы шешімін табу мақсатында ғылыми-зерттеу, талдау және тәжірибе жүзінде тексеру жұмыстарын жүргізуде. Филиал бірнеше бағытта жұмыс істейді. Мәселен, кен орындарының геологиялық және гидродинамикалық үлгілерін түзіп, тиянақтайды. Ұңғыларды геофизикалық-гидродинамикалық тұрғыдан зерттеудің ауқымын белгілеп, сапасын бақылайды. Кен орындарын әзірлеу жайына талдау жасап, олардың қорын есепке алады. Бұған қоса, жер қабаттарының өнімділік қарымын арттырып, мұнай шығару қарқынын еселеу жөніндегі геологиялық-техникалық шаралар мен жаңа технологияларды енгізуге қатысты ұсынбалар беріледі. Сондай-ақ, инженерлік орталық қызметкерлері геологиялық-кәсіпшілік және геофизикалық ақпараттарды жинап, аумақтық деректер банкінің бірегей жүйесіне реттеп енгізумен, оларды ұдайы толықтырып отырумен айналысады. Ұңғыларды салу және күрделі жөндеу сапасына жедел геологиялық-технологиялық бақылау (супервайзерлік) жасап, қызметкерлердің қажетті санын негізді түрде анықтап, жұмыс өнімділігін арттыру үшін еңбек жағдайының ғылыми сараланған нормативтерін әзірлейді.
«Инженерлік орталық» филиалы өндірістік бөлімдерінің қатысуымен «Ембімұнайгаз» ӨФ-на қарасты Забурын, Досмұхамбетов, Кенбай, Ботақан мен Уаз кеніштерінің, «Қазгермұнай» БК» ЖШС-ге қарасты Ақшабұлақ пен Нұралы кеніштерінің геологиялық-гидродинамикалық үлгілемелері жасалып, тиісті кәсіпшілік шаралар есебінен жалпы жұмыстың тиімділігін арттыратын арнаулы ұсыныстар түзілді. Осындағы үлгілік үдерістердің өзі «Шлюмберже» компаниясының заманауи «Petrel» және «Eclipse» бағдарламалары негізінде жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, 2010 жылы «Инженерлік орталық» филиалының жобасымен Өзен және Қарамандыбас кеніштерінде 3 бағалау ұңғымасы бұрғыланып, кен үлгілері зерттелді. Соның нәтижесінде жер қабаттарының геологиялық-геофизикалық сипаттары туралы ақпараттар қоры толықтырылып, олар кен орындарын игеру барысында кәдеге жаратылды. «Ембімұнайгаз» ӨФ-ке қарасты кеніштерді де зерттеп, геологиялық-геофизикалық жай-күйіне орай жаңа технологияларды енгізу жұмыстары қолға алынды. Мәселен, Крылов атындағы Мұнай ғылыми-зерттеу институтымен бірлесе отырып, юралық дәуірі көлбеулеріне дүркін-дүркін су айдап, Шығыс Молдабек кенішіндегі М1 және М2 нысандарының жер қабатынан мұнай шығару қарқынын арттырудың әралуан тәсілдерін қолдану мүмкіндігін қарастыруда.
Филиал қызметінің инновациялық бағыттарының бірі – аумақтық-бөліністік деректер банкінің жобасын қолдап, тиянақтап отыру. Ол, негізінен, геологиялық-геофизикалық ақпараттардың бірегей өрісін қалыптастырып, оларды ұзақ мерзімге, ұқыпты сақтауды, жинақталған деректерді уақтылы беру арқылы шешімдер қабылдау барысын шапшаңдатуды, сол арқылы кен орындарын басқару ісін оңтайландыруды мақсат етеді.
«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-тың құрамынан бұрғылау компанияларының активтері шығарып тасталуына байланысты мердігер ұйымдардың жұмысына акционерлік қоғам тарапынан геологиялық-технологиялық бақылау орнату қажеттігі пісіп-жетілді. Сол себеппен филиал ұңғы құрылысы мен күрделі жөндеу жұмыстарын көз жазбай қадағалауға көшті. Соның арқасында жаңа ұңғылар құрылысының мерзімі қысқарып, оларды бекіту сапасы жақсарды, ұңғыларды бұрғылау мен күрделі жөндеудің сапасы жақсарды. Енді бұрғылау станоктары мен арнаулы техниканы жаңарту көзделіп отыр. Кенішті бұрғылау мен игеру барысында «Smith bit», «Hughes Christensen» компанияларының жонышты және алмасты қайласы (PDC), «Baker Hughes», «БурИНТЕХ» компанияларының ұңғып қазу қозғалтқыштары пайдаланылуда. Әсіресе, бұрғылау ерітінділері саласына полимерлі заттарды қолдану, тампонажды материалдарға әр алуан қоспаларды үстеу арқылы заманауи технологиялар өндіріске кеңінен енгізіле бастады.
«Инженерлік орталық» филиалы өз жұмысын жан-жақты жетілдіре отырып, акционерлік қоғамның стратегиялық мақсаттарына сай даму жолын көздейді. Бұл компанияның сатып алған жаңа активтеріне байыпты бақылау орнатып, орнықты басқару талабынан туындап отыр. «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-тың барлық кеніштерінде геологиялық-гидродинамикалық үлгілер жасап, толық көлемде пайдалануға біртіндеп көшу арқылы жүзеге аспақ. Іргелі ғылыми-зерттеу ұйымдарымен, озық технологияларды иеленуші компаниялармен байланысты өрістете отырып, өз кадрларын оқытып, даярлау, акционерлік қоғамның ғылыми-талдамалық базасын нығайту ісі жалғаса береді. Алдағы уақытта өндіріс қаупі мен дүдәмалдығын азайту мақсатында кен орындарының жағдайын лабораториялық зерттеу ауқымын кеңейту, іздеу және барлау геологиясының, мұнай өндіру техникасы мен технологиясы, мұнай тасымалдау, экологиялық қауіпсіздік мәселелерін қамтитын бағыттарды дамыту жоспарланып отыр.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.