Қазақстан • 17 Қаңтар, 2018

Абзал Талтенов: Елбасы Жолдауы жетістікке жету жолын айқындады

411 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Күні кеше ғана Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына кезекті жыл сайынғы Жолдауын елге ұсынды. Жолдауды Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемле­кеттік университетінің профессор-оқытушылар құрамы зор қызы­ғушылықпен қабылдап отыр. Бұл Жолдау жаңа әлемге, яғни Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын табу үшін не істеу қажеттігін айқындап берді. 

Абзал Талтенов: Елбасы Жолдауы жетістікке жету жолын айқындады

Атап көрсетілгендей 10 бағыт­қа жүктелген жұмыс – барша қазақстандықтар болып жұмылып атқарылар абыройлы іс. Әсіресе Жетінші міндет: Адами капитал – жаңғыру негізі. Білім берудің жаңа сапасы бо­йынша Елбасы «Барлық жастағы азаматтарды қамти алатын өзіміздің алдыңғы қатарлы озық білім беру жүйемізді құру­ды жеделдетуіміз керек», деп Үкіметке нақты міндеттемелер қойды. Қазіргі заман талаптарына сәйкес оқытудың мазмұн­ды­лығы заман­ауи техника­лық тұрғыдан қолдау көрсету арқы­лы үйлесімді түрде толық­тыры­луға тиіс. Президентіміз өз Жолдауында «Жоғары оқу орындары шетелдердің жетек­ші университеттерімен, ғылы­ми орталықтарымен, ірі кәсіп­орын­­дарымен және транс­ұлттық корпорациялары­мен бірлескен жобаларды белсен­ді түрде жүзеге асыруы қажет. Жоғары оқу орындарына білім беру бағдарламаларын жасауға көбірек құқық беріп, олар­дың академиялық еркіндігін заңна­малық тұрғыдан бекіту керек. Оқытушылардың қайта даярлықтан өтуіне күш салып, жоғары оқу орындарына шетелдік менеджерлерді тартып, әлемдік университеттердің кампустарын ашу қажет», деп қазақстандық жоғары оқу орындары алдына жаңа талаптар жүктеп отыр.

Өз басым Елбасының бұл талап­тарын заманға лайық, кезеңі келген және орындалуы аса қажет міндеттер деп санаймын. Қазіргі таңда Халел Досмұхамедов атындағы Аты­рау мемлекеттік университетін­де Елбасы тапсырмаларынан туындайтын  жұмыстар қолға алынып, жаңаша стратегия­лық даму жос­пары жасалынып жатыр. Бүгін­де Атырау уни­верситетінің ғылы­ми-зерттеу бағытындағы жұ­мыс­тарын дамыту үшін көптеген шетел университеттерімен және ғылыми-зерттеу ұйымдарымен тығыз байланыстар орнады. Мұның бар­лығы мемлекеттік университеттер Ассоциациясы аясында Каспий маңы мемлекеттері – Ресей, Иран, Әзербайжан, сондай-ақ АҚШ, Ұлы­британия және Түркия елдерімен қарым-қатынастан көрінеді. Биылғы оқу жылында университетімізде «ENGLISH ONLY SPACE» – екі компоненттен тұратын, ағыл­шын тілін үйренуге арналған инновациялық кешен және «I SPACE» – студент жастарға, қала тұрғындарына кәсіпкер­лік мәдениет пен дағдылар­ды қалыптастыруға, стартаптарды іске қосуға және жаңа компаниялардың дамуының бас­тапқы кезеңінде өсуіне ықпал етуіне бағытталған, университет қызметінің инновациялық нысаны, коворкинг алаңы сынды орталықтар іске қосылды. Осы жұмыстардың барлығы да Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзгерістер мен сын-қатерлерге дайын болу қажеттігін ескеріп, «Қазақстан-2050» даму стра­те­гиясын қабылдап, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының жүзеге асы­ры­луының арқасында қол жет­кізе алған жетістіктері­міз деп біле­мін. Х.Досмұхамедов атындағы Аты­рау мемлекет­тік уни­верситетінің про­фес­сор-оқы­­тушылар құрамы мен бар­ша ұжы­­мы Елбасымыздың Төр­тінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын табу жоспары саналатын Жолдауын толықтай қолдап жаңа заманға сай болу үшін жұмыла еңбек етіп, Қазақстанның жар­қын болашағы жолында биік мақсаттарға қол жеткізеді.

Абзал ТАЛТЕНОВ,
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры