Тараз қалалық Мәдениет үйінде Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары, Тараз қаласы бойынша ақпараттық топтың жетекшісі Бекболат Орынбековтің төрағалығымен қала активінің жиыны өтті. Аталған жиында қала әкімі Рүстем Дәулет баяндама жасап, Елбасы Жолдауында айтылған өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделудің 10 міндетіне тоқталды. Жалпы, Тараз қаласында 2015-2017 жылдар аралығында жалпы құны 19,3 миллиард теңгені құрайтын 9 индустриялық жоба іске қосылған екен. Нәтижесінде 290 жаңа жұмыс орны ашылған. Енді Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру аясында үстіміздегі жылы жалпы құны 6 миллиард 924 миллион теңге болатын 4 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде 607 жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар шаһар басшысы қаладағы кәсіпорындарда цифрлы технологияларды енгізу жұмыстары қолға алынғанын да атап өтті.
Өңірде құрылған ақпараттық топтың жұмыс кестесіне сәйкес, облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова мен облыс әкімі аппаратының агроөнеркәсіп кешені мониторингін дамыту бөлімінің басшысы Дулат Оспанов Шу ауданында болып, аудан активімен кездесті. Актив жиынында сөз алған аудан әкімі Қайрат Досаев Елбасы Жолдауы тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға және қоғамның дамуын қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті. Өз сөзінде Қарлығаш Аралбекова облыста кәсіпкерлікті қолдау картасы бойынша жалпы құны 568 миллиард теңгені құрайтын 36 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатқанын, ал еліміздің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының алғашқы бесжылдығында Шу ауданында жалпы құны 1,5 миллиард теңге болатын 2 жоба және 5,7 миллион АҚШ долларын құрайтын 1 жоба іске асырылғанын айтты.
Облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов бастаған ақпараттық топ Мойынқұм ауданында болып, төрт бағыт бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Актив жиынын аудан әкімі Бақытжан Нүркенов ашып, жүргізіп отырды. Сонымен қатар облыстық мәслихат аппаратының басшысы Біржан Күзембеков, облыстық экология департаментінің басшысы Қанатбек Мәдібек, облыстық қазақ драма театрының директоры Болат Бекжанов, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің проректоры Санат Әшірбеков, облыстық дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров және басқа да азаматтар ауданның Қылышбай, Құмөзек, Қарабөгет ауылдарында болып, көпшілікпен кездесті.
Ал «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев Талас ауданына келіп, «Қазфосфат» ЖШС-на қарасты «Шолақтау» тау-кен кешенінде өткен кеншілер жиынына қатысты. Мұнда Елбасы Жолдауынан туындаған міндеттер әңгіме өзегіне айналып, өндірісті өркендету жайы сөз болды. Кешен жұмысшылары кездесу барысында Елбасы Жолдауы, әсіресе химия саласының қызметкерлеріне серпін беретініне, сондықтан өңірде өндіріс саласы өркендей беретініне сенім білдірді.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы