Жазған Жасағанға адал болмаса, өзгермейтін ақиқат адамды таңғалдыратын сипат алады» деген сөздерімен түсіндірген. Ататүріктің осы аксиомасы Ұлы Дала кеңістігінде Елбасының еңбегімен дәлелденуде.
Қазақ елінің тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңі – еліміздің мыңжылдықтар тарихының шын мәніндегі қайта өрлеу, яғни «ренессанстық» дәуірі болды.
Көшпелілер өркениеті мен отырықшылық мәдениеттің тоғысындағы Ұлы Дала тарихын тәуелсіз санамен, ұлттық ұстанымда саралау тек тәуелсіздік кезеңінде ғана іске асты. Бұл жерде тәуелсіз тарих жасаудағы тұлғалық фактор басым болды.
Мемлекет тарихын көрнекті тұлғалар арқылы зерделеу – қазақтың байырғы таным-түсінігінде ертеден қалыптасқан дәстүр. Қазақтың шежірелік зердесінде тарих ұдайы жеке тұлғалардың өмір дерегі арқылы танылып отырады.
Ақиқатында ұлт болып қалыптасуымыздағы ұлы тұлғалардың айрықша орын алатындығы сан ғасырлық тарих парақтарында қатталып жатыр. Бұдан шығатын түйін: «Тарихты тұлғалар жасайды!».
Қазақстанның тарих ғылымы мектебі кеңестік кезеңде қалыптасты десек те, тарихымызды ұлттық көзқараста қайта тұжырымдау, отандық тәуелсіз тарих ғылымын қалыптастыру Қазақстанның бірінші жаңғыру кезеңінде, яғни тәуелсіз мемлекетіміздің дүниеге келуімен жүзеге асқан үдеріс. Елбасының тарихқа, саясатқа, мемлекет дамуына, экономикаға байланысты еңбектері ұлттық тарихты зерделеудің жаңа методологиялық базасы десек артық айтпаспыз.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жаңадан еңсе тіктеген жас мемлекет үшін сын сағаттар мен сындарлы сәттерге, болашақты болжап болмайтын, бірақ тарих беттеріне қатталып жатқан тағдыршешті қадамдарға толы болды. Осындай сәтте мемлекеттің жауапкершілігін мойнына алатын, тәуекелі жететін тұлғаның қолында болуы тиіс екендігін сол кезеңнің шындығы дәлелдеп берді. Мемлекеттің басқару жүйесін реформалау, президенттік биліктің өкілеттілігін нығайту – Елбасының тарихи күрделі кезеңде қолға алған нәтижелі шешімі. Мысалы, тәуелсіздік аясында – 1990 жылдан бастап 2000 жылға дейінгі аралықта Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың басшылығымен елімізде 5000-нан астам акті қабылданды, оның ішінде – 970 заң, 2700 жарлық, 370-тен астам қаулы, 900-ден астам өкім бар. Сондай-ақ Елбасы 10 мемлекеттік бағдарламаға қол қойған. Осы қабылданған маңызды құжаттар сол бір күрделі кезеңде мемлекеттіліміздің тұрақталуына негіз жасады.
Елбасының тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңдегі дүниеге әкелген «Әділеттің ақ жолы», «Тарих толқынында», «Ғасырлар тоғысында», «Қазақстан жолы» еңбектері шын мәнінде отандық тарих ғылымына жаңа методологиялық серпін берді. Президент Отанымыздың қазіргі замандағы аса күрделі, сонымен бірге нәтижелі дамуына қатысты тарихты кезінде отандастарымыздан үлкен бағасын алған «Қазақстан жолы» еңбегінде тұжырымдады. Ал бүгінгі қалың оқырманға, оның ішінде ел болашағы жастарға жол тартқан «Тәуелсіздік дәуірі» туындысы – еліміздің бүгінгі дамуын жан-жақты қамтыған, өзекті тұжырымдар жасалған Қазақстанның қазіргі заман тарихы.
Тәуелсіз Қазақстан жағдайында Елбасы Н.Назарбаев азат елдің азат тарихын жасаушы һәм жазушы тұлға. Мұның айқын дәлелі ретінде жоғарыда аталған мемлекетіміздің қалыптасу кезеңдерінде толғамды тұжырымдары мен орамды ойлары кестеленген іргелі еңбектерін айта кеткеніміз абзал.
Әлемдік тәжірибеде өз елінің тарихына канондық негізде туынды арнаған ұлт көшбасшылары жоқ емес. Мәселен, Джавахарлал Неру, Ли Куан Ю, Уинстон Черчилль, Махатхир Мохамад сынды әлемдік саясатта өз елдерін өрге сүйреген қайраткерлер ұлттық жетістіктерін тарих парағына таңбалап қалдырды.
Осы тұрғыда Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» туындысын парақтаудан түйген ойларымды негіздей кетсем.
Біріншіден, аталған іргелі еңбекте мемлекетшілдік ұстаным, елдік сана, ұлттық рух ұтымды үйлесім тапқан. Қазақстанның тәуелсіздік шежіресіне көз жүгірткен әр адамға бұл кітап жол бастаушы болары сөзсіз.
Екіншіден, гуманитарлық ғылымдар, оның ішінде отандық тарих ғылымының алдағы міндеттерін айқындау, методологиялық тұрғыдан жаңару Елбасы еңбегінен басталуы тиіс.
Үшіншіден, мемлекетіміздің саяси бағдары, дипломатия, халықаралық байланыстар және әлемдік қоғамдастықтағы Қазақстан беделі сынды маңызды мәселелер тарихи-танымдық тұрғыда айшықталған.
Төртіншіден, Елбасының жоралы жолдаулары мен үндеулері, мемлекеттік маңызы бар бағдарламалар және олардың орындалуы мен нәтижелі көріністеріне осы еңбектен куә боламыз.
Бесіншіден, дербес мемлекеттердің ішінде ел астанасын ауыстырып, жаңадан астана салу сынды батыл қадамға барған елдер сирек. Ал Елбасы бұл күрмеуі қиын күрделі істі сонау 90-жылдардың басында-ақ қолға алды. Бүгінде еліміздің жүрегі Астана барлық жетістіктеріміздің бастауына айналды. Бұл – Мемлекет басшысының есімімен тікелей байланысты тарихи шешім. Елбасы еңбегінде осы игілікті істі әсерлі суреттеген.
«Мемлекетіміздің дүниеге келуі. Қазақстанның бірінші жаңғыруы (1991-1995 жылдар)», «Ұлы бетбұрыс. Қазақстанның екінші жаңғыруының басталуы (1996-1999 жылдар)», «Қияға құлаш сермеу. Қазақстанның екінші жаңғыруы (2000-2010 жылдар)», «Қалыптасқан мемлекет. Қазақстанның үшінші жаңғыруы (2010 жылдар)» сынды төрт тараудан тұратын еңбекте тәуелсіздік шежіресін айқындаушы деректер мен мәліметтер кеңінен қамтылған.
«Тарихты таразылай отыра, ақылға сала отыра, асыра саясиландырудан сақтануымыз керек... Менің терең пайымдауымша, Қазақстанның ұлттық тарихы біздің қоғамды біріктіру, көрші елдермен достық және өзара түсіністік қағидаттарына негізделуі тиіс». Бұл – Елбасының тағылымды еңбегінде айтылған тұжырым. Демек, Президент еңбегінде негізделген маңызды мәселелер отандық тарихымыздың дамуына бағыт-бағдар болатыны анық.
Мейір ЕСКЕНДІРОВ,
Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры
СЕМЕЙ