Республика аумағы бойынша 1600 респондент пен Демократиялық күштер коалициясының сарапшылары арасында өткен сұрау нәтижелерін Орталықтың директоры, әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Юлия Кучинская және Социологиялық зерттеулер бөлімінің меңгерушісі, әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Салтанат Ермаханова таныстырды.
Юлия Кучинскаяның айтуы бойынша, аталған зерттеу рухани жаңғыру бағытында жетістікке қол жеткізу және Президенттің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру жолында қоғамдық сана жай-күйінің маңыздылығына негізделген.
«СТСЗО-ның блиц-сұрауына сәйкес, халықтың 71,3 пайызы Президенттің Жолдауынан хабардар. Ендігі міндет – Жолдаудың мазмұнын барынша толық ашып, халыққа жеткізу болмақ. Бұл орайда әлеуметтің көңіл күйін түсіну маңызды. Өткен жылдың төртінші тоқсаны, сол сияқты 2017 жылдың ағымында Қазақстан халқының әлеуметтік жағдайы жалпы алғанда жақсы көрсеткішке ие. Деректерге үңілсек, тұрғындардың 86,2 пайызының көңіл күйі жақсы. Сауалнамаға қатысушылардың пікірі бойынша, соңғы үш ай ішінде олардың өмірінде жағымсыз оқиғадан гөрі, жағымды оқиғалар 5,2 есеге артқан. Бұл қоғамдық көңіл күйдің жалпы көрінісін береді», деді Юлия Кучинская.
Сондай-ақ ол өткен жылдың соңғы тоқсанында тұрғындардың көңіл күйіне ең көп әсер қалдырған жайттарға да тоқталып өтті.
Орталық басшысы ойын қорытындылай келе, тұрғындардың ең өткір мәселелері үштігін де атап, солардың алғашқысы материалдық проблемалар екенін тілге тиек етті.
Жиынға қатысушылар әлеуметтік көңіл күйдің қалыпты болуына елдегі экономикалық даму мен әлемдік саясаттың әсері де тиетінін жеткізді.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»