Кездесу барысында Хорватия Сыртқы істер министрлігінің басшысы Қазақстанды БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалығымен құттықтап, алдағы уақытта қазақстандық дипломаттарға табыстар тіледі.
Қазақстан мен Хорватия арасындағы дипломатиялық қатынастардың 25 жылдығына орай М.Пейчинович-Бурич екіжақты қатынастардың жай-күйі мен даму келешегіне жоғары баға берді. Өзара сауда-саттықтың өсуі байқалды, оның көлемі 2017 жылы қазақстандық статистика бойынша 325 млн доллардан асты. Өткен жылдың қазан айында өткізілген ведомствоаралық консультациялардың маңызы зор болды, нәтижесінде 2018-2020 жылдарға арналған екі сыртқы саяси ведомство арасындағы ынтымақтастық жоспарына қол қойылды.
Хорватияның СІМ басшысы Астанадағы ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің табысты ұйымдастырылуын атап өтті.
Елші Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының мазмұны туралы мәлімет берді. Құжатта көрсетілген тапсырмалардың жүзеге асырылуы екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық үшін қолайлы мүмкіндіктер туғызатынын атап өтті. Отандық дипломат Сыртқы істер министріне құқықтық базаны кеңейту, сыртқы саясат пен салалық ведомстволар арасындағы байланыстарды жандандыру, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту жөнінде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді.
«Егемен-ақпарат»