Аймақтар • 17 Қаңтар, 2018

Абайдың алғашқы кітабы

1408 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өткен жылдың желтоқсан айы­ның ортасын­да редакция тап­сырмасы­мен Се­мей ша­һа­рына барып қайтқан едік. Са­пар ке­зінде қаланың руха­ни ордасына ай­налған Абай­дың «Жидебай-Бө­рілі» мемлекеттік та­рихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің экспозициясымен және қорда тұрған кейбір құнды жәдігерлерді көріп, марқайып оралдық. 

Абайдың алғашқы кітабы

Аталмыш мекеме басшысы Болат Жүнісбеков мұндағы ма­ңыз­ды жәдігерлердің бірі – Абай­дың алғашқы кітабымен та­ныс­тырды. Бұл жинақ 1909 жылы Петербург қаласында И.Бора­ган­скийдің баспаханасынан басылып шыққан екен.

«Абайдың қазасынан (1904 жыл) кейін туыстары мен балала­ры ақынның мұрасын жинастырып, баспаға әзірлеуге кіріскен. Сөйтіп Кәкітай мен Тұрағұл 1905 жылы жазғасалым Абайдың өлең­­дерін, қара сөздерін жинап, түгендейді. Тапқандарын Мүр­сейіт Бікеұлының қолына беріп, әдемілеп көшіртеді. Ескіше құс­ни-көркем жазудың хас ше­бері Мүрсейіт молда арнайы тігіл­ген қоста отырып, бір айда жазып шық­қан», дейді музейдің аға ғылыми қызметкері Мұрат Мү­фиұлы.

Кәкітай мен Тұрағұлға ұлы ақын­ның қолжазбасын жинақ­тап, баспаға дайындауды тап­сырған адам Әлихан Бөкейханов. Әлекең 1915 жылы 18 қаңтар күні «Қазақ» газетінде жарияланған Кәкітайдың қазасы жайлы мақа­ласында: «...1904 жылы Абай мар­құмның өлеңін кітап қылып басың­дар деп, балаларына хат жаздым. 1905 жылы шілденің ая­ғын­да Кәкітай Абайдың қолжаз­басын алып Омбыдағы маған келді...», дейді.

Осы орайда шәкәрімтанушы ғалым Асан Омаров жоғарыдағы кітаптың жарық көруіне және дайындалуына Шәкәрімнің де үлесі бар дейді. Ғалым дәлел ретінде, әлі ғылыми айналымға түс­пеген маңызды дерек Мінәш Әрхамқызының 1995 жылы «Абай» журналында жарық көр­ген «Кәкітай» атты мақаласын көл­денең тартады. Мақала Кәкі­тайдың әйелі Бибі әжейдің есте­лігі негіз­інде жазылған.

Осындағы естелікте: төрт кісі (өзі және Тұрағұл, Шәкәрім, Кәкітай) Абайдың жылын бере­міз деп керек-жарақ алуға Се­мейге келдік депті. Дәл осы кезде Әлихан Бөкейханов та Се­мейде болған. Бәрі бас қосып, Абай­дың өлеңдерін талқылаған, жіктеп, жіліктеген. Одан әрі қа­рай Бибі әжей есте­лігінде: қа­сым­дағылардан «бұл кісі кім?» деп сұрағанымда, оқы­ған, ақылды адам Абай ағаның өлең­дерін қа­раттық деген еді дей­ді. Бұл арада шынында Шәкәрім қа­жы­ның қатысқаны байқалып тұр.

«Әбден дайындалған қолжаз­баны Семейге Кәкітай алып кет­ті» деп жазады Әрхам ақсақал өзі­нің естелігінде. Сонымен қатар жол шығынына арнап сатып, пұл қылу үшін екі семіз ат, екі семіз түйені бірге әкеткені айтылады.

Кәкітай осы сапарында Омбы қаласындағы Әлекеңе барған. Бұл туралы жоғарыдағы Әлиханның ес­телігінде толық айтылған. Ом­­быға Кәкітай соңғы нүктесі қойыл­­­­­­ған дайын қолжазбамен келген. Жинақта Абай өлеңдері 17 бөлікке топтастырылып, әрбір бөлікке жекелей тақырып («Ха­лық туралы», «Өлең туралы», «Өзі туралы», «Ғашықтық туралы», «Ой тура­лы», т.б) беріл­ген деп жазады зерт­теуші А.Омаров «Шәкәрім өмір­­баяны» атты қолжазбасында.

Жоғарыда Семейде жолыққан достар бірге суретке түседі. Бұл суретті көзі көрген Кәкітайдың неме­ресі Мінәш апайдың: «Сол суретте Бибі әжемнің бір жағында беті боялған кісі, тағы бір жағында Кәкітай атам, сыртында Тұраш ағам, екінші жағында Кәкітайдың иығына қолын салып Шәкәрім атам тұрушы еді» деген естелігін келтіреді Асан Қайырбекұлы. Яғни бертінде Ә.Бөкейханов «ха­лық жауы» атанғандықтан сақтық жасап, оның бетін бояп тастаған сияқты. Бір әттеген-айы, бұл сурет сақталмаған, аласапыран заманда жоғалып кеткен.

Қысқасы, Абайдың жинағын кітап қылып бастыру мақсатымен Омбыдан Қазан қаласына келген Кәкітай, ақыры қияндағы Петербургке бір-ақ барған. Әрине жол шығынын ағайын-туғандар көтеріскен. «Петербургке 200 сом қаражат жібердік» дейді Әрхам естелігінде.

Төрт жылға созылған шыр­ғалаңнан кейін Абайдың алғашқы өлеңдер жинағы 1909 жылы басы­лып шығады.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

АСТАНА – СЕМЕЙ – АСТАНА