Әдебиет • 17 Қаңтар, 2018

Мүйіз тұқылды қалай қысады?..

1272 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Арқаның қысы күшіне мінгенде, еске еріксіз Алтай оралады. 

Мүйіз тұқылды қалай қысады?..

Үрген иттің тілін қаритындай үскірікті аязында жүру түгілі есіңе алғанның өзінде тұла бойыңды бір тітіретіп өтеді жарықтық. Алтайдың тумасы, ақын Ұлықбек Есдәулет «Алтай аязы» деген өлеңінде:

Қызыл Ай қызыл көрігін басқанда,

Қақтаған қаңылтырдай шың қызарады.

Отты жыландай зуылдап аспанда,

Құйрықты жұлдыз ағады.

 

Түн қара сәлделі құдадай,

Көкке жұлдыздан бал аштырады.

Қызыл шұнақ аязға шыдамай,

Найзағайдай шатырлап ағаш сынады.

 

Азынаған жұлдыздан да Айдан да,

Бетіңе ызғырық ызғар ұрады.

Сіресіп жатқан сірнелі сайларда,

Күтірлеп мұз жарылады.

 

Қап-қара таулар қабағы бұзылып,

Қойнында құмығып қасқырлар ұлиды.

Ұлыған үні қалтырай үзіліп,

Бір таудың барып астында құриды.

 

Тоңған төбеттер қыңсылап, бүрісіп,

Үйдің есігін тырналап көреді.

Қойшының ұлдары қарқ-қарқ күлісіп,

Ай жарығымен сырғанақ тебеді. – деп жырлайтыны болушы еді. Расында солай. Қой терісінен тігілген тондарымызбен томпаңдап ымырт жабалып қараңғы түскенше далада ойнаушы едік. Қызанақтай қызарған бетімізді аяз кәдімгі қолмен шымшығандай дызылдататын. Оған қарайтын біз бар ма!..

«Бұл аяз аяз ба, баяғыда бір қыста бүкіл сиырдың мүйізін киізбен қаптағанбыз», дейтін үлкендер. Шынымен де анық аязда мүйізінен өткен суық ішіндегі тұқылды тоңдырып, тұқылдан өткен шытқыл миын шыңылдатып жібергенде сиырлар өкіріп-өкіріп жіберіп басын шайқап шапқылайды екен. Содан оларға мүйізқап жасап кигізбеске шара жоқ. Оның шет жағасын бала күнімізде өзіміз де көрдік. Сол Алтайда қаңтардың сақалдаған сары аязы туралы бір өлеңімізде:

Ай – мүйізін шайқап қашқан арқардай,

Бұлт қалқасын паналап жүр бүрсеңдеп» - деп жазуымыздың ар жағында сол бала күнгі көрген көрініс жатқанын айта кетудің де реті келіп тұрғандай.

 «Аяз мүйізді, мүйіз тұқылды қысады» («тұғыл» деп те айтылады) дейтін мәтел барын бәріміз білеміз. Біз оны негізінен басшы белгілі бір істің жауапкершілігін орынбасарына, орынбасары қоластындағы қызметкерлерге жүктейді, сөйтіп жауапкершілік те сол ретпен қузалады, мысалы, облыс әкімі аудан әкімін, аудан әкімі ауыл әкімін қысады деген мағынада қолданамыз. Қолданыс әрине орнында.

Айта кетер бір жәйт, осы мәтел кейде «Аяз мүйізді қысса, Мүйіз тұқым­ды қысады» делініп те айтылған екен. Ол туралы «Ана тілі» газетінің сайтында (http://anatili.kazgazeta.kz/?p=35510) былай жазылыпты: «Аяз мүйізді қысса, Мүйіз тұқым­ды қысады – 1) қатты аяздың әсері ең алдымен сыртқа шығып тұрған мүйізге түсетіні белгілі. Бірақ мүйіз малдың басымен тұқымы арқылы жалғасатындықтан, суық зардабын бастан бұрын алдымен тұқым көреді; 2. ауыс. өмірде: ел билеушілердің өзінен жоғары тұрған ұлықтар келіп қысқанда, ол келіп, әрине, өзінен ең төмен тұрған халықты қысады. (Қайдар Ә. «Халық даналығы». – Алматы, 2004. 217-б.)». Мүмкін осылай да айтылатын нұсқа бар шығар. Алайда «тұқыл» сөзінің орнына «тұқым» болып кетіп, тарқатылуы да соған қисынданып жазылды ма екен деген күмәніміз басым. Одан гөрі мүйізі жоқ малға қаратылған «тоқал» сөзін «тұқыл» сөзімен алмастырған әлдеқайда қисынды һәм ақылға қонымдырақ секілді. Мүмкін, Дулат Бабатайдың:

Аяз қысса мүйізді,

Мүйіз қысып тұқылды.

Қанталаса тұқымың,

Алпыс екі тамырың,

Қаңсып қалған сықылды, - деп келетін өлеңіндегі «тұқымды» байланыстырып  тұр ма екен? Бірақ онда да басында «мүйіз қысса тұқылды» деп анық айтылып тұр ғой...

Ұлт ұстазы Ахаң, «мақал – тәжірибеден шыққан, ақиқат түрінде айтылатын сөз», дейді. Дәл осы тұста нағыз тәжірибеден шыққан мәтел деп осыны айтса болатындай. Қажеттіліктен туындаған тұрмыстағы құбылыс мақалға айналғанда белгілі жағдайда ойды дөп жеткізудегі таптырмас құралы болып, осылайша ұлттың рухани әлеміне қызмет етіп кете барған.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»