Қазақстан • 17 Қаңтар, 2018

Астанада заманауи балабақша ашылды

1379 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанада Қазақстан Республикасы Президенті іс басқармасы медициналық орталығының балабақшасы ашылды. Ерекшелігі сол, орталық соңғы үлгідегі инновациялық білім беру құралдарымен жабдықталған. 

Астанада заманауи балабақша ашылды

Салтанатты шараның ашылу рәсіміне қатысқан Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова қазақстандық білім беру реформасының басты мақсаттарының бірі – бәсекеге қабілетті білім кеңістігін құру екенін атады.

«Президент биылғы жолдауында балаларды ерте жастан дамыту үшін мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне бірыңғай стандарт енгізілу тиіс екенін ерекше атаған болатын. Осы негізде білім берудің негізгі сатысы болатын арнайы орталықтар үшін жағдай жасалуы қажет», - деген Г.Әбдіқалықова балаларды, ата-аналар мен тәрбиешілерді балабақшаның ашылуымен құттықтап, оның сүйікті Астанамыздың 20 жылдық мерейтойы жылында лайықты тарту болғанын ерекше атап өтті. Сонымен бірге ол елдегі демографиялық ахуалдың да жыл сайын жақсарып келе жатқанына тоқталды.

«Былтыр елімізде 409 мың бала дүние есігін ашқан. Қазір Астана жастардың, балалардың қаласы саналады. Тек Астананың өзінде 30 мың бала туған. Бұл Қарағанды облысының бір ауданындағы тұрғын санымен шамалас деген сөз. Бұл өте тамаша көрсеткіш, осы қарқынмен Астананың дамуы өркендей бермек», деді мемлекеттік хатшы. Оның сөзінше, 2017 жылы елде 849 балабақша ашылды, оның 82-сі – Астанадағы мектепке дейінгі мекемелер.

«Қазір еліміздегі 3 пен 6 жас аралығында 90 пайыз баланы қамтып отырмыз. 2020 жылға дейін елдегі балаларды түгел қамту керек туралы міндет қойылған. Осы үшін жұмыс істейтін боламыз», деп мәлімдеді Гүлшара Әбдіқалықова.

350 орынға арналған мектепке дейінгі бұл мекеме – Президенттік Іс басқармасы Медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшасы» мемлекеттік кәсіпорнына қарасты үшінші нысан. Мемлекеттік кәсіпорын директоры Гүлнәр Абдуллина орталықтың жұмыс істеу тәртібі мен балалардың интеллектуалды дамуына арналған оқу бөлмелерін таныстырды.

Орталықта балалардың физикалық дамуы үшін санитариялық-гигиеналық талаптарға сай материалдық-техникалық база құрылған. Әр объектіде балалардың физикалық және психологиялық денсаулығын нығайту мен сақтауға арналған жағдай жасалған. Жүзу бассейндері, балалардың физикалық және шығармашылық қабілеттіліктерінің дамуына арналған спорттық залдар, конференц-зал, оқу кабинеттері, фитобарлар, психолог мен логопедтердің кабинеттері заманауи талаптарға сай жабдықталған.

«Балабақшада инновациялық технологияларды қолдану және балалардың танымдық-коммуникативтік дағдыларын дамыту мақсатында мультимедиалық бағдарламалық-әдістемелік кешен – мультитілдік зияткерлік орталық (МЗО, Израиль) қолданылады. Сондай-ақ күнделікті оқу барысында конструктивтік элементтерімен ерекшеленетін В.В. Воскобовичтің дамытушы ойындары ойнатылады», дейді кәсіпорын директоры Гүлнәр Абдуллина.

Орталықты аралап жүріп бір бұрышқа тігілген асықтарға көзіміз түсті. Қызылды-жасылды етіп боялған асықтармен дойбы, алшы, хан талапай ойнауға лайықталып арнайы орындар жасалыпты. Орталық мамандарының айтуынша, асық ойыны баланың жастайынан жүйке жүйелерін шыңдап, оларды дәлдікке, ұстамдылыққа, байсалдылыққа тәрбиелейді екен. Одан бөлек кез келген сабақта ұнамды суреттер, сызбалар, тәсілдер арқылы графикалық иллюстрациялар негізінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану тәрбиеленушілердің танымдық белсенділігін арттырып қана қоймай, логикалық ойлау жүйесін қалыптастыруға, шығармашылықпен еңбек етуіне жағдай жасайды.

Ая ӨМІРТАЙ,

Суретке түсірген - Ерлан ОМАР

«Егемен Қазақстан»