Қазақстан • 18 Қаңтар, 2018

Стратегиялық серіктестіктің соны серпіні

440 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Америка Құрама Штаттарындағы ресми сапары аясында бірнеше жоғары деңгейлі кездесу өткізіп, екі ел арасындағы іскерлік, экономикалық байланыстарды талқылап, екіжақты қатынастарды одан әрі дамыту жөнінде пікір алмасты. Елбасы «Шетелдік жеке инвестициялар жөніндегі корпорация» (OPIC) мемлекеттік агенттігінің президенті Рэй Уошбернмен және АҚШ-тың Энергетика министрі Рик Перримен кездесті. Сонымен қатар Мемлекет басшысы АҚШ іскер топтары өкілдерімен кездесіп, Қазақстан мен Америка арасында орныққан қатынастардың маңыздылығына тоқталды. 

Стратегиялық серіктестіктің соны серпіні

Экономикалық жобалар маңызды

Мемлекет басшысы «Шетелдік жеке инвестициялар жөніндегі корпорация» (OPIC) мемлекеттік агенттігінің президенті Рэй Уошбернмен кездесуде қазіргі уақытта Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан эконо­микалық жобалар жөнінде айтты.

– Біз «Цифрлы Қазақстан» бағ­дар­­ламасын іске асырып жатырмыз. Ха­лық­аралық ЭКСПО-2017 көрме­сін өт­­кіздік. Көрме инфра­құрылы­мының база­сында «Астана» ха­лықаралық қар­жы орталығын құрамыз. Оған қаты­су­шылардың бәріне айрықша жеңілдіктер қарастырылған, – деді Қазақстан Пре­зиденті.

Нұрсұлтан Назарбаев инвестиция са­ласындағы қатынастарды нығайтудың және өзара тиімді экономикалық жо­баларды жүзеге асырудың маңыз­ды­лығын атап өтті.

Р.Уошберн ЭКСПО-2017 көрмесінен алған әсерін бөлісіп, алдағы уақытта Қа­зақстанның «Kazakh Invest» компания­сымен ынтымақтастық туралы мемо­рандумға қол қойылатынын айтты.

Энергетика саласындағы қатынастар нығаяды

Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тың Энер­­гетика министрі Рик Перримен кез­­де­суде АҚШ Президенті Дональд Трамп­­­пен жүргізілген келіссөздер бары­сында қол жеткізілген нәтижелерге тоқталды.

Қазақстан мен АҚШ-тың мұнай-газ саласындағы ынтымақтастығына оң баға беріп, Теңіз және Қашаған кен орындарында жүзеге асырылып жатқан жобалар жөнінде айтты.

Сондай-ақ Қазақстанда өнімді қайта өңдеу саласындағы инвесторлардың күш-қуатын арттыру қажеттігіне назар аударды.
Еліміздегі «жасыл» энергетиканы дамытуға ар­нал­ған жобалардың жүзеге асырылуы туралы әңгімелеп, Р.Перриді Төмен байы­тыл­ған уран банкінің ашылуы жөнінде хабардар етті.

АҚШ-тың Энергетика министрі кез­десуге ризашылығын білдіріп, инвес­ти­ция­­­лық ынтымақтастықты нығайтуға сеп­­­ті­­гін тигізетін негізгі факторларды атады.

Кездесу соңында тараптар мұнай-газ және энергетика салаларындағы екі­жақты қатынастарды одан әрі дамыту жө­нінде пікір алмасты.

Жиырмадан астам коммерциялық құжатқа қол қойылды

Инвестиция саласындағы қаты­нас­тарды одан әрі дамытып, экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, осы арқылы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері бұдан соң Мемлекет бас­шы­сының АҚШ іскер топтары өкілдерімен кездесуінде жалғасты.

Қазақстан Президенті дөңгелек үс­телге қатысушылармен жүздескеніне және кездесу ұйымдастырылғанына ризашылық білдірді.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен АҚШ арасында орныққан қатынастардың маңыздылығы мен стратегиялық сипатына тоқталды.

– Америка Қазақстан экономикасына салынған тікелей инвестициялардың кө­лемі бойынша екінші орында. Тә­уел­сіз­дік жылдары ішінде сіздердің ком­­па­ния­ларыңыз тарапынан Қазақ­стан­ға 50 млрд доллардан астам ин­вес­тиция құйылды. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 2 млрд долларға жетті.

Біздің елде энергетика, көлік, инновация, медицина және басқа да салаларда Америка капиталының қатысуымен 500-ден аса компания табысты жұмыс істеп келеді. Ірі серіктестеріміздің қатарында «Шеврон», «Эксон Мобил», «Дженерал Электрик», «Хэллибёртон» және басқа да компаниялар бар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы кең ауқымды екіжақты қатынастарды қамтитын Ке­ңейтілген стратегиялық әріптестік туралы бірлескен мәлімдемені қабылдаудың ерек­ше маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Қа­зақ­­станның көлік-транзиттік әлеуетін да­­мы­ту үдерісіне тоқталып, бизнес жүр­гі­зу үшін мемлекет тарапынан жағдай жа­сау­ға бағытталған шаралар жөнінде әңгіме­леді.

– Инвестициялық ахуалды жақсар­тып, инвесторлардың құқықтарын қор­ғау үшін тұрақты жұмыстар жүргі­зілуде. Қазақстан Экономикалық ынты­мақ­тастық және даму ұйымының Инвес­тициялар жөніндегі комитетінің қауым­дастырылған мүшесі болды және Халықаралық инвестициялар жөніндегі декларацияға қосылды. Бізде АҚШ-ты қоса алғанда, 62 елдің азаматтары үшін визасыз режім енгізілді. Кәсіпкерлік саласындағы заңнама жетілдірілуде. 11 арнайы экономикалық аймақ және 22 индустриялық аймақ жұмыс істеуде. Онда қажетті инфрақұрылым мен жеңілдіктер көзделген, – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан экономикасын цифрландыру және өндіріске инновацияны енгізу барысына ерекше назар аударды.

– «Цифрлы Қазақстан» арнайы мем­ле­кеттік бағдарламасы қабылданды. Осыған орай, экономика салаларын цифр­ландыру және инновациялық эко­жүйені дамыту жөніндегі жобаларды жү­зеге асыру маңызды болып саналады. Мәселен, Назарбаев Университеті және Ин­новациялық технологиялар паркі сияқты инновациялық кластерлер жұмыс істеуде. Биыл Астанада ІТ-стар­тап­тардың жаңа халықаралық тех­нопар­кі ашылады. Осының бәрі біздің ынты­­мақ­­тастығымыздың болашағы зор болуы­на жол ашады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті америкалық биз­несмендерді агроөнеркәсіп кеше­ніндегі бірлескен жобаларды жүзеге асыру ісіне қатысуға шақырды.

Бұдан бөлек Мемлекет басшысы еліміздегі жекешелендіру бағдар­ла­масының іске асырылу барысы және «жасыл» экономика саласындағы жобаларды дамытудың келешегі туралы айтты.

– Өткен жылы «Болашақтың энергиясы» тақырыбымен Халықаралық ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрме­сін табысты өткіздік. Бұл көрме бүкіл пла­нетаның «таза» энергетика саласындағы жоғары технологиялық және зияткерлік әлеуетін көрсетуге керемет мүмкіндік туғызды. Көрме кешендері инновациялық және орнықты даму міндеттеріне әрі қарай да қызмет ете берді. Атап айтқанда, ЭКСПО инфрақұрылымының базасында «жасыл» технологияларды және инвестиция­ларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық жұмыс істейтін болады. Ол елімізде және өңірде «жасыл» жобаларды жүзеге асыруға септігін тигізеді, – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев «Ас­та­на» халықаралық қаржы орталы­ғы­ның мәртебесі ерекше екенін атап өтіп, оның жұмысының алдағы жоспарларына тоқталды.

– «Астана» халықаралық қаржы орта­лығының жұмысына қатысушыларға 50 жылға дейін салықтық жеңілдіктер беріледі, сондай-ақ валюталық, визалық жеңілдіктер және еңбек режімдерінің жеңіл­діктері ұсынылады. Бұл – өңірде­гі жұмысы ағылшын құқығына негіздел­ген бірден-бір орталық. «Астана» халық­­аралық қаржы орталығының жоға­ры технологиялық биржасын құруға Шан­хай қор биржасы және Амери­ка­ның NASDAQ биржасы тартылды. «Астана» ха­лықаралық қаржы орта­лы­ғының «жасыл», исламдық және инно­ва­циялық қар­жы құралдарын дамыту жө­ніндегі өңірлік орталыққа айналуы үшін зор мүмкіндігі бар. Жаз айында біз халықаралық қо­ғам­дастық үшін «Ас­тана» халықаралық қаржы орталығының рес­ми таныстырылымын өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.

Соңында Қазақстан Президенті өткі­зілген кездесудің екі елдің жақындасуына және өзара тиімді әріптестікті нығайтуға серпін беретініне сенім білдірді.

Кездесу барысында АҚШ-тың іскер топтар өкілдері Қазақстанмен эко­но­ми­калық ынтымақтастықты кеңей­туге зор қызығушылық танытты.

Мемлекет басшысының ресми сапары аясында авиация және ғарыш­тық зерттеулер, мұнай химиясы және ауыл шаруашылығы, сондай-ақ инфра­құрылымды дамыту саласындағы жобаларды жүзеге асыруға бағытталған 7 млрд долларға жуық қаржы кө­ле­міндегі инвестиция және сауда-эко­но­ми­калық ынтымақтастық туралы 20-дан астам коммерциялық құжатқа қол қойылды.

Бұдан бөлек, сапар барысында 3 үкіметаралық келісім жасалды.

Бұлар:
Мемлекеттік әуе кемелеріне аэро­на­вигациялық қызмет көрсеткені үшін ақы алмау туралы,
Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өтетін коммерциялық темір жол транзитін қамтамасыз ету туралы,
Халықаралық салық тәртібін же­тіл­діру туралы келісімдер.

Сондай-ақ кеше Қазақстан Пре­зи­денті Америка Құрама Штаттарының Вице-Президенті Майкл Пенспен кез­десті. Кездесуде тараптар екіжақты ық­ты­мақтастықтың мейлінше өзекті мәсе­лелерін талқылады. Әңгімелесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев пен Майкл Пенс Қазақстан мен АҚШ арасындағы сая­си және экономикалық қарым-қаты­нас­­тарды нығайтып, одан әрі кеңейте түсудің маңыз­дылығын атап өтті.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан» – Вашингтоннан (АҚШ)

Суреттер Президенттің баспасөз
қызметінен алынды