Қазақстан • 18 Қаңтар, 2018

Қазақстан мен АҚШ: XXI ғасырдағы экономикалық әріптестік

1395 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

2018 жылғы 16 қаңтарда Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ақ үйде президент Дональд Трамппен кездесті. Сапар Қазақстан мен АҚШ арасындағы тығыз коммерциялық және сауда байланыстарын нығайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және екі ел экономикасының өсімін арттыруға мүмкіндік береді. Президент Н.Назарбаев осы шаралар Қазақстанның 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған отыз жаһандық экономикасының қатарына кіруі үшін маңызды екенін атап өтті. Сапар барысында бірқатар коммерциялық келісім шарттар мен құжаттарға, оның ішінде «Boeing», «GE Transportation», «Эйр Астана», «Қазақстан темір жолы» және «Скат» компанияларының 2,5 мил­лиард АҚШ долларынан астам көлемде америкалық өнімдер мен қызметтерді сатып алу жөніндегі жаңа келісімдеріне қол қойылды.

Қазақстан мен АҚШ: XXI ғасырдағы экономикалық әріптестік

Осы экономикалық ынтымақтастық мынадай негізгі бағыттарды құрайды:

Өңірлік сауда және экономикалық даму

Үкіметаралық ынтымақтастық. Қазақстан мен АҚШ ДСҰ міндеттемелерін орындау, қазіргі дау-дамайларды шешу, Қазақстанның инвестициялық ахуалын жақсарту және екіжақты инвестицияларды арттыру жөніндегі ынтымақтастықты жалғастырып келеді. Екі ел жақында АҚШ пен Қазақстанның жоғары лауазымды тұлғаларының сапарларын жеңілдету арқылы екіжақты байланыстарды нығайтатын аэронавигациялық келісімге қол қойды.

Өңірлік саудаға жәрдемдесу. Қазақстан мен АҚШ өңірдегі сауданы кеңейтуге ықпал ететін Орталық Азиядағы сауда және инвестициялар жөніндегі негізгі келісімнің (ТИФА) аясында өзара ынтымақтастығын жалғастырып келеді.

● Қазақстан 2017 жылғы 12 желтоқсанда Алматы қаласында ТИФА-ның Орталық Азия форматындағы кездесуін ұйымдастырып, сауда-саттық мәселелерінде көшбасшылық танытты. Осы кездесу барысында Қазақстан мен АҚШ сауда және инновацияларды ілгерілету мақсатымен Зияткерлік меншік құқықтарын қорғау жөніндегі жаңа өңірлік жұмыс тобын құруға уағдаласты.

● 2017 жылғы қазанда Қазақстан АҚШ-тың Халықаралық даму жөніндегі агенттігімен бірлесіп, 15 елден 1100-ден астам ресми өкілдің, кәсіпкерлер мен донорлардың қатысуымен Алматы қаласында жетінші Орталық Азия сауда форумын өткізді. Бұл 25 миллион АҚШ долларынан асатын сомадағы сауда келісімдерін жүргізу ниеті туралы меморандумдарға болашақта қол қою мүмкіндігін туғызды.

Екіжақты сауда. 2016 жылы екіжақты сауда көлемі 1,9 миллиард АҚШ долларына жетті. Екі ел сауда қатынастарын одан әрі кеңейтуге бейілдік танытты. АҚШ Қазақстанның азаматтық авиация туралы екіжақты келісімге қол қою ниетін құптайды. Бұл келісім әуе жолаушыларына қолжетімді, ыңғайлы және тиімді қызмет ұсына отырып, экономикалық қатынастарды нығайтады және іскерлік байланыстардың өсуіне ықпал ететін болады.

Коммерциялық әуе кемелерімен сауда жасау. Сапар барысында екі көшбасшы АҚШ-та 7,1 мың тікелей және жанама жұмыс орнының ашылуын қолдайтын 1,3 миллиард сомадағы «Boeing» және Қазақстан әуекомпаниялары арасындағы жекелеген келісімдерді мақұлдады. Атап айтқанда, «SCAT» компаниясы «Boeing-737 MAX 8» моделінің алты ұшағына тапсырыс берді. Алғашқы ұшақтың жеткізілуі 2018 жылғы наурызға жоспарланған. Бұл әуе кемелері «SCAT» компаниясының өңірлік және халықаралық желісін кеңейте отырып, Қазақстан мен Орталық Азияда меншіктегі және қолданыстағы «737 MAX»-тың тұңғыш үлгілері болады. Сонымен қатар Қазақстанның «Эйр Астана» ұлттық әуе компаниясы қолданыстағы келісімшарттың талаптарына сәйкес үш «787 Dreamliner» ұшағын 2021 жылға дейін жеткізу жос­парымен сатып алуға ниетті екенін растады.

Темір жолдар. «Дженерал Электрик» (GE) және «Қазақстан темір жолы» (ҚТЖ) компаниялары 3,5 мың жаңа жұмыс орнын қамтитын, құны шамамен 900 миллион АҚШ долларын құрайтын екі жаңа стратегиялық бастама жасасты. «Дженерал Электрик Транспортейшн» компаниясы «ҚТЖ» үшін 2019 жылдан жеткізіле бастайтын 300 тіркемелі локомотив жасап шығарады. Сондай-ақ «Дженерал Электрик Транспортейшн» 2018 жылдан бастап «ҚТЖ» компаниясының қолданысындағы 175 «Дженерал Электрик Эво» локомотивіне қызмет көрсету және қолдау мақсатымен қызметін ұсыну туралы 18-жылдық келісімге қол қойды. Келісім Астанадағы ҚТЖ-ның негізгі темір жол желісін кеңейтуге арналған.

Ауыл шаруашылығы. АҚШ пен Қазақстан ауыл шаруашылығы саласындағы сауда қарым-қатынастарын дамытудың маңыздылығын мойындайды және ынтымақтастықты, соның ішінде бірлескен ауыл шаруашылығы зерттеулерінің аясындағы ынтымақтастықты кеңейту  мүмкіндіктерін қарастыруды жалғастырады. Бірлескен зерттеу жұмысы екі елге қауіпсіз және кең ауқымды азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін табысты жұмыс істеуге көмектеседі.

Ауғанстанның дамуы. АҚШ пен Қазақстан саяси қолдау көрсету, өңірлік сауданы ұлғайту және экономикалық даму арқылы Ауғанстандағы тұрақтылық пен дамуды қолдайды. Қазақстан Ауғанстан азаматтары үшін арнайы оқу бағдарламасының аяқталғанын жариялады және Қазақстан мекемелерінде осы елдің мамандарын оқытуды жалғастыруды ұсынды.

Цифрлы инфрақұрылым. «GE Digital» және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры Қордың индустриялық компаниялар портфелінің цифр­лы дамуын тездетуге бағытталған стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойды. Келісім Қазақстанда тұрақты цифрлы экожүйені құрудағы компаниялардың жетістігін көрсетеді және «Predix» платформасына негізделген «GE» компаниясының цифрлы ажыратылымдарын бірлесе бағалауды көздейді.

Ғарышты зерттеудегі көшбасшылық. Құрама Штаттар Қазақстанның Халықаралық ғарыш станциясы америкалық ғарышкерлер ұшырылып, олар аман-есен қайта оралатын бекеті болып саналатынын ризашылықпен атап өтеді. АҚШ Қазақстанға 2018 жылғы 3 наурызда Жапониядағы Ғарышты зерттеу мәселелері жөніндегі 2-ші халықаралық форумға қатысуды ұсынады. Қазақстан мен АҚШ табиғи және техногендік сипаттағы апаттардан зардап шеккен елдерге ғарыш деректерін қабылдайды. Сондай-ақ оларды таратудың бірыңғай жүйесін қамтамасыз етуге бағытталған Халықаралық хартия аясында қоршаған ортаға және табиғатқа төнген қауіп-қатерлерді анықтау үшін ғарыштық техниканы қолдану саласында ынтымақтасу мүмкіндігін зерттейді.

Денсаулық сақтау. АҚШ және Қазақстан АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтарымен (CDC) бірлесе отырып, Қазақстан Республикасындағы денсаулық сақтау саласындағы көрсетілетін қызметтерді дамытады. Сонымен қатар, Питтсбург Университетінің Медициналық мектебі (UPMC) Назарбаев Университетімен Қазақстан және бүкіл Орталық Азия азаматтарына қызмет көрсететін әлемдік деңгейдегі онкологиялық орталық құру жөнінде ынтымақтастық орнатады.

Фармацевтика. «Pfizer» компаниясы Жоғары технологиялық медициналық өнімнің қайталама қаптамасын оқшаулау жөніндегі жобаны іске асыру мүмкіндігіне қатысты Қазақстанмен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Оң шешім қабылданған жағдайда, бұл жоба Қазақстанда дəрі-дəрмектерді тасымалдап, сақтау үшін салқындату тізбегі жүйесін жетілдіру шараларын қамтуы мүмкін.

Қазақстан және болашақтың энергиясы

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі. Қазақстан «Болашақтың энергиясы» тақырыбы аясында энергетика саласының инновациядағы көшбасшылығын көрсете отырып, Астанада ЭКСПО-2017 көрмесін өткізді. ЭКСПО алаңы «Астана» халықаралық қаржы орталығы және Инновациялық технологиялар паркі үшін берілетін болады.

Стратегиялық энергетикалық диалог. 2017 жылы Құрама Штаттар мен Қазақстан бұрынғы екіжақты энергетикалық әріптестікті Стратегиялық энергетикалық диалогқа дейін көтерді. Диалог аясындағы практикалық талқылаулар 2018 жылы басталады. Бұл кеңейтілген формат бейбіт атом өнеркәсібін дамыту, көміртегіні ұстау, сақтау және қолдану технологиялары мен энерготораптардың тұрақтылығы, сондай-ақ ядролық қауіпсіздік пен таратпау салаларындағы ынтымақтастықтың негізін қалайды.

Мұнай мен газды экспорттау және инвестициялар. «Шеврон» және «ЭксонМобил» компания­лары Қазақстан нарығына 1993 жылы еніп, жаңа тәуелсіз елге инвестиция жасаған алғашқы ең ірі мұнай кәсіпорындарына айналды.

● «Шеврон» компаниясы «Теңіз» ірі кен орнын игеру бойынша 40 жыл мерзімді қамтитын маңызды келісімшартқа қол қойды және өткен жылдар ішінде компания мыңдаған жұмыс орнын ашып, энергетика саласына әлемдік деңгейдегі технологияларды және алдыңғы қатарлы тәжірибені енгізді, сондай-ақ Қазақстандағы мұнай және газ өндірісіне ондаған миллиард АҚШ долларын салды.

● «Шеврон» компаниясы Қазақстан Респуб­ли­касының Энергетика министрлігімен Қазақстандағы табысты жобаларды қаржыландыру үшін 251 миллион АҚШ доллары көлеміндегі реинвестициялық қорларды пайдалану жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

● Жалпы 20,2 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі инвестиция құйған «ЭксонМобил» компаниясы мұнай және газды барлаумен, игерумен, өндірумен және тасымалдаумен белсенді түрде айналысады.

● «ТеңізШеврОйл» АҚ (ТШО) – «Қаз­Мұ­найГаз», «Шеврон», «ЭксонМобил» және «Лук­Арко» компанияларының қатысуымен ашылған бірлескен өнеркәсіп – қазақстандық субъектілерге 124 миллиард АҚШ долларынан астам көлемде тікелей қаржылық төлемдер жасады. Бүгінде құны 36,8 миллиард АҚШ доллары көлемін қамтитын өндірісті кеңейту жөніндегі жобаны іске асырады.

● «Солтүстік Каспий бойынша өнімді бөлу туралы келісім» (СКБӨБК) аясындағы жоба Қазақстандағы өңірлерде жұмыс орындарын және бизнеске мүмкіндіктер ашатын ірі шетелдік инвестициялық жоба болып саналады. «Қашаған» кен орнындағы «1-кезең» жобасын іске асыру құны 55 миллиард АҚШ долларын, ал 2004 жылдан бері сатылған тауарлар, жұмыс және қызметтер көлемі 13,3 миллиардтан астам АҚШ долларын құрады. Жоба ондаған жылдар бойы жұмыс істейтін болады, ал оның акционерлері, соның ішінде «ЭксонМобил» компаниясы Қазақстан Үкіметіне тікелей миллиардтаған АҚШ доллары көлемінде кіріс кіреді деп жоспарлап отыр.

● «Шеврон» және «ЭксонМобил» компаниялары «Каспий құбыр консорциумына» (КҚК) қатысу арқылы Қазақстан экономикасының дамуына үлес қосты. 2017 жылы КҚК мұнай құбырын кеңейту жобасының Қазақстандағы бөлімін аяқтады. Бұл оның жалпы өткізу қабілетін күніне 1,4 миллион баррельге дейін ұлғайта алады. Құбырлар жүйесі Қазақстан мұнайын «Теңіз» және «Қашаған» кен орындарынан экспорттаудың ең тартымды нұсқасы болып табылады.

Атом энергетикасы. Қазақстан және Құрама Штаттар қауіпсіз атом энергетикасын ілгерілету бойынша ынтымақтасуға ниетті.

● 2016 жылы 24 мың тонна ядролық отын өндірген Қазақстан жетекші уран жеткізуші болып саналады.

● 2017 жылы Қазақстан Құрама Штаттармен бірлесе отырып, МАГАТЭ-нің Төмен байытылған уран банкін (ТБУБ) ашты. ТБУБ таза атом энергия­сына көшетін елдер үшін отынның сенімді көзін ұсынады және байыту технологияларының таралу қаупін азайтады.

Өңірлік энергетикалық жүйені жаңғырту. Қазақстан мен Құрама Штаттар Орталық Азия­ның өңірлік энергетикалық жүйесін қайта бірік­тіруге, энергетикалық қауіпсіздікті арттыруға, эко­но­микалық тұрақтылықты жақсартуға және ком­мер­циялық инвестицияларды қолдауға арналған технологиялар мен жобаларды зерделеуге келісті.

«Болашақтың энергиясы» – өңірдің атмосфераға зиянды заттарды аз көлемде шығаратын, климаттық тұрғыдан орнықты экономикаға өтуіне қолдау көрсететін 2015 жылғы Орталық Азияның бес елі мен Америка Құрама Штаттарының әріптестігі (С5+1) туралы бірлескен декларация аясындағы өңірлік шара.

«Болашақтың энергиясы» бағдарламасы Қазақстандағы энергетикалық тиімділікті арттыратын, сондай-ақ парниктік газдарды шығаруды азайту биік мақсаттарын белгілеп, оларға жетудің мүмкіндіктерін жақсарту үшін қайта қалпына келетін энергия саласындағы жобаларды қолдайды.

Адам капиталын нығайту

Визалық бағдарлама. 2015 жылы Қазақстан АҚШ азаматтары үшін визасыз кіру жөніндегі қысқамерзімді бағдарламасына бастамашылық жасады, ал Құрама Штаттар Қазақстан азаматтары үшін 10 жылдық іскерлік және туристік визаларды бере бастады. Бұл визалық режімдер инвестиция және туризм үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, екі ел арасындағы байланыстың артуына ықпал етті.

Саяхаттар. Бүгінде Құрама Штаттарда шамамен 26 мың Қазақстан азаматы тұрады. Ал Қазақстанда 5 мыңнан астам АҚШ азаматы мекендейді. Өткен жылы Құрама Штаттар Қазақстан азаматтарына 18 мың виза берді, бұл Құрама Штаттарға көптеген сапар жасауға мүмкіндік ұсынды.

Білім беру. Құрама Штаттар Қазақстан Рес­пуб­ликасына үштілді қоғам құруға көмектесуге дайын екенін білдірді. Құрама Штаттар Қазақстанда ағылшын тіліне қолжетімділікті жақсарту және ағылшын тілі мұғалімдерінің жаңа буынын даярлау мақсатымен даму бағдарламасын ресурстармен қамтамасыз ететін болады. 2017 жылы 2800-ден астам қазақстандық мұғалім ағылшын ті­лінен біліктілігін арттыру жөнінде интернет-се­ми­нарларға қатысты.

- 2018 жылы америкалық мұғалімдер Қазақтан өңірлерінде ағылшын тілін оқытуды жақсартуға кө­мектесетін болады.

- «Ағылшын тіліне қолжетімділік жөніндегі микростипендия» бағдарламасы тұрмысы төмен отба­сылардан шыққан жас шәкірттерге мектептен кейінгі сабақтарға қатысуға және жазғы оқу ла­герьлерінде білім алуға көмектесті.

- Құрама Штаттар қазақстандық 230 журналистің кә­сіби біліктілігін жақсартатын «Журналистерге ар­налған ағылшын тілі» бағдарламасын қаржы­ландырады.

«Болашақ» бағдарламасы. 1993 жылы Қазақ­стан шетелдерде оқуға мүмкіндік беретін «Бо­лашақ» президенттік стипендиясы бағ­дар­лама­сын бастады. Қазақ тілінде «келешек» ұғымын біл­ді­ретін «Болашақ» бағдарламасының Қазақстан жастарын әлемнің ең үздік университеттерінде оқытудағы маңызы зор.

- «Болашақ» бағдарламасы – Қазақстан сту­денттеріне шетелдік жоғары оқу орындарында білім алу үшін төленетін бүкіл әлемге танымал стипендия.

- Құрама Штаттар стипендиаттарды іріктеу про­цесінде және осы бағдарламаға атсалысатын АҚШ университеттерінің қатарын көбейтуге көмектесу үшін «Болашақ» бағдарламасымен ынтымақтастық орнатқан.

- Осы бағдарлама құрылған 1993 жылдан бері 12,5 мыңнан астам қазақстандық студент «Бо­ла­шақ» стипендиясына ие болды. Олардың арасында 2315 сти­пендиат Құрама Штаттарда білім алды. «Бо­ла­шақ» стипендиаттары оқуды аяқтаған соң кемінде бес жыл Қазақстанда жұмыс істеуге тиіс. Қазіргі таң­да АҚШ-тың жоғары оқу орындарында 358 сти­пендиат оқиды.

Ақпараттық бюллетень

Президенттің баспасөз қызметінен алынды