Теннис • 18 Қаңтар, 2018

Теннистен Қазақстан ұлттық құрамасы Швейцария құрамасымен кездеседі

54 реткөрсетілді

Теннистен Дэвис кубогы аясында Қазақстан ұлттық құрамасы 2-4 ақпан күндері Швейцария құрамасымен кездеседі. Жарыстың ширек финалындағы бұл кездесу Астана қаласындағы «Дәулет» Ұлттық теннис орталығында өтеді. 

Қазақстан ұлттық құрамасы 1995 жылдан бастап Дэвис кубогына тұрақты қатысып келеді. 2011 жылдан бері ғана әлемдік топқа көтерілді. Оған дейін іріктеуден әрі аса алмай жүрді. Сол 2011 жылдан бері құрамамыз 41 кездесуде жеңіске жетіп, 28-інде жеңіліс тапты. Өткен жылы отандастарымыз әлемдік топтың плэй-офф сатысына шығып, Аргентина құрамасына қарсылас атанды. Жеребе бұл ойынды Қазақстанның алаңында өтеді деп белгілеген соң, жерлестеріміз желпініп жеңісті жұлып әкетті. Өз алаңындағы ойындарда көп жеңіле бермейтін теннисшілеріміз бұл жолы да Швейцарияның апшысын қуыратыны анық.

Швейцария құрамасы Дэ­вис кубогында өзіне керекті жүл­денің бәрін алған. 2014 жылы бұл құ­рама чемпион атанған да болатын. Бірақ, содан бері швейцариялықтар сәл де болса әлсіреп қалды. Оның басты себебі, команданың айнымас лидері болған Роджер Федерер ұлттық құрама ойындарына жарақатына байланыс­ты қатыспайтындығында еді. Тіпті одан кейінгі Станислав Вавринка да құрамаға келуін азайтып жүр. Әлемдік теннис жұлдыздарына коммерциялық көптеген турнирлері демалуға мұрша бермей жатады. Кейде осал құрамаларға қарсы ойындарға келмей қоятыны бар. Соның салдарынан болса керек, плэй-офф кезеңінде Швейцария құрамасы Беларусь ұжымын әзер жеңді. Текетірес барысында 2 жеңіске қолғабыс еткен Марко Кюдинелли кездесу қаһарманына айналды. Одан бөлек Швейцария құрамасы жас талант Хенри Лаксонненді өз сапына қосып алған. Сондықтан да қарсыластың қарымды екенін, оңай шағылар жаңғақ емес екендігін анық сеземіз.

Швейцария чемпион болған 2014 жылы Қазақстан құрамасы Женевада ширек финалдық кездесуді болашақ чемпиондарға қарсы өткізді. Михаил Кукушкин мен Андрей Голубев бастаған теннисшілеріміз қанша тырысқанымен, Федерер мен Вавринка секілді аңыздарға шамалары жетпеді. Жартылай финалға Швейцария өтті. Енді қарымта қайтаратын кез келген сияқты.

Осы орайда біз Қазақстан құ­ра­­ма­сының капитаны Диас Дос­­қа­раев­қа хабарласып, Швей­цария командасы жайлы азды-кем ақпар сұрадық.

– Швейцария құрамасынан өткен жолы жеңіліп қалдық. Бірақ, алғашқы күні оларды ұтып бастағанымыз естеріңізде шығар. Бұл жолы Роджер Федерер келмейтін секілді. Ол Дэвис кубогын жеңгеннен кейін ұлттық құрамада ойнамаймын деді. Жеке турнирлерінің өзі бас­тан асып жатыр. Сондықтан да Федерер осы матчқа қатыспайтын шығар деп отырмын. Ал егер Вавринка келетін болса оның да ойын тәжірбиесі нашар екендігі белгілі. Себебі, жарты жыл бойы жарақаттан емделіп, кортқа шыққан жоқ. Лаксоннен деген теннисшілері әлі жас. Сондықтан да өз жерімізде Швейцарияны жеңіп кетуіміз әбден мүмкін. Егер жеңсек тарихымызда тұңғыш рет жартылай финалға шығамыз. Осыған дейін қаншама мүмкіндігіміз болып, сол межеге жете алмай қалдық. Бәлкім, осы жолы бағымыз жанар.

Жергілікті жанкүйердің қолдауын сезінсе, қазақстандық теннисшілер алмайтын қамал жоқ. Қарсыластың атағынан үркетін де кездер артта қалған. Ұлтық құрамамыз елорда тө­рінде Италия, Аргентина, Бель­гия секілді алпауыт теннис дер­жаваларын тізерлеткелі бері барлығымен тең дәрежеде ай­қа­сады. Бұл жолы қалай боларын байқап көрелік. Егер жеңіске жетсе Қазақстан құ­ра­мас­ы өз тарихында тұңғыш рет жар­тылай финалға жолдама алмақ.

Ермұхамед МӘУЛЕН,

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Бүгін – жартылай финал

Спорт • Бүгін, 09:44

Ұқсас жаңалықтар