Мемлекет басшысы «Ұлт жоспары – бес институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» (98-қадам) шеңберінде аудандық маңызы бар қала, ауыл мен ауылдық аймақ деңгейінде дербес өзін-өзі басқару бюджетін енгізуді тапсырды. Маңызды мәселе Өскеменде өткен ауыл әкімдерінің республикалық форумында талқыланса, Ақтөбеде «Жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу» тақырыбында ауылдық аумақтар әкімдері де бас қосқан-ды. Өскеменде өткен жиынға Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов та қатысып, өңірдегі тұрғындар саны 2 мыңнан асатын 32 ауыл бар екенін, бірақ әзірге олардың барлығы дербес бюджетті енгізуге толық дайын еместігін, сондықтан 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін ауылдарға шығып, түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет екенін айтты.
Міне, таяуда осы мәселе төңірегінде сөз қозғап, тұрғындармен кездесу үшін Мәжіліс депутаттары Айзада Құрманова, Айгүл Нұркина, Снежанна Имашева Павлодар ауданы Черноярка ауылына келді. Черноярка ауылдық аумағында 3 ауылды қосқанда барлығы 2291 адам тұрады. Айзада Құрманованың айтуынша, жоғарыда Болат Бақауов айтқан әрқайсысында 2 мыңнан астам тұрғыны бар 32 ауылдық аумақта жергілікті өзін-өзі басқару бюджетін енгізу бойынша жұмыстар аяқталыпты. Бөлінген қаржының нақты жұмсалуын енді жергілікті қоғамдастық бақылайды. Өңірдегі тірек ауылдар санатына алынған осы 32 ауылдық аумақта – 140 мың адам тұрады.
– Өңірдегі қалалық және аудандық деңгейлерде жергілікті өзін-өзі басқарудың меншікті кірістік көздері анықталды. 19 бағыт бойынша қаражат жұмсау өкілеттілігін жекелей жүргізу – аудандық деңгейден ауылдық деңгейде жүзеге асырылуда, – деді А. Құрманова. Мысалы, бюджеттің төртінші деңгейіне өтетін ауылдардың бірі – Павлодар ауылы. Облыс орталығының іргесіндегі бұл ауылда 7 мыңға жуық тұрғын бар. Бұл елді мекен тіпті, Мәжіліс депутаттары келген ауданның орталығы да болып қалуы мүмкін. Ауыл әкімі Аждар Жүсіповтің айтуынша, бюджетке түсер салық көлемі көбеймек. Өткен жылғы қазан айына дейін жиналған салық 24 миллион теңге болыпты. Ауылда «Рубиком», «Павлодар жолдары» ЖШС-лері, 22 дүкен, шаруа қожалықтары жұмыс істейді. Тұрғындардың ауласында 600-ге жуық жылыжай бар. Егер кооператив ашылса, салық көлемі де арта түсері анық.
Ендігі мәселе – ауылдық аумақтарда өзгерістерге толы жаңашылдық қалай жүргізіледі? Жергілікті жердегі мамандар дайын ба? Облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Қасеновтің айтуынша, өңірдегі ауылдар жаңа жүйені жүргізуге дайын.
– Бюджеттің төртінші деңгейіне өту – ауылға тиімді. Мысалы, тіркелмеген нысандар саралаудан өтіп, салықтық және салықтық емес түсімдер есебінен ауыл бюджеті артпақшы. Біздің облыс бұл жүйені қабылдауға дайын десек те, әлі де тәжірибе жинап, жұмысты бір ізге түсіру қажет. Сондықтан ауылдық әкімдіктерге жаңа өзгерістерді түсініп, үйрену үшін қолдау көрсетудеміз, – дейді Б.Қасенов.
Облыстық қазынашылық департаментінің хабарынша, 32 ауылдың барлығы компьютермен және интернет желісімен қамтылыпты. Арнайы оқу семинарлары өткізілген. Мәселенің мәнісіне келсек, ол – ауылдық әкімдіктерді алдағы жаңашыл өзгерістерге жан-жақты дайындауда. Тұрғындардың өздері кіріс және шығысты табысты бөлуге қатысса, онда билікке деген сенім қалыптасады. Яғни ауыл, кентті басқаруға белсенді қатысады. Ауылда, ауданда тұратын аудандық, облыстық мәслихат депутаттары жергілікті жердің тыныс-тіршілігіне тұрақты түрде араласып, әкімдіктермен, тұрғындармен бірге жұмыс істеуді қолға алады. Жергілікті бюджетті бақылап, оны игерудің тиімді жақтарын байқау, әкімнің дұрыс шешім қабылдауына тікелей ықпал етуі тиіс. Ауылдың жергілікті өзін-өзі басқару бюджетін аудандық мәслихаттағылар бекітеді. Алдымен бюджет ауыл жұртшылығының жиынында талқылануы міндет. Бюджеттің орындалуына ауыл әкімінің аппараты жауапты.
– Өйткені бұл мәселеде ең бастысы жергілікті бюджеттің жоспарлануынан бастап оның тиімді атқарылуына дейін жергілікті қоғамдастықтың қатысуында, – дейді депутат А. Құрманова. – Әрине жергілікті бюджеттердің дербестігін нығайту жөніндегі бастаманы қолдаймыз. Жергілікті әкімдердің жаңа бастамаға дайын екендеріне сенімдіміз, енді білімдерін одан әрі жетілдіретін семинарлар өткізіп тұру қажет.
Ал облыстық қаржы басқармасының мәліметінше, 32 ауылдағы ауыл әкімдіктерінде мамандар аз, кадр тапшылығы байқалуда. Бюджеттің төртінші деңгейіне өту жауапкершілікті арттырады. Сондықтан әкімдіктің мамандары білімі мен біліктілігіне сай болулары керек. Ауыл әкімдерінің басым бөлігі әлеуметтік мәселелерге көңіл бөліп, бюджетті басқару тетіктерін жете біле бермейді. Мысалы, тұрғындар төлейтін айыппұлдың 15 түрі жергілікті қазынаға түскенімен, оны қалай тиімді пайдалану жолдарын білетін әкімдік мамандары аз. Ауылдың бюджеті әкімдердің қарамағындағы мүлікті жалға беруден, ерікті алымдардан, қайырымдылық және демеушілік жарналардан, айыппұлдар мен сыртқы жарнама орналастыру төлемдерінен құралады. Сондықтан ауыл әкімдерінің білімі жоғары деңгейде болуы үшін: қаражатты жоспарлау және жұмсау, салық жинау, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыруда арнайы оқыту курстары, бюджетті жоспарлау, атқару және коммуналды мүлікті пайдалану жайында сауатты басқаруға үйрету, оқыту қажет деп санайды. Ақпараттық-насихат топтарының қызметі, тренингтер, семинарлар өткізу қазір ауыл әкімдіктеріне ауадай қажет.
Облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Қасеновтің айтуынша, 31 тірек ауылдың 10-ында ғана орталықтандырылған су жүйесі бар. Бірақ қазір ауылдарда судан бұрын, қыруар қаржы бөліп, ветеринарлық пункттер, өлген малды көметін қорымдар салына бастаған. Әрине малсыз отырмайтын ауыл үшін бұл нысандар қажет-ақ. Бір қорым салу үшін 16-25 миллион теңге жұмсалмақ. Мұндай қаржыға ауылға келген жас мамандарға үй тұрғызып беруге болар еді. Былтыр өңірдегі ауылдардан 3,5 мың адам көшіп кеткен. Бұдан бұрын облыс әкімі Болат Бақауов ауылда қаңырап бос қалған үйлердің тізімін жасауды тапсырған-ды. Бүгінде өңірде сатылымға шығарылған 593 үй бар. Олардың әрқайсысының бағасы 500 мың мен 3 миллион теңге аралығында. 2016 жылы 30 оралман отбасы, ал оңтүстік өңірлерден 57 отбасы көшіп келіпті.
Сондай-ақ өздері қалада тұрып, ауылға барып-келіп қызмет істейтін ауыл әкімдері Жергілікті өзін-өзі басқару заңынан тыс қалғандай. Мысалы, Павлодар ауданының Красноармейка, Заря, Мичурин, Заңғар ауылдарының әкімдері, Мәжіліс депутаттары барған Черноярка ауылдық аумағының әкімі, облыс орталығына қарасты Ленин кенті, Кенжекөл ауылы әкімдері қала мен ауыл арасына барып-келіп жұмыс істейді. Мұны аудан әкімі де, ауылдықтар да біледі. Әкімдер «ауылда тұратын үйіміз жоқ болса қайтейік, бұл заңға қайшы емес» дейді. Мичурин ауылы жергілікті қоғамдық кеңестің төрағасы Хайыр Рақымжановтың айтуынша, ауыл жергілікті әкімдерге сенуден қалып барады. Ауылда 5-6 айдай әкім болмады. Жақында ғана жаңадан тағайындалыпты. Бұрын әкім болған Амангелді Бекмағанбетов тұрғындардың наразылығынан кейін жұмысынан кеткен-ді.
Павлодар аудандық мәслихатының депутаты Бақытбек Баткеевтің айтуынша, аудандағы ауыл әкімдерінің жұмысына көпшіліктің көңілдері толмайды. Мұндай жағдай ауылға әкім сайлау кезінде Май ауданы, Кеңтүбек ауылында, Шарбақты ауданында кездесті. Кеңтүбек ауылы әкімдігінің ауласы өмірі бір жөндеу көрмеген, әбден тозып біткенін де көрдік. Әкімдіктің кеңсесі бәленбай жыл болған, тастан салынған ғимарат, іші мұздай. Ауыл әкімдігі мамандарының денсаулықтарына алаңдайсың.
– Ауылға ауыл шаруашылығынан, экономикадан хабары жоқ әкімдер келеді. Ел іші білікті, білімді әкімдерді күтеді. Әкім ауылда тұрмаса, тұрғындар оларды қаладан іздеп жүре ме? Соңғы екі жылда Павлодар ауданында 10-ға жуық ауыл әкімі сайланса, 4-уі ішкі істер саласының зейнеткерлері көрінеді. Бұған не айтасыз? – дейді Бақытбек Баткеев.
Демек, әр ауылда кездесіп қалатын «қонақ әкімдерге» тыйым салып, «әкім болсын, шенеунік болсын өзі қызмет жасайтын жерде, ауылда немесе қалада тұруы тиіс» деп міндеттейтін ереже керек-ақ сияқты. Әр әкім өз ауылында отыруы керек.
Заңға сәйкес бюджет қаржысын ауыл әкімі жергілікті белсенді қауымдастық мүшелерімен бірге тиімді пайдалану жолдарын қарастырады. 2016 жылғы сайлау өңірдің 13 ауданында өтіп, 98 ауыл әкімі сайланды. Енді әкімдердің іскерлік қабілетін көрсететін сәт келді. Өңірдегі 31 ауыл «Тірек ауылдар мен аудан орталықтарын дамыту» бағдарламасына енгізілді. Өкінішке қарай, бұл ауылдардың тірек боларлықтай тыныс-тіршілігі әлі байқалмай отыр. Қазір облыста тұратын ауыл халқының саны 222 мыңдай ғана. Ауылдарда халық саны, мектеп оқушылары саны мүлде азайып барады. Туу көрсеткіші төмен.
Тұрғындардан түскен салық балабақшаларға, абаттандыру, көгалдандыру, жергілікті жолдардың жағдайын жақсарту сынды мәселелерге жұмсалады. Алдағы уақытта әкімдердің жұмысын бағалау үш талаппен – салық түсімдерін молайту, жаңа жұмыс орындарын құру, қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау негізінде жүзеге аспақ. Талап үдесінен шығу үшін ауылдардың орналасу ерекшелігі, халқының тығыздығы маңызды болады. Мәселе оқыған, көзі ашық, елге, қазаққа, ауылына жаны ашитын, патриот, заман талабына ілесе алатын әкімнің ауылға келуінде болып тұр.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы
Суретті түсірген Айбек ЖҰМАТОВ