Негізі күз келіп, күн суытқаннан бастап көпшілік биылғы қыстың қатал болатынын айтқан еді. «Халық айтса қалт айтпайды» деген мақалдың шындығына мұндайда көз анық жете түседі. Бірақ өткен жылдың қазан мен қараша айларында-ақ Әулиеата қалың қардың құшағына оранады деген болжам қаңтар айында ғана расқа шықты. Қазір жапалақтап жауған қар тіпті күреуге де дес бермей отыр. Дегенмен жергілікті билік тарапынан бұл мәселеде қиындық туындай қойған жоқ.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Тараз қаласында қардың қалыңдығы 22 сантиметрге жеткен. Ал облыстың шалғайдағы Сарысу мен Талас аудандарында 25-30, табиғаты тосын Жуалы ауданында 28-35, ал Мойынқұм ауданында 20-22 сантиметрді құраған. Облыстың өзге аудандарында да жағдай осындай. Бірақ биылғы жауған қардың азаятын, қыс қаһарының қайтатын түрі жоқ. «Қазгидромет» қардың әлі де қалың түсетінін хабарлап отыр. Табиғаттың бұл тосын мінезі соңғы онжылдықта өңірде болмаған жағдай. Тек осыдан он екі жыл бұрын қар біршама қалың түсіп, елді әбігерге салған еді. Қалааралық жолдарды айтпағанда, аудан мен аудан, ауыл мен ауыл арасын жалғайтын жолдарда қатынауда біраз қиындықтар туындаған. Ал көнекөз қариялар мұндай қалың қардың соңғы рет 1969 жылы жауғанын айтып отырғанын естігенбіз. Содан бері Жамбыл өңірінде қырбақ қар болғанымен, дәл мынандай қыстың болғаны сирек құбылыс екен. Тіпті телефонға күн сайын үздіксіз келіп жатқан хабарламалардың өзі де әлі де күннің суытатынын, қардың бұдан да қалың жауа түсетінін айғақтайтындай. Не болса да өңір тұрғындары үшін бұл бұрын-соңды болмаған оқиға болып тұр.
Алайда халықтың қала ішінде облыстық, республикалық маңызы бар жолдарда еркін қозғалуы үшін үш күннен бері өңірде қар тазалау науқаны басталып кетті. «Қазавтожол» ҰҚ» АҚ Жамбыл облыстық филиалының басшысы Дәурен Тоқтаровтың айтуынша, қар тазалау жұмыстары бүгінде басты назарда. Облыстың қауіпті аймақтары болып саналатын Қордай және Жуалы аудандарының Күйік асуларында да тазалау жұмыстары жүргізілген. «Бүгінгі таңда облыс арқылы өтетін халықаралық, республикалық маңызы бар жолдардың бәрі ашық. Тұрғындардың қауіпсіздігі басты назарда. Қазір қар тазалау жұмыстарына алпыстан астам техника тартылып, мамандар тиісті жұмыстар атқаруда», дейді ол.
Қыстың көзі қырауда қала ішіндегі қозғалыстың да қиындай түсетіні анық. Бірақ күнделікті тіршілік табиғаттың тосын мінезін тағы күтіп тұрмайды. Сол себепті қала көшелерін ретке келтіру мәселесінде тынымсыз еңбек қажет болады. Бұл орайда «Жасыл Ел Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысы маңызды. Аталған мекеме басшысының өндірістік атқару бойынша орынбасары Мұхамеджан Арзымбетов серіктестікке тиесілі қаланың 88 көшесі үш күннен бері тазаланып жатқанын айтады. Жалпы, мекеменің меншігінде 42 арнайы техника болғанымен, бүгінде олар ескірген екен. Әйтеуір жұмысқа жарап тұр.
Облыс орталығына жақын Т.Рысқұлов ауданының Тереңөзек және Қайыңды ауылдарында қардың қалыңдығы 45 сантиметрге жеткенімен, әзірге жағдай қалыпты екен. Жалпы, аудан бойынша 9 елді мекеннен 13 орта мектепке 656 бала тасымалданады. Бұл мақсатқа ауылдық округтер 14 автобус бөлген.
Жамбыл және Байзақ аудандарында да жағдай тұрақты. Жамбыл ауданында 9 ауылдық округтен 12 мектепке 997 оқушыны тасымалдау үшін көлік қарастырылған. Ал 10 мектепке барып-келіп оқитын 704 бала үшін Байзақ ауданында 10 көлік бөлініпті.
Өңірдегі шалғай аудандардың бірі – Мойынқұм. Аталған аудандағы Мыңарал кенті мен Мыңарал стансасындағы мектептер салқын екен. Дегенмен бұл мәселе де шешімін тауып, 200-ге жуық бала аудан орталығындағы Т.Рысқұлов атындағы орта мектептің интернатына орналастырылған. Бұл да болса ата-аналардың алаңдаушылығын тудырмайтын, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жағдай.
Қыстың қатал сыншы екені аян. Әсіресе шалғай жатқан елді мекендер үшін бұл мезгілдің мұңы көп. Мал шаруашылығымен жан бағып отырған отбасылардың да алаңдауы орынды. Сонымен қатар балалары келесі ауылдағы мектепке барып оқитын ата-аналар үшін де қыстың қаупі мол. Дегенмен табиғаттың тосын мінезіне тосқауыл жоқ. Тек «Қыс шанаңды жаз сайла» дегендей, қапы қалмаудың жолын іздеп қамданғанда ғана үлкен мәселелер туындай қоймайды.
Хамит Есаман,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы