Қазақстан • 18 Қаңтар, 2018

Кешiр бiздi, батыр баба!

1656 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Тәуелсiздiктiң бүгiнгi ұрпаққа татырған жемiстерi мен басқа да игiлiктi iстерi көп қой. Мәселен, бұрын барынша бұрмаланып келген ел тарихы түзетiлiп қайта жазылар деп ойлап па едiк? Өңiмiз түгiл түсiмiзге де кiрмеген. Ата-баба рухымен қайта табысқанымыз, әр қалада бой көтерген хандарымыз бен батырларымыздың ат үстiндегi зәулiм ескерткiштерi де – сол тәуелсiздiктiң арқасы. Батыр бабаларымыз бiр кезде қазақ даласын басқыншы жаулардан қалай тазартса, тәуелсiздiктен кейiн олардың есiмдерi қалаларымыз бен көшелерiмiзде сiресiп тұрған қызыл комиссарларды да солай ығыстырып шығарды.

Кешiр бiздi, батыр баба!

Өз басым XVIII ғасырдағы жоңғарға қарсы азаттық соғысы­ның тарихын бiр кiсiдей зерттеп, қазақ ханы Абылай мен бас қолбасы Қабанбай өмiрiнен «Дарабоз» атты қос томдық роман жазған кiсiмiн. Ал империя кезiнде сол Абылайдың да, Қабан­­байдың да атын ататқызбай шек қойылғаны белгiлi. Сол Қабанбайдың қазiр жетi қалада ескерткiшi тұр. Жеке Қабанбай ғана емес, кезiнде Абылай төңi­ре­гiне топтасқан басқа да ба­тырлардың ескерткiштерi әр қалада орнап болды деуге болады. Ал­дын ала қор құрып, қаржы топтап, ескерткiш соққан – батырдың ұр­пақтары.

Мен сол батырлардың бәрi­нiң дерлiк мерейтойларына қа­ты­сып, сөз сөйлеп, құттық­та­ған­ адаммын. Бiрақ, амал не, сол қуаныштарға ортақ болып жүр­сем де, көңiлiмде бiр нәрсе­нiң орны толмай, өзiмнен-өзiм қорланып жүрушi едiм. Неге дейсiз ғой? Өзге батырларға iз­деу­шi, жоқтаушы болып жүре­тiн жазушының өз бабасы Бай­мұрат батырға бүгiнге дейiн бiр белгi қойылмапты ғой.

Баймұрат – жай бiреу емес, мен туып-өскен төртуыл тайпа­сы­ның медет берер ұраны. Қол­ба­сы Қабанбаймен үзеңгi қа­ғы­сып, бiрге соғысқан әйгiлi ба­­­тыр­лардың бiрi. Аттаныс, не­ қор­ғаныс кезiнде төртуыл мың­­­­­дығын бастап, қашанда ту тү­бiнде табылған кiсi. Баймұрат та – көкжал Барақ, батыр Баян, ер Жәнiбек, Бердiқожа, Олжабай, Дәулетбай, Шыңқожа батырлар сияқты Абылайдың үкiлеп ұстаған сетерлер тобына кiредi. Мөлшермен 1710 жылы туып, 1785 жылдарда қайтыс болған. Ке­зiнде жоңғардан босаған Бар­қытбелдiң терiскейi мен күн­гейiне өз ұлысын бастап барып­ қоныстандырған ру көсемi. Сүйе­гi Барқытбелдiң күнгейiнде, Шә­уе­­шектен 50 шақырым жер­дегi Кү­жiбай аңғарында жатыр.

Ал осы Баймұрат батырға осы уақытқа дейiн ас берiлмей, ес­­­керт­кiш белгi орнатылмай, ес­ке­ру­сiз қалуының себебi не? Менiңше, оның себебiн төртуыл тай­па­сының ешкiмге ұқсамайтын айрық­ша тағдырынан, ылғи да осы рудың басына бұлт болып төне­тiн тарихтың тәлкегiнен iздеу керек. Ол үшiн, амал жоқ, көне тарих беттерiн аз-кем ақ­таруға тура келедi.

Шежiре бойынша, тоғыз таң­ба­лы Найманның бiр таңбасын ие­­ленген iргелi тайпаның бiрi –­ төр­туылдар. Найман iшiнде: Қа­ра­керей, Матай, Садыр, Төр­туыл төртеуiн – бәйбiше найман­дар немесе «төрт Төлегетай» деп те атайды. «Бәйбiше найман» дей­тiн себебi – бұлар Ақсопы Най­ман­нан қалған жалғыз тұяқ – Белгiбай мен Ақсұлудың тұңғы­шы Сүйiнiштен тарайды. Әкелерi Қытай батыр ерте қайтыс болып, аталары Төлегетайдың бауырында өскендiктен, «төрт Төлегетай» атанған.

Бұлардың кейiнгi тағдыры Төр­туылдың көрген түсiне, оны аталарының қалай жорыға­нына байланысты өрбидi. Төлеге­тайдың ең кенже немересi Төр­туыл атасына келiп: «Түсiмде жан-жаққа шашырап кеткен қысы­рақтың үйiрiн қанша қайыр­сам да, басын қоса алмай шаршап жатып ояндым», дептi. Сонда атасы: «Қап, әттеген-ай, ұрпағың бы­ты­раңқы болады екен-ау», деп қат­ты қынжылған екен.

Не керек, сол Төлегетай ата­сы­ның айтқаны айна-қатесiз кел­дi де тұрды. Төртуыл ұрпақ­тары, шынында да, қоныс жағы­нан бытыраңқы болып шық­ты. Бөлiнiп-жарылу керек болса, нысанаға алдымен iлi­не­­тiнiн қайтерсiң. XVIII ғасыр­да жоңғардан босаған Тар­ба­ғатай тауының күнгейi мен терiс­кейiнен, бiр жағы Ертiстi бойлап, сонау Алтайға дейiн Баймұрат бабамыз қонысты ойып тұрып-ақ алған екен. Кейiн, Ресей мен Қытай қағанаттары өзара еншi бөлiскенде, шекара сызығы Тар­бағатайдың қыр жонынан тар­тылыпты да, төртуылдар екi­ге бөлiнiп қалыпты. Орысқа бағы­нып, Зайсан, Марқакөл өңi­рiн мекендегендер – «Ертiс Төр­туылы» атанды да, Қытай жағында, Шәуешек маңында қалғандар – «Күнгей Төртуылы» деген атақ алды.

Әсiлi, төртуыл тайпасы төрт рудан тұрады: Ақбарақ, Ақ­бо­лат, Андабарақ, Аманбарақ. Ше­кара сызығы тартылғанда, Ақ­ба­рақ тұтастай, Ақболат жартылай Қытайға қарап қалды да, Андабарақ пен Ақболаттың та­ғы бiр бөлiгi Ертiс бойында қа­ла бердi. Сонда, Аманбарақ қай­да дейсiз ғой? «Ақтабан шұ­бырынды» кезiнде найман рулары Алтай мен Тарбағатайды тастап, Арқа өңiрiне ауып барды емес пе? Кейiн төртуылдар өз жерiне оралғанда, Аманбарақтар елге қайтпай, сол жақта қалып қояды. Қазiр олар Арғын iшiнде төртуыл атымен Сүйiндiктiң бiр атасы саналып жүр.

Қытайға қараған күнгей төр­т­уылдың көрмеген қорлығы, тарт­­­паған жәбiр-жапасы жоқ деу­ге болады. Баяғы Абылай, Қа­банбай заманында (1760 жылдар) жоңғардан босаған Құлыс­тай өңiрiнен қоныс алған төр­туылдар Баймұрат батырдың бас­тауында жергiлiктi Қытай өкi­метiне тиiстi алман-салығын төлеп, бейбiт жағдайда тұрып жатқан-ды. Кейiн, қазақтың сорына қарай, 1864 жылдар Қы­­тайдың бiрнеше қаласында «Дүн­гендер көтерiлiсi» деген бiр пәле бұрқ ете қалды. Гансу, Шың­хай өлкелерiн жайлаған он миллиондай дүнген мил­лиард қытайға жон көрсетiп, оқта-текте осылай Гадауат соғысын жариялап тұратын әдетi бар. Мұ­сылманның ақ туын көтерiп келген соң, зиянынан басқа пайдасы жоқ сол көтерiлiске қазақ рулары да қосылып кетедi. Тiптi Бәйжiгiт руының батырлары Маншың әскерiн түре қуып, сонау Манасқа дейiн барыпты. Алайда көп ұзамай дүнгендер жойылып, көтерiлiс басылады да, Маншың өкiметi бұлғаққа қатысқан қазақтардан кек алуға кiрiседi. Жазалаушы шерiктер өздерiнше будда ұранын көтерiп, Қобықтағы Шаған Кеген бастаған қал­мақтарды да қаруландырып, өздерiне қосып алады.

Қытай-қалмақ шерiктерiнен құралған жазалаушы полк ең алдымен көтерiлiске қатыспаған, малын семiртiп жайлаудан ендi түсiп жатқан төртуыл тайпасына соқтығады. Қарусыз, бейбiт ел қорғанып үлгере алмайды. А дегенде қарсы шапқан Олжабай, Кемпiрбай секiлдi батырлар бiр­ден оққа ұшады. Шерiктер кө­зiне көрiнген қазақты жас демей, кәрi демей, ер-әйел демей қы­лышпен турай бередi. Есi шыққан жұрт тау-тасқа, орман-тоғайға тығылады. «Жау кеп қалды» дегенде батысқа қарай үрке көшкен төртуылдар шекараны көктей өтiп, Қатынсуға келiп паналайды. Бiрақ жазалау­шы әскер қазақ көшiнiң қыр соңынан қалмайды. 1864 жылы қыркүйек айында түнделетiп қуып жеткен жендеттер алаңсыз таңғы ұйқыда жатқан босқындарды оққа байлап, тiрi қалғандарын найзамен шаншып, қылышпен турап шығады... Не керек, осы қанды қасапта төртуылдың әр руынан үш мыңдай түтiн харап болады. Бұл – жай ел аузындағы әңгiме емес, орыс құжаттарында сақталған белгiлi оқиға. Сол күндерi Аягөздегi Сергиопол қамалының бастығы Нюхалов Семей губернаторына төтенше мәлiмет-хат жолдайды. Сол хатта: Үрiжар мен Бақты бекетi арасында сұмдық қырғын болғанын, қытай шерiктерi Қатынсудың бойында өз елiнен қашып өткен мыңдаған адамды қанға бөктiрiп қырып салғанын хабарлайды да, қазiр адам етiн жеген иттер құтырып, әрі-берi өткен жүргiншiге шабатынын айтады. Өлiктердiң мүңкiген иiсiнен ауру таралу қаупiн ескертiп, мәйiттердi жинап көмуге, құ­тырған иттердi атуға қосымша қар­жы, оқ-дәрi сұрайды... Бұл сұм­дықтың ел есiнде қалғаны сонша, Мұқаншы селосынан 25 шақырым жердегi төртуылдар қырғын тапқан Қатынсудың бойы қазiр де «Ойран» деп аталады...

Жаугершiлiкте жан-жаққа ша­шылып кеткен төртуылдарды iздеп тауып, басын қайта құрау үшiн менiң бабам Сымайыл зәңгi мен Керiмбай үкiрдайға он жылдай уақыт керек болыпты. Кейбiр ұсақ рулар мүлде жойылып, он шақты ғана үй қалған. Ел үрiккенде тайпа көсемi Сымайыл зәңгi Қайыңбай және Есiм атты екi ұлынан көз жазып қалғанда, басқаларға не сорым?! Зәңгi өз­ балаларын iздей жүрiп, ат жетер жердегi жетiм бала, жесiр әйелге дейiн түгел жинаған екен. Қырғыннан аман қалған, ата жағынан жақын бiрнеше ша­ңы­рақты бiрiктiрген. Iз-түзсiз жоғалғандар қаншама! Сөйтсе көп ауылдар Тарбағатайдан қоныс аударған Қызайлардың кө­шiне iлесiп, Iле уәлиятына өтiп кетiптi.

Сөйтiп аталарының көрген түсiне орай, күнгей төртуылының быт-шыт бытыраған бiр кезi осы екен. Әйткенмен өмiр қайта жалғасады. 1880 жылдары екi мемлекет арасындағы шекара бекiп, Маншың өкiметi өзiне қарасты қазақтарға сайлау жүр­гiзгенде, төртуылдардың саны үш мың түтiнге жетiп, бiр үкiрдай елге айналады. Бұл кезде жоғалған балаларының күйiгiнен күрт қартайып кеткен Сымайыл зәңгi «алғашқы үкiрдай кiм болады?» дегенде жасы кiшi Керiмбайға жол бередi. Ал кейiн, ел iргесi бүтiнделгенде, күнгейдегi төр­туылдар жетi зәңгi (болыс) елге айналады. Алты зәңгi Ақбарақ, бiр зәңгi Ақболат.

Бұдан кейiнгi оқиғалар ме­нiң «Тағдыр», «Соңғы көш», «Таң­ғажайып дүние» атты романдарымда баяндалғандықтан, бұл арада оны қайталап жатпаймын. Ендiгi әңгiме басқа бiр көш жайында. Сөйтсек төр­туыл тайпасының маңдайына жазылған «бытырау» науқаны әлi де бiтпептi ғой... Олай дейтiнiмiз, Қытай шовинистерiнiң жан-жақ­ты езгiсiне шыдамаған Шәуешек төңiрегiндегi төртуылдар 1962 жылы көктемде iрге көтерiп, атажұрт Қазақстанға түп қопа­рыла көшiп өттi. Небәрi бiр ай­дың iшiнде (10 сәуiрден – 1 мамырға дейiн) босып өткен қазақтың саны 200 мыңнан асады. Соның жүз мыңнан астамы, сөз жоқ, төртуылдар... Көк­темгi көкөзек шақта бiр елден екiншi елге қоныс аудару оңай шаруа емес. Бұл, әрине, Со­вет өкiметiмен күнi бұрын келi­сiмге келiп, көштi алдын ала дайындаған азаматтардың арқасы. Атажұртқа көшу идеясын бастаған, қысқасы сол көштi ұйым­дастырған – осының алдында Алматыдан оқып қайтқан Қаб­деш Жұмадiлов екенiн бұл күнде жұрттың бәрi бiледi.

Жалпы, ұлт тағдырымен өл­шегенде, бiр мезгiлде көшiп өткен 200 мыңдай қазақ – Қа­зақстанның еңкейiп кеткен ең­сесiн бiр көтерiп тастағаны анық. Олар шекара бойындағы төрт облысқа: Шығыс Қазақстан, Семей, Талды­қорған, Алматы облыстарына бытырай жайғасты. Өйткенi әр совхозға 40-50 үй­ден бөлiнуге тура келдi. Ең бас­тысы, аштық құрсауынан қа­шып құтылған халық бiрден тоқ­шылыққа кенелiп едi. Жа­ңадан қосылған 200 мың халықты Кеңес мемлекетi шыбын шаққан құрлы елеген жоқ. Бiр айдың iшiнде ересектердi түгел жұмыс­қа орналастырып, екi айдың iшiн­де «Совет Одағының азаматы» деген қып-қызыл паспорт бердi. Демо­граф­тардың айтуынша, сол жылы шекара­дан өткен 200 мың қазақ бұл күнде ұрпағымен миллионнан асқан көрiнедi. Оны республикадағы қазақ санының 40 пайыздан  70 пайызға көтерiлуi­нен-ақ көруге болады.

Мына бiздер елге ел қосылып, ұлт мерейiнiң тасығанына мәз болдық та, рулардың тартқан «зия­нына» мән бермеуге тырыстық. Сөйтсек рулық құрамның бұлай­ша күрт өзгеруi бiраз қиындықтар тудырады екен. Мысалы, бөлiнiп- жарылған аталас ағайынның бiр-бiрiне жат болуы, жастары бiрiн-бiрi танымай, үйленгенде «жетi ата» заңының бұзылуы, торқалы той, топырақты өлiм кезiнде бас қоса алмау... Бұл да ештеңе емес, бiздiң төртуылдар ата-бабасына ас бере алмау, батыр бабаларына ел қатарлы ескерткiш қоя алмау қасiретiне ұшырады. Төртуылдың ұраны болған Баймұрат батырға бүгiнге дейiн ескерткiш қоя алмай жүргенiмiз содан.

Мен батыр бабаның алдында өзiмдi кінәлi санап, iштей мүжi­лiп жүретiнмiн. Себебi Баймұрат батырдың өзi бастап барып қоныс­тандырған ел-жұртын арада екi ғасыр өткенде жылы орнынан қозғап, Қазақстанға көшiрiп әкел­ген мен ғой. Ақырында батыр бабама ескерткiш қоятын он сотық жердi кiмнен сұрарымды бiл­мей, үмiт үзiп қойғанмын... Сол үшiн батыр бабамыздан ке­шiрiм сұрағаннан басқа амал жоқ.

Бiрақ мен тым асығыс, үстiрт ой­лап жүр екенмiн. Қазақстанға өзiм бастап келiп, тарыдай шашып жiберген Ақбарақтың әле­гiмен жүрiп, төртуылдың өзге ба­ла­ларын естен шығарыппын. Сөй­тсем сонау Алтайда, Зайсан мен Марқакөлдi мекендеген аға­­йын­дарым – Андабарақ бар екен ғой. Өткен жылы аяқ астынан солар атқа қонсын! Оларды оятқан, түстерiне кiрiп аян берген – батыр бабамыздың өзi. Бiздiң төртуылдар түс көрмей жүрмейдi ғой. Қалибек Алтыбаев деген iнiмiз бiр күнi ұйықтап жатса, түсiнде Зайсан қаласының дәл қақпасының алдында Баймұрат бабасы тұр дейдi. Өзiнiң төл тұлпары Нарқызылдың үстiнде, бес қаруы бойында. Өзi тым ашулы сияқты ма, қалай?

– Менi ұмытқан жоқсыңдар ма? Мен – бабаларың Баймұрат батырмын ғой! – дептi де, көзден ғайып болыпты.

Ұйқыдан қуана оянған Қа­ли­­­бек көрген түсiн ертеңiн­де жо­ра-жолдастарына, туыс­қан­дарына айтады ғой. Со­дан не керек, бабаларын кенет еске алған Ан­дабарақтар көп ұзамай бас қосып, Зайсан қала­­сында Баймұрат батырға ескерткiш қоймақ болып шешім қабылдайды. Аудан әкiмi орынбасарын өз iшiне алған қор құрады. «Дарабоз» романындағы Баймұрат батыр суреттелетiн тарауларды қай­та оқып, өздерiн тарихпен қаруландырады. Мiне, осыдан кейiн ғана батырдың өмiр­баянын нақтылай түсу мақсатында Қалибек Алтыбаев бастаған бiр топ Алматыдағы маған келедi ғой.

Зайсандық төртуылдардың мына ұсынысын естiгенде, қуан­­ғаным сонша, жүрегiм жарыла жаздады. Неше жылдан берi еңсенi көтертпей, иықтан басып тұрған ауыр жүк лезде­ сы­пырылып түскендей болды. О, ғажап, төртуыл ұрпағы жал­ғыз Ақбарақпен бiтпейдi екен-ау! Алтайда «золотой запасым»­ Андабарағым бар екен-ау! Ескерт­кiштi қайда орнатамыз дейтiн емес, Зайсан деген меншiктi қала­мыз бар екен-ау! Мен ойланбастан Анда­барақтар тобына қосылдым да кеттiм.

Осыдан көп жыл бұрын Зайсан­ға бiр барғаным бар едi. Кеңес дәуiрiндегi аудан басшысының қыры-қабағы ұнамады ма, әлде қағазбастылықтан қол тимедi ме, ол жаққа екiншi рет ат басын бұра қоймаппын. Ендi, мiне, батыр бабамыздың аруағы бiздi қайта бiрiктiрдi. Қазiр мен де «Баймұрат батыр қорының» бiр мүшесiмiн. Алматыда, Астанада, Семей мен Өскеменде қордың бөлiмшелерi бар. Қордың Зайсандағы есеп-шотына ақша деген мың-мыңдап аударылып жатыр.

Мүсiншiлерге тапсырыс берi­лiп те қойды. Тәңiр жазса, алдағы жазда Зайсан қаласының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында бабамыз Баймұрат батырдың ат үстiндегi айбынды тұлғасы қала қақпасының алдында бой түземек.

Қабдеш Жұмадiлов

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше