«Euronews» хабарлағандай, музейге келушілердің көбі картинаны анық көре алмайтынына шағымданған. Шыны панельдің артында ілулі тұрған картина үлкен залдың ішінде пошта маркасы сияқты әсер қалдырады дейді жұрт.
Луврдың XVI ғасырдағы италиялық кескіндемелер бас кураторы Винсент Делевиннің айтуынша, бұл картина авторының идеясына қайшы.
«Леонардо да Винчи картина мен оны көрген адам арасында жеке қарым-қатынас орнатқысы келді», дейді ол.
Айта кетейік, қауіпсіздік талабының қатаң болуы соншалық, музейге келушілерге картинаны көру үшін небәрі 30 секунд қана уақыт беріледі. Ал бұл уақытта селфиге түсуге асыққан адамдар бір-біріне ыңғайсыздық тудырып, туындыдан ләззат алуға кедергі келтіреді екен. Сондықтан да Лувр дирекциясы портретті қайта ілу керек деген шешім қабылдады.
Мұражай директоры Лоренс де Карстың айтуынша, картинаны көшіру оңай шаруа емес. Ол үшін Лувр музейіне жаңа кіреберіс ашып, жертөледегі екі залды реттеу қажет. Сөйтіп, «Мона Лиза» картинасы жеке залға орналастырылып, келушілердің кезегі де азаймақ.
Ал бұл мақсатқа жету үшін тиісті жөндеу жұмыстарына 500 миллион еуро қажет болып отыр. Аталған бастаманы Францияның Мәдениет министрлігі қолдаса, ендігі жауап Қаржы министрлігінен болмақ.