«Таза Қазақстан» • 26 Сәуір, 2024

Тазалыққа жұмылған жұрт

159 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында өңірдегі «Киелі мекен» апталығын түйіндеген облыстық сенбілікте аймақтағы тарихи орындар, ескерткіштер айналасы абаттандырылды. Облыс орталығында сенбілікке 2 570 адам қатысып, 500 текше метр қоқыс шығарылды.

Тазалыққа жұмылған жұрт

Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата кітабының 1300 жыл­дығына арналған ескерткіш, Амангелді Иманов, Жан­қожа Нұрмұхамедұлы ескерткіштерінің аумағына тал тігіл­ді. Жалаңтөс Баһадүр, Мұстафа Шоқай, Бұқарбай батыр, Ғани Мұрат­баев, Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалды ескерт­кіштері мен С.Қожанов, Ы.Жақаев мүсіндері маңы тазаланды.

Аралдықтар Балықшылар музейінің ауласын көркейтіп, Әбдіжәміл Нұрпейісов музейі аумағын тазалады. Қазалы ауда­нындағы Жанқожа батыр кесенесі мен Ғ.Мұратбаевтың мемориалдық музе­йінің аумағында тазалық жұмысы қарқынды жүрді. Жанкент қала­шығы мен Бегім ана мұнарасы, Кердері кесенелерінің аумақтары да абаттандырылды. Қармақшылықтар түркі жұртына ортақ қа­сиет­ті мекен Қорқыт ата ескерткіш-кешені мен Марал ишан, Қалқай ишан кесенелеріне тазалық жұмыстарын жүргізді.

Жалағаш ауданында да Бұқарбай батыр, Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарына арналған ескерткіш, Түмен әулие кесенесінің маңайын ретке келтірді. Сырдария ауданының Асанас, Қышқала қалашықтары мен Қалжан ахун мешіт-медресесі аумағындағы игі бастамаға тұрғындар белсене атсалысты. Жаңақорғандықтар Қорасан ата кесенесі, Сығанақ қалашығы мен тарихы терең мәдени ескерткіштер айналасын тазартты.

«Киелі мекен» апталығы Шиелі ауданы Қаратау жотасының Бала Сауысқандық шатқалындағы Сауысқандық петроглифтері аумағында қорытындыланып, оған мәдениет, өнер саласының қызметкерлері, қоғам белсенділері, еріктілер, ауыл тұрғындары қатысты. Мыңдаған жылдар дерегін жеткізген петроглифтер маңы тазартылып, көшет отырғызылды. Апталық кезінде облыстағы тарихи-мәдени нысандарда тазалықпен қатар танымдық шаралар ұйымдастырылды.

 

 Қызылорда