Қазақстан • 19 Қаңтар, 2018

«Тәуелсіздік дәуірі»: түйін және болашаққа көзқарас

572 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік күні қарсаңында Астанада Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» деп аталатын сүбелі еңбегі жұртшылық назарына ұсынылды. 

«Тәуелсіздік дәуірі»: түйін және болашаққа көзқарас

Тарихи журналистика жанрында жазылған «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы елдің жаңа тарихындағы шешуші тұлғаның көзқарасын баяндайды. Егемен елдің негізі қаланған сәттен бастап қалыптасу кезеңдеріне, ішкі және сыртқы мәселелерде шешім қабылдау механизмдері мен ішкі логиканы көрсетуге баса назар аударылған.

Оқырмандарға Қазақ­стан­ның тәуелсіздік жылдары қол жеткізген негізгі 33 же­тістігі егжей-тегжейлі түсін­дірілген. Бұл – қазіргі заманауи әрі қуатты мемлекетті қалыптастыру; мемлекеттік шекараны халықаралық деңгейде құқықтық тұрғыдан бекітіп алу; этносаралық және конфессияаралық татулықтың бірегей үлгісі; Семей ядролық полигонының жабылуы; жоқтан бар жасап, күйреген экономиканы нарықтық экономикаға көшіру, ұлттық валютаны енгізу; жаңа елорда – Астана қаласын тұрғызу; заманауи әскери күштерді құру; кең ауқымды инновациялық индустрияландыру; Қазақ­стан-2030 Стратегиясы, Қа­зақстан Республикасының 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы; Бес институционалды реформа, ЭКСПО-2017 ха­лықаралық көрмесі және Қа­зақстан мақтана алатын басқа да көптеген жетістіктер.

Президент кітап маз­мұ­нын эпиграфтағы: «Бұл кітап менің ұлы қолдаушым, ке­мел келешегіне өзінің қазақ­стандық жолымен қарыштаған жасампаз халқыма арналады» деген жолдармен айқындады. Мұнда «қазақстандық да­му үлгісінің», негізгі прин­цип­терінің, механизмдері мен қозғаушы күштерінің маңыздылығы көрсетілген. Қазақстан жаңғыруының үш кезеңін зерттеу маңызды орын алады. Бірінші және екінші жаңғыртудың, тоталитарлық жүйені жойып, нарықтық эко­номиканы құрудың арқа­сында әлемнің бәсекеге қа­білетті 50 елінің қатарына ен­дік. Үшінші жаңғыру елді жа­һан­дағы ең дамыған 30 мемле­кеттің қатарына қосуға бағытталған.

Кітап еліміздің жаңа тарихын қамтыған 4 тараудан тұрады: «Мемлекетіміздің дү­ниеге келуі. Қазақстанның бі­рінші жаңғыруы» (1991-1995 жылдар), «Ұлы бетбұрыс». Қазақстанның екінші жаң­ғы­руының басталуы» (1996-1999 жылдар), «Қияға құ­лаш сермеу. Қазақстанның екін­ші жаңғыруы» (2000-2010 жылдың басы), «Қалыптасқан мемлекет. Қазақстанның үшін­ші жаңғыруы» (2010-шы жылдар).

Президент жаңа кітаптың алғысөзінде «Біздің ортақ міндетіміз – фактілерді саралап, оқиғаларға объективті ба­ға беру ғана емес, сонымен қа­тар тарихи процестердің бола­­шағын түсініп, өткенді қа­зір­гі күннен бөліп көре алу және болашақ туралы ойы­мыз­да өткенді есте ұстау» дейді.
Кітап тарауларының атау­лары жаңа тарихтың маңыз­ды оқиғалары мен Қазақ­стан құндылықтарын айқын әрі нақты көрсеткен: «Тари­хи әділдіктің салтанат құ­руы», «Берік, сенімді мемле­кеттік құрылым», «Біз ең бас­ты құндылық – бейбіт­ші­лік­ті сақтап қалдық», «Жа­ңа леп және салт-дәстүр­дің жаңғыруы», «Сыртқы саясат­тың жасампаздығы жаңа бас­тал­ды», «Қазақстандық барыс» секіруге дайын», «Жаңа астана жасайды!», «Эконо­ми­калық саясат және экономи­каның тұрақтануы», «Тәуел­сіздік біздің рухымызды ас­қақтатты», «Біз әлемдік дағ­дарысқа төтеп бердік», «Бұ­рын-соңды болмаған интел­лек­туалдық ренессанс», «Бар­лық әлем мойындаған көш­басшылық» және басқалары.

Әлемдік екі дағдарыста Қазақстан өзінің қуатты мемлекет екенін көрсетті.

2012 жылы біз «Қазақ­стан-2030» Стратегиясының мін­деттерін орындап, бә­се­­кеге қабілетті елу ел мен да­му деңгейі орташа мем­ле­кеттердің қатарына қосылдық. Әрі қарай «Қазақстан-2050» даму стратегиясында Елбасы әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу міндетін қойды.
Біз бұл мақсатқа Н.Назар­баев 2017 жылдың басында жариялаған Үшінші жаң­ғыру арқылы жетпекпіз. Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін конституциялық реформа жүр­гізіліп, экономикалық қай­та құрылымдаулардың және «Рухани жаңғыру» бағ­дар­ламасы бойынша қоғамның санасын дамытудың келе­сі кезеңдерінің басым бағыт­тары таңдалды.

Халықаралық бейбітшілік пен татулық – біздің ортақ жетістігіміз және бұл елдің әлеу­меттік өмірі мен жаңа тарихын айқындайды. Қазақ­стандағы азаматтық бейбіт­шілік үлгісі кездейсоқ емес. Сол себепті де оны барша әлем мойындады. Күні бүгін біз­дің елімізде 140 ұлт пен халық, 17 конфессия тату тұ­рып жатыр. Біз біртұтаспыз және әрқайсымыз соның бір бөл­ше­гіміз.

Қазақстандық сәйкестік пен қазақстандық патриотизм, этностық тегіне қарамастан азаматтардың заң алдындағы теңдігі – біздің азаматтық қоғамның негізі.

Сарапшылардың пікі­рін­ше Президенттің «Тәуел­сіздік дәуірі» еңбегін жаңа кезең тарихының өзіндік нұс­қау­лығы ретінде қарастыруға болады. Әрине жаңа кітабында Елбасы ауқымды аудиторияға жүгініп, қазақстандықтарды, әсіресе жастарды тәуелсіздік жыл­дарының алғашқы он жыл­дығын зерттеуге, тү­сі­нуге, ел жетістіктерімен мақ­та­нуға, болашаққа өз үлес­терін қосуға үндейді.

Қазақстанда мемлекеттік құрылым мен дамудың бі­ре­гей үлгісі қалыптасты деп айтуға толық негіз бар. Мем­лекет – тірі ағза. Қазақ­станның үлгісі осы ұйым­ды қалыптастыратын негізгі мат­рица болып табылады, оның әр элементінің нақты пара­метрлермен сай келуін қамтамасыз етеді және оның сенімді жұмыс істеуін кепіл­ден­діреді.

Біздің азаматтар, әсіресе жастар елдің даму және қалыптасу кезеңін, тәуелсіз Қазақ­станның қандай жағдай­да пайда болып, аяққа тұрға­нын, оның болашағы үшін маңыз­ды рөл атқарған тұлға­лар­ды, қандай оқиғалар бол­ға­нын білуі тиіс. Мұны түсіну бәрімізге қажет.

Біздің ортақ міндетіміз – фак­тілерді саралап, барлық оқиғаларға объективті баға беру ғана емес, сонымен қатар тарихи процестердің бола­шағын бағамдау, өткенді бү­гінгі күн мен болашақтан бө­ліп көре алу және оның қа­те­ліктерін ескеру. Біз тарих­­тан сабақ алуымыз керек жә­не білімімізді өзіміз бен елі­міздің дамуы үшін қол­дануы­мыз қажет.

Бүгін тәуелсіз Қазақ­стан­­ның алдында жаңа мін­дет­тер тұр. Қазақстан әлем­­нің дамыған отыз елінің қатар­­ы­на қосылу және ел тұрғын­­дары­ның өмір сапасын әлем­­дік стандарттарға жеткізу үшін қадам жасап келеді.

Мен бұл кітаптың тәуел­сіз Қазақстанның алғаш­қы он жылын жақсы түсі­нуге кө­­ме­к­­тесетініне, елі­міз­ді мақ­тан тұтуға және бола­ша­ғына белсенді түрде жұмыс істеу­ге жігерлендіретініне сенім­дімін.

Тәуелсіздік дәуірі – ұлты­мыз­дың қауіпті тау соқпа­ғымен батыл көтерілуі. Елі­міз алынбас қамалдай кө­рін­­ген айтарлықтай жетіс­тік­тер­ге қол жеткізді. Әлі де талай биік белестерді бағын­ды­ра­ты­нымызға сенімдімін. 

Жексенбай ДҮЙСЕБАЕВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты, экономика ғылымдарының кандидаты