Былтырғы күздің орта тұсынан бастап Қазақстандағы астық нарығының басына қою бұлт үйірілді. Көліктің жылжымалы құрам атаулысының жетіспеушілігінен астық пен ұнды экспортқа шығарудың өзі мұң болғаны аздай-ақ, тіпті өнімді ел ішіндегі межелі жерлерге тасымалдау ісінде де іркілістерге жол берілді. Шұғыл шара қабылдамаса, істің арты насырға шабуы да ықтимал еді: қамба толы алтын дән күні ертең құнсызданып, шаруаны зиянға белшеден батырар күн туған.
Жағдай осылайша қалыптасқан кезде еліміздің министрлер кабинеті, амал жоқ, өткен жылдың желтоқсан айында фермерлерден үкіметтік қор және ұлттық қор қаржысы есебінен 2 миллион тонна астық сатып алу жөнінде шешім қабылдаған болатын. Бұл жерде мемлекет астықты қосымша сатып алу ісін толықтай электронды пішімде жүзеге асыруға бел буды. Сатып алуды ұйымдастырушы «Ақпараттық-есептік орталық» АҚ әр тоннаның бағасын 42 мың теңге бойынша квота арқылы үлестірді.
Мұның алдында Қазақстанның фермерлер одағы бірнеше ай бойы Үкіметтің құлақ етін жеп, 2018 жылғы егін науқанына дайындық үшін қаржы қажеттігін айтып, аграршылардың жағдайын жеңілдетуді сұраған болатын.
Бұдан бөлек, отандық өндірушілердің алдынан басқа да проблемалар кесе-көлденең шықты. Мәселен, өткен жылы Ресей мемлекеті рекордтық деңгейдегі астық жинады да, біздің елімізді солтүстіктегі көршіміздің арзан өнімі тасқын судай басып қала жаздады.
Мұның үстіне отандық астық нарығындағы негізгі ойыншы санатындағы «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК астықты ойдағыдай бағамен сатып алатын қаржы көзін таба алмай, әр тоннаның бағасын 42 мың теңгеден 39 мың теңгеге дейін түсіруге мәжбүр болды. Әлбетте, мұндай баға фермерлердің көңілінен шықпаған еді. Өйткені жоғарыда айтқан факторлар жиынтығы астық бағасының әр тоннаға шаққандағы нарықтық құнының 36-37 мың теңгеге құлдырауына алып келген болатын.
Ал енді, Қарағанды облысына келетін болсақ, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» жергілікті аграршыларға қаржылық демеу көрсету үшін өңірден 109 мың тонна астық сатып алды. Жалпы, квота ел бойынша әрбір өңірдегі егіс алқабына байланысты үлестірілді. Қарағанды облысына бұйырған квотаның есебі мынадай болды: былтыр өңірде 629,3 мың гектарға астық егіліп, орташа есеппен әр гектардан 10 центнерден өнім алынған болатын. Яғни, облыс егістігіне қарай өзіне тиесілі үлесін алды.
Электронды квота жүйесі демекші, астық сатқысы келген диқанның әрбір қадамы тайға таңба басқандай етіп жазылып қойған. Әуелі ол Халыққа қызмет көрсету орталығынан электронды цифрлы қолтаңба алып, соның көмегімен minagro.kz. порталына тіркеледі. Сонан соң, астығын қабылдау бекетіне тапсырып, ол жерде өнім сапа және сан сараптамасынан өткеннен кейін диқанның қолына үш күннің ішінде астықтың электронды қолхаты тиеді. Міне осыдан кейін фермер әлгі электронды қолтаңбаны жүйеге енгізіп, өзінің шаруашылығына бөлінген квотаның есептеулі мөлшеріне сай өнімін сата алады. Яғни саусақтың ұшымен-ақ бар шаруа әп-сәтте шешіп тастайды.
Жалпы, бұл шешім қабылданған соң ел ішінде сатып алу ісінде сыбайлас жемқорлық сипаттағы іс-әрекеттер орын алуы әбден мүмкін деген қауіптің болғаны рас еді. Нақтырақ айтар болсақ, бәзбір пысықайлар ресейлік астықты арзан бағамен сатып алып, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясына» өздеріне тиімді бағамен өткізіп жіберуі ықтимал деген пікірлер де айтылып қалып жатты. Мәселен, ресейлік астықтың әр тоннасын 32-35 мың теңгеден алып, сатар болса, онда әлгі жылпостар әрбір тоннадан 8-10 мың теңге пайда көрер еді...
Осыны ескерген Үкімет астықты сатып алуды «Ақпараттық-есептік орталық» АҚ-ның жүйесін пайдаланып, толықтай электронды пішімде өткізуге шешім қабылдаған болатын. Ал мұндай формат фермер мен «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» өкілінің жең ұшынан жалғасуына мүмкіндік бермей, сыбайлас жемқорлық тәуекелін мүлдем жоққа шығарды.
Әлбетте, ел Үкіметінің фермерлердің қамын жеп, осындай қадамға барғаны әлсіз немесе шағын шаруашылықтарға майдай жаққанымен, тәбеті жоғары «шортандардың» көңілін толыққанды көншіте алмауы да мүмкін. Десе де, бұл әрекеттің астарынан елімізде ауыл шаруашылығы саласына деген қамқорлықтың уақыт озған сайын әлеует арттырып келе жатқанын байқауға болады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жуырдағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Біз егін егіп, дәнді дақылдарды өсіруді үйрендік. Оны мақтан тұтамыз. Алайда қазір ол жеткіліксіз», деді. Рас-ау, ашық аспан астында, қамбаларда тау-тау болып үйілген астықты жөндемді бағаға сата алмасақ, көлік саласының мешеулігінен сырт елдерге шығаратын мүмкіндік болмаса, қыл аяғы алынған мол өнімді түрлі қажетке жарата алар өндіріс дұрыс жолға қойылмаса, түптің түбінде тақырға отырып қалатын диқан байғұс қой. Ал ол болса – аграрлық сектордың сенімді тірегінің бірі емес пе?!
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»