Мекеме биыл да осы дәстүрден жаңылған жоқ. Компанияның еліміздің әр өңірінде орналасқан өндірістік кешенінің мамандары Балалар үйіне, кәмелеттік жасқа толмағандарға арналған бейімдеу орталықтары мен басқа да әлеуметтік мекемелерге арнайы барып, балаларға әртүрлі сахналық көріністер қойып, сыйлықтар тапсырды.
Өскемен металлургиялық кешенінің қызметкерлері мамандандырылған балалар үйінің тәрбиеленушілеріне ойыншықтар, тәтті-дәмділер және аяқ киім мен киімдерді тарту етті. Бұл мекемеде бес жасқа толмаған 79 балғын тәрбиеленуде.
Риддер кен-байыту кешенінің жұмысшылары «Светоч» жетім балалар үйіндегі 30 өскінге арнап ертеңгілік ұйымдастырды. «Балалар ән салып, тақпақтар айтып, билеп, тәтті-дәмділер мен ойыншықтар алып, қуанып, бір серпіліп қалды. Оларды шаттыққа бөлеу үшін сценарий жазып, карнавалдық костюмдер әзірлегеніміздің өзі бір ғанибет іс екен», дейді Риддер кен-байыту кешенінің әлеуметтік қолдау қызметінің маманы Ирина Холодулина.
Зыряндағы кен-байыту кешенінің қызметкерлері коррекциялық мектеп-интернаттың тәрбиеленушілеріне ертегі кейіпкерлері образында келіп, ерекше қуаныш сыйлады. Естуінде, сөз сөйлеуінде кемістігі бар балалар көңілді шоуға қатысып, мәз-мейрам болып қалды. Көрініс соңында қатысушылардың барлығына сыйлықтар тапсырылды. «Аяз Ата рөлін бұлайша шынайы сомдап шығамын деп ойламаған едім. Әр баланың жүзінен: «Бізге нағыз Аяз Ата екеніңізді паш етіңізші» деген сөзді оқығандай болдым. Толқығаным да рас. Сондықтан мейірімді, кеңпейіл, нағыз Аяз Ата болуға тырысып бақтым», дейді Зыряндағы кен-байыту кешені кен байыту фабрикасының тас уатушысы Антон Ушаков.
Ал «Altyntau Kokshetau» қызметкерлері ерекше қажеттілігі бар жетпіс бала тәрбиеленіп жатқан арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында болды. Бұған дейін мұндағы әр бала өз арман-тілектерін айтып, Аяз Атаға хат жазған болатын. «Altyntau Kokshetau» қызметкерлері әр баланың арманын орындауға тырысып, барлық тәрбиеленушілерге сыйлықтар ұсынып, орталық басшылығына мекемеге қажетті дәрі-дәрмектерді табыс етті.
Азамат ӘБІЛ
Шығыс Қазақстан облысы