Әншілер мен олардың өмірі туралы көлемді мақаланы баланың оқымасы анық. Біраз орын балалар хаттарына берілген. Олар да шығармашылық емес, мұғалімі мен мектебі туралы тапсырыспен жазылған дүниелер. Танымдық қысқа ақпараттар біраз орын алған. Мектеп оқушыларының суреттерінен көз сүрінеді. Бала қызықтап оқитын көркем шығарма қайда? Біздің балаларға ұсынып жатқан еңбектер Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», С.Мұратбековтің «Жусан исі» атты 60-80 жылдардағы шығармалар. Бұл классикалық шығармалардың балаларды қызықтырып, рухани байытары даусыз. Дегенмен бала қиялы өз уақытының сипаттары мен тынысын сезінгісі келетінін де ескеру керек. Сондықтан балалалар шетелдік өнімдерді қызықтап, рухани қажетін сол көздерден өтеп жүргеніне кім кінәлі? Оған кінәлі бала да емес, шетелдік ақпарат құралдары емес екені де анық. Ол жаңа заманауи мәселелерді сөз өнеріне әкеле алмай жүрген қаламгерлер мен осы бір істі шешудің жүйесін таппаған мәдени-рухани жүйе.
Бүгінгі балалардың дамуында, тұрмысында, оны қоршаған ортада шешімі табылмай жатқан мәселенің тым көбейіп кеткендігі жасырын емес. Қазіргі қоғамдық дамуда бала жалғыз қалып, адасып, аса бір қиын жағдайда өсіп жатқандығына күн сайын емес, сағат сайын өмірдің өзі бір көрініс ұсынуда. Күнделікті мақалаларда бұл проблемалар көтерілгенімен, оның шешімін табу жолы көрсетілмейді. Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасы арқылы үлгерім мен тәртіпке байланып қалмайтын, еркін ойлайтын жас балалар мұғалім мен мектеп, қоғам тарапынан орын алатын өзіне деген теріс көзқарасқа қарамай, соңына дейін мақсатына адал болып, сенімін күшейтетін. Қазақ әдебиетіндегі балалардың жарқын бейнелері ретінде Асан мен Үсен, Қожа, Аян аттары аталып, балалар бойындағы күрескерлік пен жасампаздықтың қалыптасуына күні кешеге дейін қызмет етіп келді. Ал заманауи балалар шығармашылығында қазіргі баланың тұлғасы жасалған жоқ. Балалардың рухани дамуына аса қажетті тұлғалардың жасалмауы – біздің бала өміріне деген қатынасымыздың көрінісі. Балалар мен жасөспірімдердің өзгеше әлемін түсінгіміз келмейтіндіктен бе, әлде тіпті, қызықтырмайтындықтан ба екен, әлде?
Бала дамуының қиын кезеңі жасөспірім кез. Қазіргі күні бұл тақырыпқа қатысты әлем әдебиеті өте қызықты шығармалар ұсынуда. Олардың қазақ тіліне аударылмауы да баланы рухани дамытудағы бос қуыстың бар екендігін ескермейтініміздің белгісі. Осы қуыс ертең бізді тереңге тартып кетіп жүрмесін. Қазіргі жасөспірімдер оқитын шығармалар қатарында Джоан Роулингтің «Гарри Поттер», Стивен Чбоскидің «Елеусіз болу бақыты», «Сауалдың 13 себебі», «Тек анама айтпа» т.б. шығармалар бар. Жастарға рухани жетекші болып отырған шетелдік жазушылар екендігін мойындауға тура келеді. Әлемде 30 миллион данамен кең тараған «Гарри Поттер» қиял әлеміндегі Гарри атты баланың басынан кешкен оқиғаларын арқау етеді. Сиқырлы әлем балалардың қиял әлемі екенін ескере отырып, бұл шығармадағы қиял-ғажайып бейнелер мен құбылыстардың аса молдығы балаларды тартпай тұрмайтыны сөзсіз. Ал С.Чбоскидің «Елеусіз болу бақыты» атты шығармасы он бес жасар Сарли атты жасөспірімнің өмірлік бақылаудан түйген ойларын арқау етеді. Ал «Сауалдың 13 себебі» өзін-өзі өлімге қиған жас қыздың сол шекке жетуіне жанындағы адамдардың іс-әрекеттері мен сөздерін жинақтап жеткізумен құнды. Адамды өмірден алыстататын бір ғана себеп емес, көп себеп қосылып, өмірде сенетін, жақсылық күтетін ештеңе қалмағанда соңғы қадамға баратынын ұқтырады. Бұл терең психологиялық-әлеуметтік роман былай басталады: «Сен болашақты өзгерте алмайсың. Сен өткенді түзете алмайсың. Сен тек тыңдай аласың. Өзге адамның өміріне әсер ете алатынын кей адамдар біле бермеуі мүмкін. Кейде біз іс-әрекетіміз және сөзімізбен біреудің тағдырын шешетінімізді түсіне бермейміз».
Жасөспірімдердің өмірдегі құбылыстарды дұрыс не болмаса жете түсінбеуінен туындайтын қиындықтар балалардың ғана емес, ересектердің де назар аударар мәселесі. Өмірдей шынайылығы үшін жасөспірімдер бестселлері болған шығарма қазақ жастарының да жүрегінен орын алып үлгерген. Бұл шығармалар балалардың қиял әлемі мен рухани, танымдық, эмоционалдық қажетін өтей алатын болғандықтан әлемдік әдебиеттің үздіктері қатарынан орын алып отыр.
Жоғарыда аталған шығармалар қозғаған мәселелер біздің балалардың да басында бар. Жасөспірім өмірінің аса қатал шындығы туралы «Тек қана анама айтпа» атты романның авторы Тони Магуайер өзінің бала кезінде көрген қорлығы мен қиянатын ашық айта отырып, жасөспірімдерді өмірдің қатыгездігіне қарсы тұруды үйреткісі келетін ниетін сезбеу мүмкін емес. Балалар әдебиеті қазіргі кезеңде аса қажет. Оның мазмұны бұрынғыдай алғашқы махаббат, есею жолының қызығы сияқты романтикаға ғана құрылмауы тиіс. Қазіргі күрделі заманның үдерісіне сай өткір әлеуметтік, психологиялық мәселелерді ашса құба-құп. Ол шығармалар арқылы балалар өміріне белсене қатысып, олардың өміріндегі мәселелерді алға шығарып, оны шешудің жолдарын нақты ұсыну өте маңызды. Сондықтан әдебиеттің орнын еш өнер алмастыра алмайды. Адамзат дамуындағы алғашқы көркемсөз үлгілері: бесік жыры, жаңылтпаш, тұрмыс- салт жырлары мен ертегілер жас балалардың танымдық және рухани әлемін байыту үшін туындаған. Сондықтан адамзат өмірі бала кезден басталады. Оларды ұлттық негізде қиялдап, ойлануға үйрете алсақ, ол ұрпақ опық жегізбейді.
Менің балаларым жасөспірімдер. Олармен кино мен кітап туралы сөйлесе қалсам, тығырыққа тірелемін. Олардың айтып отырған сөздері мен ұғымдары, көзқарасы мүлде бөлек. Күн сайын емес, сағат сайын өзгерген кезеңде балаларға ата-ана немесе мектеп емес, төл әдебиет пен өнер де емес, сол уақыттың ағысына ілесе білген өзге мәдениет рухани серік болғаны өкінішті. Күрделі де құбылмалы заманда рухани сүйенішке ең мұқтаж жандар балалар мен жасөспірімдер екенін ұмытпайық.
Айгүл ҮСЕН,
Еуразия ұлттық университетінің профессоры