Қазақстан • 19 Қаңтар, 2018

АҚШ мойындаған Димаш

494 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жақында сонау алып мұхит әлдилеген Америкадан Оңтүстікке Димаш Ниязов арнайы келді. Оның ата-анасы түбі оңтүстіктік, нақтырақ айтқанда Қазығұрт ауданы Атбұлақ ауылынан. 

АҚШ мойындаған Димаш

Әкесі Исмат пен анасы Салтанат Димаш 13 жасқа толғанда жұмыс ыңғайымен шетелге қоныс аударуға бел буған екен. Америкада өскен Димаш академиядан соң полицей болып жұмысқа орналасады. Былтыр есірткі сататын қылмыстық топтың басшысын ұстауда ептілік пен қайрат көрсеткеннен кейін 2017 жылдың үздік полицейі атанады. Қазақ баласы жекпе-жек өнеріне жақын ғой. Кәсіпқой бокпен айналысқан Димаш Ниязов бүгінге дейін 13 кездесу өткізіп, барлығында да жеңіске жеткен.

Қазығұрттың Мәдениет сарайында Аме­риканың үздік полицейі елмен кездес­ті. Өрімдей жастардың қызыға қойған сұрақ­тарына жауап берді.
– Кездесу маған өте қызықты жағымды әсер қалдырды, – дейді Димаш. – Әсіресе жас­тардың спортқа құштарлығы мені қуант­ты. Көбісі ағылшын тілін біледі екен. Бұл өте құптарлық жағдай. Себебі әлем­дік қа­рым-қатынас тілі болғандықтан осы тілді білген жақсы. Қазығұрт ауылы кішкен­тай бол­ғанымен мұнда болашақта елдің атын шы­ғаратын намысты талантты жастар көп көрінеді. Олар өз мақсатына жете­тініне сенім­дімін. Америкада қазақтар көп. Деген­мен мұн­дағыдай бірін-бірі жақсы қолдай бермейді.

Жүздесуде Димаш жүрекжарды сөзін айтты.

– Қазақстан – бұл менің Отаным! Қазақ­тың қанындағы жауынгерлік күш-қайрат менің жұмысыма ғана емес, кәсіби бокс­та да көп серпін береді. Мен АҚШ-та жүр­сем де, өзімді қазақ санаймын. Өйткені мұн­да менің атамның да, әкемнің де және өзім­нің де кіндік қаным тамған. Мені ыс­тық ықыласпен қарсы алған халыққа зор алғы­сым­ды білдіргім келеді, – деді «Нью-Йорк­тің үздік полицейі» аталымының жеңім­пазы.

Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы