Мектеп жасындағы балаларды ерте жастан дамыту бойынша біздің алдымызға үлкен міндет қойылып отыр. Бұл мәселені ата-аналар да көтеріп жүрген. Осы мәселе бойынша біз тиісті оқу бағдарламаларына өзгерістер енгізуіміз керек. Сонымен қатар, ерте оқу, ерте жазу, жан-жақты дамыту бойынша талаптарды күшейтеміз. Ол үшін, әрине біз мұғалімдердің санаттарын арттырып, біліктілігі мен білімін шыңдау мақсатында жұмыс істеуіміз керек. Оқу әдістемелік базасын жаңғыртуымыз қажет. Осы тұрғыдағы жұмыстарды министрлік бастап кетті.
Келесі бір мәселе – оқушылардың оқу жүктемесін азайту. Бұл мәселе де күзден бастап өте қызу талқыланған тақырыптардың бірі болды. Ата-аналар тарапынан біздің министрлікке көптеген хаттар келіп түсті. Елбасының биылғы Жолдауында да бұл мәселе қозғалды. Министрліктің алдына, жалпы білім саласынаң алдына бірқатар мақсат-міндеттер қойылды. Шынында да жүктеме өте көп. Басқа мемлекеттермен салыстырсақ та, ТМД елдері болсын қай-қайсымен салыстырсақ та Қазақстан мектептерінің оқу жүктемесі өте үлкен. Сондықтан да бүгінгі таңда қысқарту жұмысы бойынша мәселе қарастырылып, қазір шешім қабылдауға дайындап жатырмыз. Біз оқу жүктемесін қысқартқанда ең бірінші сарапшылармен, педагогтармен, ата-аналармен келісіп, ақылдасып содан кейін ғана шешім шығаратын боламыз. Бұл бір жақтан қабылданатын мәселе емес. Сондықтан осындай тәртіппен шешім қабылданатын болады. Біз ойластырып жатқан тағы бір мәселе бар. Бұл орайда мектептер өздері таңдайтын бірнеше оқу жоспарын ұсынатын боламыз», деді ол.
Сондай-ақ Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова қазіргі уақытта елімізде 125 жекеменшік мектеп жұмыс істейтінін, олардың жүктемесі 60 пайызға жуық екенін тілге тиек етті.
«Бізде мемлекеттік тапсырысты орналастыруға қор бар және бұл мемлекеттік мектептердің жүктемесін азайтады. Қазіргі күні мемлекеттік мекемелер болып табылатын мектептердің басқарушылық-қаржылық дербестігін кеңейту мақсатында мектептердің жаңа ұйымдастырушылық-құқықтық формасын енгізу, шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындарға айналдыру жоспарлануда. Бұл үрдіс сатылап және мектептердің еркі бойынша жүзеге асырылатын болады. Биылдан бастап осы бағытта заңнаманы жетілдіру ұйғарылуда.
Министрлік мұғалімдердің жалақысына қатысты нормативті-құқықтық актілерге енгізілетін түзетулерді дайындады және олар бүгінгі күні мемлекеттік органдарға келісілуге берілді. Мемлекеттік органдармен келісілген және республикалық бюджеттік комиссиямен қарастырылған соң осы түзетулер Үкіметке бекітуге ұсынылатын болады. Жалпы, жуырдағы 3 жылда мұғалімдердің жалақысын өсіруге республикалық бюджетен 378 млрд теңге қаралатын болады, оның 67 млрд-ы осы жылы бөлінді. Сонымен қатар мұғалімдер үшін біліктілік деңгейін есепке алатын жаңа қосымша төлеу жүйесі енгізілмек. Санаттар ұлттық біліктілік тесті арқылы беріледі және дәлелденген біліктілікке байланысты мұғалімнің жалақысы орта есеппен 20 пайыздан 50 пайызға дейін артады», деді ол.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»