Қазақстан • 19 Қаңтар, 2018

Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуге үндеді

486 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында білім беру сапасын арттыру, үздік денсаулық сақтау ісі және дені сау ұлт қалыптастырудың жоспары мен мемлекетіміздің алға қойған маңызды міндеттерін атап өтті.  

Мемлекет басшысы еліміз жаңа әлем көшбасшысына айналу үшін жас ұрпақты жаңа техно­ло­гиялық мүмкіндіктерді игеруг­е, өз бетімен ғылым, білім ізденуге үндеп, бүгінгі күннің талабына сай инновация, «Цифрлы Қазақстан», IT салаларын дамы­ту­дың бағдарламаларын жетіл­діруді тапсырды. Сонымен қатар елімізге дамудың жаңа сапасы қажет екенін жеткізді.

Елбасы халыққа арнаған Жол­дауында: «Бүгінде әлем Төртін­ші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы те­р­ең және қарқынды өзгерістер кезе­ңіне қадам басып келеді. Жаңа тех­но­логиялық қалып біздің қалай жұ­мыс істейтінімізді, азаматтық құқық­тарымызды қалай іске асы­ра­тыны­мызды, балаларымызды қалай тәрбиелейтінімізді түбегейлі өзгертуде», деді.

Расында, еліміз етек-жеңін бүтіндеген егемен мемлекет болып, өзіндік сипаты мен әлеуеті айқын, тегеурінді ұлт ретінде берік те бекем қалыптасып, әлемдік кез келген өзгеріске бейімделіп үл­герді. Сондықтан еліміздің бү­гін­гі-ертеңгі өсіп-өркендеу бағ­дарын тек осы тұрғыдан бағамдаймыз. 

Өйткені мемлекетіміздің рухани тірегі болған Ислам діні білім мен ғылыми өзгерістерге бейім­делуді құптап, қуаттай түседі. Асыл дінімізде мұсылман үм­бетіне, күл­лі адамзат баласы­на парыз бол­ған амалдың бірі – білім мен ғылым үйрену. Білім­ді мұсылман – толыққанды мұсыл­ман. Құранның адам баласына түсірген бірінші сөзі – «Оқы!» деп басталғаны бекер емес. Қасиетті Құран Кәрімнің «Мүжәдала» сүресінің 11-аятында: «Алла Тағала сендерден иман кел­­­тіргендердің, ғылым берген­дер­­дің дәрежелерін көтереді, істе­ген­деріңді толық біледі», – делінген. 

Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік револю­ция жағдайындағы даму­дың жаңа мүмкіндіктері» атты Жол­дауында жұртымызды жаһан­дық үдерістерге бейімдеудің ба­ғыт-бағдарын үнемі жетілдіріп отыруды тапсырды. 

«Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісін­де өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет. Білім беру бағ­дарламаларының негізгі ба­сым­дығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабі­летін дамыту болуға тиіс», деп атап өтті Н.Назарбаев.

Осы ретте Мемлекет басшы­сы ұлтымыздың дәстүрі мен мәде­ниетін бойына сіңірген ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеудің мән-маңызы­на да тоқталды. Бұл – көкейтес­ті мәселе, келелі пікір. Өйткені, нарықтық экономикаға біржола көшкен қоғамдық-әлеуметтік қатынас жағдайында өмір сүру қаре­кетіміз бен мәдениетіміз қан­дай қалыпта дамып жатыр деген сауал туындайды. Бұл мәселені ұмытпау керек. 

«Ұлттың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамытуымыз керек. «Рухани жаңғырудың» мән-маңызы да нақ осында. Өзі­нің та­ри­хын, тілін, мәде­ниетін біле­тін, сондай-ақ зама­ны­на ла­йық, шет тілдерін меңгер­ген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақ­стандық біздің қоғамымыз­дың идеа­лына айналуға тиіс», деді Президент.

Халықтың діни көзқарасын біліммен ұштастырып, көзі ашық, көкірегі ояу озық жамағат­ты қа­лыптастыру – Қазақ­стан мұ­сылмандары діни басқар­масы­ның басты міндеттерінің бірі. Қазіргі уақытта дін мамандарының, имам­дар мен исламтанушы ғалым­дардың бедел-мəртебесін көтеріп, олардың діни һəм зайырлы білімді игеруі – заман талабы. Бұл бағытта Діни басқарма тарапынан «Қазіргі заманның үздік 500 зиялы имамы» жобасы қолға алынды. Ал бұл түптеп келгенде, өркениет құ­нарымен нәрленген білікті ма­ман­ның қалыптасуына, сол ар­қылы қоғамның сұранысына сай діни кадр даярлауға өз септігін тигізеді.

Елбасы Жолдауында баса айтып өткен «Рухани жаңғыру» бас­тамасы жаңа сатыдағы өрістіліктің жолына шыққан мемлекетіміздің оқу, білім жүйесіне, ұрпақ тәр­биесіне, адамдардың биік парасат мүддесіне, талғамына, көбірек көңіл бөлетін кең ауқымды шешім­д­ер мен әркеттердің жалғасы деп айтуға болады. Бұл – дінімізге, дәс­түрі­мізге, тарихымызға, сабақ­та­сып келе жатқан асыл құнды­лық­тарымызға деген мемлекетіміздің қамқорлығы. 
Дінімізде мұсылман адамның құлшылығы, басқа адамдармен қарым-қатынасы, мінез-құлқы сынды барлық істері мақсатты түрде жүйеленген жоспардан тұрады. Бұл тұрғыда күллі мұсылман үмбетіне Жүсіп пайғамбардың өмірі өнеге. Ол өзі өмір сүрген қауымға жұт келіп, егінсіз кезең келетінін сезіп, адамдарға одан шығудың жолын сілтейді. Жүсіп пайғамбардың қауымға қалайша жоспар құрып бергендігі Құранның «Жүсіп» сүресінің, 47, 48, 49-аяттарында баяндалған: «Жүсіп айтты: «Жеті жыл ұдайы егін егесіңдер де сонда орған астықтан аздап бастырып алып, қалғанын сабағымен қоясыңдар (бұзылмас үшін). Ал содан кейін жеті жыл қуаңшы­лық болады, (сонда) бұрынғы жина­ған астықтарыңды жейсіңдер, аз мөлшердегісін ғана (ұрыққа) сақтайсыңдар. Оның артынан жаңбыр мол жауатын жылдар келіп, адамдар жеміс шырынын сауатын болады» деді. 
Міне, қасиетті Құранда да Алла Тағала адамзат буыны осы­нау қырағылық қасиетінің арқа­сында қабырғасын қатайтып, бұға­насын бекіте түскені туралы жеткізген. Сондықтан, ізгілік пен игілікті мақсат етіп, елдің қамы үшін қызмет ету – әр мұсылманға тән қасиет. 

Серікбай қажы ОРАЗ,
Қазақстан мұсылмандары 
діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти