Аймақ басшысы жұмыс сапары барысында аудандық емхана жанынан ашылған оңалту орталығы мен 2017 жылы жөндеуден өткен балалар кітапханасын аралап көрді. Оның кітап қорында 12 265 кітап бар, 1475 оқырман тіркелген. Мақат ауданында 1327 кәсіпкерлік субъектісі бар, салада 1394 жұмыс орыны құрылған.
Облыс әкімі денсаулық сақтау мен білім беруге қатысты мәселелер бойынша көшпелі мәжіліс өткізді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймурзиеваның айтуынша, өңірде ана мен бала өлімі азайған. Басқарма ана мен бала өлімінің алдын алуға бағытталған шаралар жоспарын жасаған. 4 акушер дәрігер анестезиолог-ревмотолог, 30 акушер, 220 учаскелік қызмет дәрігері оқытудан өтті. Жүкті әйелдерді скрининг мерзімінде ультра дыбыстық тексеруден өткізуді бақылау қатаң назарда және болашақ аналармен түсіндіру жұмыстары үнемі өтеді.
- Бұл бағытта аралық қортындылармен қанағаттанбай, көрсеткішті нөлге жеткізуіміз керек. Босанған ана мен баланың өмірі жүктіліктің алғашқы айынан бастап дәрігерлердің қарауында болуы тиіс. Мамандарыңызбен жұмыс жүргізіңіздер, аналардың жағдайын бақылауда ұстап, қажет шараларды уақытында қабылдаулары керек. Халық бізден уақытылы және кәсіби медициналық көмек күтеді, солай жасауға міндеттіміз, - деді Нұрлан Ноғаев.
Аймақ басшысы өңірге жұмыс істеуге шақырылған мамандарды қызметтік пәтермен қамту жайын да айтты. Анықталғандай, барлық ауруханалар шаруашылықтарын толығымен өздері жүргізетіндіктен онда істейтін мамандар мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алатын азаматтар тізіміне енбейді екен.
- Шақырылған мамандарға қолайлы жағдай жасауымыз керек. Қызметтік және жалға берілетін тұрғын үй берудің механизмдері бар. Мамандарға үй алудың мүмкіндіктері мен тәртібін түсіндіруге тиісспіз. Барлық жауапты адамдарға осы мәселені шешуді тапсырамын, - деді Нұрлан Ноғаев.
Жиналыста айтылғандай, 2017 жылы аймақта 8 мектеп пайдалануға берілді, биыл 9 мектептің құрылысы жалғасады. 34 жалпы білім беру мекемесінің жобалау сметалық құжаттамасы дайындалуда.
2018 жылы жаңа модификация бөлмелерін, интерактивті тақта алуға, роботтехника бөлмелерін жабдықтауға 1,3 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Облыс әкімі осы бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды.
Аймақ басшысы сондай-ақ «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалында азаматтарды қабылдап, Мақат ауданының әкімі Берікқали Сәрсенғалиевтің жылдық есеп беру жиынына қатысты.