Аймақтар • 19 Қаңтар, 2018

Сарсаңға салған сары ауру. Шолпандағы жағдай: мамандар не дейді, ауыл тұрғындары не дейді?

510 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Осыдан біраз уақыт бұрын облысымыздың Үржар ауданының Шолпан ауылында бірнеше баланың сары ауруға шалдыққаны, яғни А вирустық гепатиті ауруын жұқтырғаны туралы ақпарат тараған болатын. Аталған ауылдың тұрғыны Индира Жәнібекова республикалық телеарналардың біріне берген сұхбатында 2017 жылы желтоқсан айында көз жұмған 11 жастағы қызы аудан дәрігерлерінің салғырттығынан ауруын асқындырып алып, осы аурудан қайтыс болғанын айтқан еді. 

Сарсаңға салған сары ауру. Шолпандағы жағдай: мамандар не дейді, ауыл тұрғындары не дейді?

Үржар аудандық ауруханасының бас дәрігері Жексенбай Тлеуберлин қайғылы оқиғадан кейін ауылдағы 139 оқушыға екпе жасалғанын, 800-ге жуық тұрғыннан сараптама алынғанын, бұл ауру 49 адамда тіркеліп, олардың 25-і ауруханада ем қабылдағанын жеткізген еді. Алайда 16 қаңтар күні осы жағдайға байланысты арнайы брифинг өткізген облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Райфа Сафиоллинова А вирустық гепатиті 49 балада анықталды деген деректі жоққа шығарып, көз жұмған оқушы жоғарыда аталған вирустық сырқаттан емес, бауыр некрозынан қайтыс болғанын мәлімдеді. «Барлығы 46 бала тексеруден өткен, оның 25-і диагностикадан өту үшін Үржар аудандық ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне жатқызылған. Соның тек 12-сінде аталған диагноз дәлелденген. Оның 11-і - оқушы, біреуі - үш жастағы бала. А вирустық гепатиті 2017 жылдың қыркүйек айынан бері әртүрлі айларда ара-тұра тіркеліп отырған. Ауырған адамдармен байланыс жасаған балалардың барлығына вакцинация жасалып, Шолпан ауылында 140 адамға екпе салынды», - деген-ді басқарма басшысының орынбасары.

Шолпан ауылындағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай Денсаулық сақтау министрлігінің де қатаң бақылауында. Бұл жайында Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз өкілдеріне арнап өткізген брифингте аталған министрліктің Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшін жан-жақты түсініктеме берді. «Денсаулық сақтау министрлігінің аумақтық бөлімшелері АВГ барлық ошақтарына эпидемиологиялық тексеру және Шолпан ауылының дәрігерлік амбулаториясына, Жүзағаш орта мектебіне жоспардан тыс тексеру жүргізді. Мамандарға тәжірибелік көмек көрсету және өткізілетін іс-шаралардың сапасын бақылау мақсатында ШҚО бойынша Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті мамандарының Үржар аудандық басқармасына шығуы ұйымдастырылды. Мектеп және үй ошақтарынан 62 ауыз су сынамалары алынды. Оқу орнында, үй ошақтарында қорытынды залалсыздандыру жұмыстары, мектептің сумен жабдықтау жүйесін, ошақтарда барлық су сақтайтын сыйымдылықтарды жуу және залалсыздандыру жүргізілді. Ауыз су сынамаларын қайта алу және кейіннен қайта алу кезіндегі нәтижесі теріс болды», - деген комитет төрағасы қазіргі уақытта мектепте ауыз суды пайдалануға тыйым салынғанын, мектеп оқушылары бөтелкедегі ауыз суды пайдаланып жатқанын, барлық бұқаралық мәдени-спорттық іс-шаралар тоқтатылып, оқытудың кабинеттік жүйесі алынып тасталғанын жеткізді. «Туындаған жағдайды анықтау үшін Шығыс Қазақстанға комиссия шықты, оның құрамына Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, Асфендияров атындағы ҚазҰМУ және Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама ғылыми-практикалық орталығының сарапшылары кірді. Бұл жағдай министрліктің бақылауында», - деді Ж.Бекшин.

Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдинмен телефон арқылы сөйлескенімізде жағдайдың толық бақылауға алынғанын, мектепте сабақ тоқтатылмағанын, 2017 жылдың желтоқсан айында көз жұмған баланың өліміне қатысты аудандық прокуратура қылмыстық іс қозғағанын айтты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шорановқа хабарласқанымызда қазір Шолпан ауылында республикалық комиссия жұмыс істеп жатқанын, қалыптасқан жағдайға орай облыста арнайы жұмыс тобы да құрылғанын жеткізді. «Өкінішке қарай қазір Шолпандағы жағдайға байланысты тексерілмеген деректер де тарап жатыр. Желтоқсанда көз жұмған оқушының «Острый гепатит» деген диагнозбен қайтыс болғандығы айтылып жатыр. Баланың қайтыс болғанын дәлелдейтін анықтаманың көшірмесі де тарап кетіпті. Оны біз жоққа шығармаймыз. Осындай диагнозбен қайтыс болғаны рас. Бірақ бұл ауру мен А вирустық гепатиті екеуі екі бөлек нәрсе екенін ұғынуға тиіспіз. А вирустық гепатитімен ауырған адамда мұншалықты асқыну болмайды», - дейді басқарма басшысы.

Ал қайтыс болған баланың анасы Индира Жәнібекова не дейді? Біз ол кісімен телефон арқылы сөйлесіп, пікірін білдік. Айдың, күннің аманында бауыр еті баласынан айырылған қаралы ана былтыр Шолпан ауылында ең алғаш сары ауру екі балада анықталғанда карантин жарияланып, қауіпсіздік күшейтілгенде мұндай қайғылы жағдай орын алмас еді деп санайды. Ауылдағы дәрігерлердің өз жұмысына салғырт қарағанын да жоққа шығармайды. «Бауырдың жетіспеушілігі дейді. Балам емханада есепте тұрмаған. Ауылдағы дәрігерлердің алдында туған кезінен бергі карточкасы жатыр. Екпелерді уақытында алып жүрген. Балам ауру болса бұрын неге байқамаған, неге айтпаған? Шешем ауылдағы дәрігерлерге қызымның ауырып, мазасызданып тұрғанын айтқанда дәрігерлердің ешқайсысы үйге келмеген. Келмеген соң амалсыздан өздері барған.  Сол кездегі дәрігерлердің мына әрекетін түсінер емеспін. Шешемнің айтуынша, қызым система қабылдап жатқанда кіші дәреті қысқан екен. Сол кезде ауыл дәрігерлері системасын жұлып тастап, даладағы дәретханаға жібергені, онымен қоймай сараптамаға зәрін ала келуді тапсырғаны қай сасқаны? Сонда ауылдағы емханада қарапайым горшоктың өзінің жоқ болғаны ма? Сондықтан дәрігерлер өз бастарын арашалау үшін жалған ақпарат таратып отыр деп ойлаймын. Менің балам сары аурудан қайтыс болды», - деген И.Жәнібекова болашақта мұндай жағдай қайталанбауы үшін алдын алу жұмыстарын жүргізіп, ауылды жерлердегі дәрігерлердің біліктілігін арттырып, жауапкершілігін күшейту қажеттігін айтады.

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы