Онда облыс әкімі Құмар Ақсақалов тарихи құжатта белгіленген міндеттер бойынша жергілікі жерлерде атқарылатын жұмыстар туралы баяндап берді.
«Жолдау жаһандық өнеркәсіптік революция кезеңіндегі еліміздің бағытын белгілейтін, алдағы жоспарын айқындайтын негізгі құжат болып саналады. Президент онда Қазақстанның жеткен жетістіктерін сақтап, жаңа белестерді бағындыруға бағытталған 10 негізгі тапсырманы атады», деді Құмар Іргебайұлы.
Өңір басшысы ірі зауыттарды жаңғырту шаралары күтіп тұрғанын айтты. Бұл орайда «Масло-Дел» компаниясының жаңа сүт зауыты және «Әулие Голд Майнинг» алтын өндіру кешенінің жаңғырту тәжірибелері көпке үлгі.
Биыл Қызылжар ауданында 1 МВт қуаты бар биогаз қондырғысы бой көтереді. «Greencity KZ» ЖШС 35 МВт қуатқа тең бар жел электр стансасын салуға кірісті. Финляндияның «Kauko International» компаниясымен қалдықтарды өңдеп, оны электр энергиясына айналдыру жобасы бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Жыл аяғына дейін 369 километр жол жөнделеді. Бұл бағытқа 10,5 миллиард теңге қарастырылған. «ТрансМоторсГрупп» ЖШС Мамлют ауданында көліктік-логистика орталығын ашуды көздеп отыр. Онда жүк жинау, дәмхана, қонақ үй, техникалық қызмет көрсету кешені болады. Петропавл қаласының бас жоспарына сәйкес интерактивті инвестициялық карталар мен электрондық сәулет интернет жобалары іске асады.
Жиында «Тайынша Астық» фирмасының директоры Анатолий Рафальский, дарынды балаларға мамандандырылған «ЛОРД» мектеп-лицейінің директоры Гүлжан Жақанова, Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Нұрғали Елшібеков, «Есіл» өңірлік даму орталығының жетекшісі Руслан Шәріпов, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаев сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»