Аймақтар • 19 Қаңтар, 2018

Нұрлан Ноғаев: Депутаттар сайланған округтерінде тұруы керек 

366 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

19  қаңтарда облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев депутаттардың жұмысын сынға алды. Аймақ басшысының пікірінше, халық қалаулылары қызметтік міндеттерін толық орындамайды. 

Нұрлан Ноғаев: Депутаттар сайланған округтерінде тұруы керек 

- Сіздерді облыс халқы сайлады. Сайлаушылар аудандарының әл-ауқатын жақсарту бағытында белсенді жұмыс жүргізіп, ұсыныс айтуларыңызды күтеді. Президенттің тапсырмаларын, халықты толғандырған мәселелердің шешімін табу үшін жұмыстану керек. Өкінішке қарай, Жылыой, Мақат аудандары әкімдерінің жылдық есеп беру жиындарында болғанымда облыстық, аудандық мәслихат депутаттарының жұмыстарын көрмедім, - деді облыс әкімі. - 27  облыстық депутаттардың 15-і аудандардан сайланған, соның біреуі ғана ауданда тұрады, қалғандары қалада. Сайлаушыларын жылына бір-екі рет қана көреді. Халықпен сөйлеспесеңіздер, ортасында болмасаңыздар жағдайды қайдан білесіздер? Елдің жағдайын білмесеңіздер шешім қабылдап,проблемаларды шешу бойынша нақты шараларды қалай ұсынасыздар? 

Аймақ басшысы жергілікті атқарушы органдар азаматтардың өмірлерін жақсартуға бағытталған саясатты жүргізіп отырғанын, осы ретте депутаттық корпус көмек көрсетуі керектігін атап өтті. 

- Мәслихаттардың қызметіне күн сайын араласа алмаймыз, тыс қалуға да құқымыз жоқ. 27 депутаттың 25-і «Нұр Отан» партиясынан ұсынылған. Партияның облыстық филиалының төрағасы ретінде депутаттардың жұмыстарына, міндеттеріне деген қарым-қатынастарына көңілім толмайды. Сайлаушылар да қанағаттанбайтынына сенімдімін, - деді Н.Ноғаев. 

Облыс әкімі депутаттарды сол округтерде тұратын адамдардан таңдауды ұсынды.

- Елді мекеннің мұң-мұқтажын білетін, сайлаушылармен күн сайын сөйлесетін, болып жатқан өзгерістерге баға беріп, мәселелердің шешілуіне нақты идея бере алатын адам депутат болуы керек. Партия алаңында депутаттардың жұмыстарын тыңдауды ұсынамын. Алда бізді үлкен жұмыстар күтіп тұр. Мемлекет басшысының тапсырмаларын бірге орындауымыз керек. Бүл жұмыстар немқұрайлы болмауы тиіс, - деді Нұрлан Ноғаев. 

Облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында депутаттар Ерсайын Дүйсемәлиев пен Бөріхан Беркімбаев өкілеттіліктерінен өз еріктерімен босатуға өтініш жасады. Атырау облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Асау Ибрашев депутаттар басқа облыстарға көшулеріне байланысты осындай шешімге келгендерін айтты.