Аймақтар • 19 Қаңтар, 2018

Өзбекстан тарапы автобус өрті кезінде көмектескен Қазақстанға алғыс айтты

171 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өзбекстан тарапы Самара - Шымкент тасжолындағы автобус өртінің себебін анықтауға көмектескен Қазақстанға алғыс білдірді, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Өзбекстан тарапы автобус өрті кезінде көмектескен Қазақстанға алғыс айтты

Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, Қалыбай ауылы маңында автобус өртеніп, полиция, төтенше жағдайлар қызметі, дәрігерлер мен психологтар көмек көрсеткен болатын. Ақтөбеге келген Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы елшісінің көмекшісі Тимур Рахимов қазақ еліне өз алғысын айтты.

«Төтенше жағдай тіркеліп, Өзбекстан Республикасының азаматтары қаза болды. Алдымен Қазақстанның Президентіне, Үкіметіне, барлық мемлекеттік органына алғысымызды білдіреміз. Тергеу жұмыстары жедел аяқталып, біз жапа шеккендер мен қаза болғандардың дер кезінде отанына жеткізілетініне сенімдіміз»,- деді Т.Рахимов.

Айта кетейік, кеше Ақтөбеге Өзбекстан Республикасының төтенше жағдайлар министрі Рустам Джураев бастаған арнайы топ келді. Олардың құрамында денсаулық сақтау, ішкі істер органдарының қызметкерлері мен дипломаттары бар. Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі уақытта оқиғаның неден болғаны анықталып жатыр. Өртті сөндіру, мүрделерді анықтау, тасымалдау жұмыстарына ішкі істер органдарының, төтенше жағдайлар қызметінің, прокуратура, облыс әкімдігі, жергілікті жол қызметінің 80-нен астам қызметкері мен 30 техникасы жұмылдырылды.