Фото: Темірболат ТОҚМӘМБЕТОВ
Неміс технологиясы бойынша ірі панелді қабырғалардан салынған 9 қабатты, 180 пәтерлік жаңа үйді «Болашақ-Т» компаниясы бар-жоғы 8 ай ішінде бітіріп үлгерген. Ал кірпіштен қаланған 96 пәтерлік екінші үйді «Домостроитель» өндірістік кооперативі салған. Мұның алғашқысына 1,3 млрд теңге қаражат кетсе, екінші құрылыс 830 млн теңгеден астам қаржыға бағаланған.
- Елбасы Н.Ә. Назарбаев жақында ғана Қазақстан халқына арналған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында тұрғын үй-коммуналдық кешенге, халықтың тұрғын үй құрылысына ерекше көңіл аударуды тағы да тапсырды. Міне, Елбасы қабылдаған «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бүгін біз 300-ге жуық пәтерді жаңа иелеріне табыстағалы тұрмыз. Бұл – үлкен қуаныш. Бұл – мемлекеттің қамқорлығы. Бұл мемлекеттік бағдарламалардың халық игілігіне жұмыс істеп жатқанының көрінісі, Көптен күткен қуаныштарыңыз құтты болсын! – деді пәтер кілтін табыстауға арналған салтанатты шарада Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов.
Оралда ауа температурасы минус 30 градусқа жуықтап тұр. Күннің аязына қарамастан жиналған халықтың қуанышында шек жоқ, шашу шашып, тойлап жатыр.
Өңір басшысы Алтай Көлгінов, Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы Мәлік Иманқұл, Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев жаңа пәтер иелеріне баспана кілттерін салтанатпен табыс етті. Су жаңа шаңырақ кілтін алдымен алған көп балалы отбасылар атынан Сәуле Рахметова, Александр Махорин, Қырмызы Меңдешева мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлық үшін Елбасына, өңір басшылығына және құрылысшыларға алғыс айтты.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»