Аймақтар • 20 Қаңтар, 2018

Өскеменде құқық қорғаушылар бір айда 200-ден астам тұрғынға қызмет көрсетті

180 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өскемен қаласында құқық қорғау қызметі орталығының ашылғанына бір ай да болған жоқ. Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасының баспасөз қызметінің таратқан мәліметтеріне сүйенсек, 21 желтоқсанда ашылған орталықтың мамандары осы уақытқа дейін облыстың 200-ден астам тұрғынын қабылдапты.

Өскеменде құқық қорғаушылар бір айда 200-ден астам тұрғынға қызмет көрсетті

Азаматтарға әр сала бойынша ақысыз негізде құқық қорғау қызметтері көрсетілді.     

«Бұл жерде арыздар мен өтініштер жедел және сапалы түрде шешіледі. Негізінде тұрғындар азаматтық-құқықтық мәселелер, сот шешімінің орындалмауы, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің  әрекеттері немесе әрекетсіздіктері жөнінде кеңес алу үшін жүгінеді», - дейді орталық қызметкерлері.  

Мәселен, абақтыдан рақымшылықпен босатылып, қаланың бір диспансерінде есепте тұрған немересінің жеке куәлігін бір жыл бойы ала алмай жүрген зейнеткер Лидия Пономареваға нақты көмек көрсетілді. Оның айтуынша, ол ХҚКО, полиция мне ТО жүгінген. Еш жерде оған нақты көмек көрсетілмеген соң, ол құқық қорғау қызметінің орталығына келген. Бұл жерде оның мәселесі бір күн ішінде шешілді. Зейнеткер орталық қызметкерлеріне алғыс айтты.      

Еске сала кету керек, орталықтың негізгі міндеті – арыздарды жедел шешу, азаматтардың құқық қорғау органдарына сенімін арттыру, әкімшілік кедергілер мен бюрократияны жою.

Құқық қорғау қызметінің орталығы Ворошилов көшесі, 58 мекенжайында орналасқан, азаматтарды жұмыс күндері 9.00-ден 18.30-ға дейін қабылдайды.

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»