Францияның Қазақстандағы Елшісінің айтуынша, 2006 жылдан бері Қазақстан Еуропаның жоғары білім беру жүйесіне қатысып келеді. Алайда бүгінде студенттердің тек 3 проценті ғана Еуропаға барып оқиды. Бұл - тым аз көрсеткіш. Мәселен, қазіргі кезде Франция университеттерінде 310 мың шетел студенттері оқиды. Соның ішінде 35 мың адам - Қытай азаматтары. Ал қазақстандық студенттердің саны 600-ге де жетпейді.
«Бүгін мен «Abai-Vern» бағдарламасының басталатынын ресми түрде жариялаймын. Аталған бағдарлама аясында Франция үкіметі Халықаралық бағдарламалар орталығымен («Болашақ» - авт.) бірлесіп, студенттердің оқуын қаржыландырады. 2018 жылдан бастап 100 стипендия қарастырылған. Соның ішінде 90 стипендия магистратураның 2-курсында оқитындар арасында таратылады. Қалған 10 стипендия докторанттарға беріледі», - деді Ф.Мартине бүгін «International Education Fair 2018» Халықаралық білім көрмесі аясында.
Осыдан кейін елші мырза Абай Құнанбаевтың мұрасы жайында қазақ тілінде айтып берді.
«Ұлы Абай - қазақ xалқының мақтанышы, Лермонтов, Гете мен Пушкинді қазақша сөйлеткен ағартушы, қазақ елінің данышпаны. Ол - Жюль Вернді қазақ оқырманына таныстырған жазушы, дүниежүзінде ең көп аударылған авторлардың бірі», - деп атап көрсетті Ф.Мартине.