Бұл дүбірлі додаға Қазақстаннан барлығы 62 үміткер, спорттың тоғыз түрінен, оның ішінде Шығыс Қазақстаннан 17 үміткер спорттың төрт түрінен қатысады деп жоспарланып отыр. Шығысқазақстандық саңлақтар негізінен фристайл (могул), шаңғы жарысы, биатлон және шаңғы тебу сияқты сайыстарда бақ сынайды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің таратқан мәліметтеріне сүйенсек, дүбірлі додада ұлттық құрама сапында шаңғы жарысынан ел құрамасының көшбасшысы Алексей Полторанин, биатлоншы Галина Вишневская, фристайлдан Юлия Галышева, Дмитрий Рейхерд сынды саңлақтар өнер көрсетеді. Сондай-ақ, ұлттық құраманың ең жас мүшелері Аяулым Әміренова мен Павел Калмаковтың Ақ Олимпиадада жүлде алуға мүмкіндіктері бар.
Қазір барлық спортшылар жарысқа жеке жоспар бойынша дайындалуда.
Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің тапсырмасына сәйкес облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы барлық спортшыларға айлық еңбекақы түрінде қолдау көрсетуде.
«Біздің спортшылар XXIII Олимпиада ойындарында жақсы нәтиже көрсетеді деп үміттенеміз. Әрине, халықаралық жарыстарда жүлде алған жақсы, бірақ елішілік жарыстарға да жете көңіл бөлу керек. Біздің облыста спортшыларға қаржылық жағынан да, клубтық даярлық жағынан да қолдау жақсы бола тұра қысқы спорт түрлерінен елімізде өткен жарыстарда екінші орынға түсіп қалдық. Неге? Осы мәселені жауапты басқарма бақылауына алып, тиісті қорытынды шығаруы керек», - деді Даниал Ахметов.
Айта кетейік, елімізде қысқы спорт түрлері бойынша спартакиада 2017 жылдың қаңтар-наурыз айларында өткен. Бұл жарыста шығысқазақстандық спортшылар жалпыкомандалық есепте алматылықтарды алға жіберіп, екінші орынды иеленген болатын.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»